Клуб - әр ауылдың мәдениет айнасы.

Ауылдың мәдениетіне тұрғындары назар салып, қолдап тұрса, мәдениет тізгінін ұстап тұратын қызметкерлерге содан басқа абырой жоқ. Осы ұстаныммен Жайылма ауылдық клубының ұжымы өз міндеттерін атқарып келеді.
Жайылма ауылының жаңа ғимараты 2023 жылы беріліп, клуб қызметкерлері ауыл тұрғындарына толық мәдени қызмет көрсетуде.
Клубтың жаңа директоры Галымжан Омаров қасына жастардан команда жинап алып, ауқымды, қызықты шаралар өткізуде.
Жайылма ауылдық клубында “Жайылма жауһарлары” әжелер, “Сырлы саз” домбырашылар, “Әсем әуен” әншілер, “Жас талант”көркемсөз оқу, “Ажар”қолөнер шеберлер үйірмелері жұмыс атқарады.
2025 жылы жайылмалық өнерпаздар түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғанын айтып өту керек. Жас өнерпаз Бауыржан Ыбырайханның өзі биыл 4 облыстық байқауға қатысып, барлығынан жүлдемен оралды.
Мәдениет саласы тек өнер көрсетумен шектелмей, бұл салада құжаттармен жұмыс жасау қатар жүреді. Жайылмалық жас мамандар құжат жағынан да мықты болу үшін М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің әдіскерлерінен ақыл сұрауды жөн көріп, келіп те, шақырыпта әдістемелік нұсқаулар алуда. Бүгін де, 2 желтоқсанда Балалармен жұмыс бөлімше меңгерушісі Нурганым Шаметова мен Мәдени шығармашылық бөлімше меңгерушісі, осы жазба авторы Т. Тотаев жайылмалық әріптестердің шақыруымен Жайылма ауылдық клубына іс-сапармен барып, ақыл-кеңестерін беріп қайтты.
Өз тарапымыздан Ғалымжан Омаров басқарған Наржан Бижан, Бауыржан Ыбырайхан, Қайнар Құлтас сияқты дарынды жастардан құралған шығармашылық топқа және жалпы ұжымға келешекте де Жайылма ауылының өнерін жоғары ұстап, қазақ мәдениетіне үлестерін қоса берсін дейміз.




