№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ақындар елдікті жырлады

Ақындар елдікті жырлады

«Айтыс – қазақтың төл өнері. Қиыннан қиыстырып, суырыла сөз саптау, қоғамның келбетіне үн қосу, ел мүддесін ескеру нағыз айтыс ақынының қасиеті. Қазақтың ұлттық сөз өнері қай заманда болмасын өз құндылығын жойған емес. Пандемия кезінде көрерменсіз, қазақтың киіз үйінде өткен облыстық оқушылар арасындағы айтыс талаптанған жастың талабын шыңдауға бағытталды.
Қожамберді ауылының клуб үйінің ауласында іргесін кеңге жайған қазақтың киіз үйі тігіліп, ұлттық киім киген жандарды көргенде еңсең көтеріліп, рухың асқақтап кетеді екен. Бұлар айтыс қашан басталады деп күтіп тұрған жастар. Домбыраның күйін келтіріп, шабытын шақырып тұрған өрендердің жүздерінде үрей мен үміт арпалысып жатты. Күйіз үйдің іші айтысқа лайықталып безендіріліп, екі айтыскер, үш әділ-қазы алқасына орын дайындалды.
Айтыстың алғашқы тартысын Манап ақынның ауылынан келген Нұрлан Төлеген мен қызылордалық Дидар Өмірзақ бастады. «Алғы топта сөз бастау қиын» дегендей топ арасынан суырылып алға шығып, сөз бастаған Нұрлан Төлеген «Армысың, ақын бауырым, құт болсын келген қадамың» деп жыр додасын бастады. Қос талаптың шабысы үдеген сәтте Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына, Әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Алтын Орданың 750 жылдығына орай ойысып, көңілде түйген өз ойларын ортаға салды. Дидар Өмірзақ арқалы ақындығын байқатып, қарсыласының жауаптарына ұтымды жауап қайырып, айтысқа дем берді.
Айтыстың екінші жұбы айтыскерлер арасындағы ең жас Мұхаммедәлі Абдул­лаев пен қызылордалық Бағдәулет Әбілдаевтың айтысы де­ле­бемізді қоздырып, қиқулатты. Амандасудан соң, Бақдәулет Әбілдаев «пошымыңа қарасам, сен әлі ақын дариясының шабағындайсың» деген уәжіне жаңа­қорғандық жас ақын Мұхамедәлі Абдулаев жасыма емес, ой-өрісіме мән бер дей келе «Жайылманың жайынымын» деп қойып қалды.
«Жас болсам да ақын ем,
Талайларды жеңіп ем,
Түйені жұтқандай түгімен,
Кәне айтшы ақыным,
Ақыннан ақынның несі кем?!
Ал сөйлеші ақыным,
Артық кетпей ақырын.
Айтыс жанашыры –
Мамыр ағаның алдында
Сенің маған тиісуге
Жете қоймас батырың.
Әуселеңді көрейін,
Қане, сайра ақыным, – деп төк­пелеткен еді. Талай жыр додасына түсіп ысылған ақын Бағдәулет жас баланың шабысына риза болып, әзілге-әзіл қайтара білді.
Сені көріп, інім-ау, қабағымнан нұр жауады,
«Түсірем деп орныңа» маған неге мұңданады?!
Ақын дәстүр сыйлаған текті жан емес пе ед?
«Депутат секілді жұта берсең нең қалады? – деп жырлады жас ақын Бағдәулет Әбілдаев.
Жазба ақынмен жұртшылыққа танылған Мейіржан Қартбай мен арқалы ақын Елдар Әмірхан үшінші айтыстың сәнін кіргізді. Мейіржан Қартбай тақырыпты аша түсіп, қоғамдық мәселелер жайында тілге тиек етті. Сөзінің жүйелі шығуы да сөз өнерін бойына сіңіріп, ақындық қасиетті бойына дарытып жүргенін меңзеді. Мейіржан сөз бастап, Жаңақорғанның киелі мекенін ашып айтып, Манап ақынның рухына тағзым етті. Айтысқа кештеу келген шиелілік Елдар досын «ханзадай күтіп мен тұрдым ғой» деп әзілге басты. Оның шымшыма әзілін ұққан ақын «қазақ деген кешігуді ұнататын халықпыз ғой» деп қайырды. Сөз арасында Мейірханның осыған дейінгі айтыста 2 рет жеңілгенін айтып, Мамыр ұстазың ұяттан үшінші рет жер болмасын деген
Қаратау сыр шерткенде қатпарынан,
Бісмілә кірді міне топқа құнан,
Әленің табылмайтын тәттілері
Даласынан табасың Жайылмадан,

Тұлғалы талай жанды тудырған жер,
Сескенер өзі түгіл аттарынан.
Дүниені дүр жырымен тербететін
Манаптай нар ақыннан ақтарып ән.
Топырағы киелі Жаңақорған
Сансыз жан дауа тапқан батпағынан, – деген ақынның жыры жүректе жатталып қалды.
Соңғы жұптық айтысты Сырдария ауданынан келген Қамбар Нұрланұлы мен Сандыбай Піржан өрбітті. Мерейтойлық тақырыптарды жырға қосып, қазақтың ұлттық болмысын насихаттап, тың тақырыптарды көтеруге тырысты. Жер тағдыры, ел тағдыры, індет, тастанды балалардың көбеюі, үлкенді құрметтемеу секілді ұлтта жоқ қылықты сынға ілді. Осы айтыста Сандыбай Піржанға қарсыласы Қамбар Нұрланұлы «түкті досым» деп еді, оған қарсы «сақал-мұрт ер жігіттің белгісі ғой» деген ұтымды әзіл қайтарды.

Осылайша әзілдері жарасқан жас ақындар «Тарихқа тағзым» атты облыстық оқушылар айтысының ақтық сайысына іріктелді. Сөзі ұтымды, ойы жүйелі шыққан ақындар «қайым айтыс» жасап, деңгейін көрсетті. Әділ-қазылар аяқ астынан бір тақырып ұсынып, оған орай сөз саптаған жүйріктер қарым-қабілетін байқатып, жүлдені бөлісті. «Онлайн сабақ», «Киіз үй», «Абай ілімі» деген тақырыпты тарқатқан жастар жүйріктей шабысын байқатты. Бабы мен бағы қатар жанған Піржан Сандыбай бас жүлде, Мухаммедәлі Абдулаев бірінші орын, Елдар Әмірхан екінші орын, Дидар Өмірзақ пен Қамбар Нұрланұлы үшінші орынға лайық деп танылды. Айтысқа қатысып, бағын сынаған жастар М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Бас жүлдеге ие болған Піржан Сандыбай: «Көрерменсіз айтыс қалай болар екен? Қиқулап қолдамаса шабытты қалай шақырамыз деп ойлап едім. Ұйымдастырушылар ақынның нәзік сезімталдығын ескеріп, рухты асқақтатуға барын салып, қазақтың қараша үйін тігіп, ұлттық нақышта безендіріп, ақындарға шабыт сыйлауы шеберлік дер едім. Осы сахнада бағым жанып, бас бәйгелі болуымның сыры осында ғой деп ойлаймын, – деп, айтыс ұйымдастырушыларға алғаусыз тілегін жолдады.
Айтыс соңында мәдениет майталмандары Кенжебай Жүсіпов Мәдениет Тотаев, Мамыр Байдәулетов, Сайлаухан Жоламанов, Зульфия Шалабаева, Талап Тотаев, Ержан Әміров, Ташманап Әбдурашидов, Нұрлан Жәпековтер жас дарындарға алғыс айтып, облыс көлемінде жас айтыскер ақындардың легі қалыптасып келе жатқанын айттып, ақ баталарын берді.

Мақпал ПАТЕНОВА
15 тамыз 2020 ж. 963 0