№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұрсынхан мектебінің түлектері

Тұрсынхан мектебінің түлектері


Ерболат Рүстемов, Жамалдин Абай, Нұрхан Байзақов және Батыржан Қыдырбаев. Аяқ допты шебер меңгерген талантты жастар. Олар Тұрсынхан ағайдың тәлімін алған соңғы шәкірттері. Төртеуі де әр облыстың намысын қорғап, қазақ футболына өзіндік үлес қосып жүр. Бүгінгі мақалада Батыс Қазақстан өңірінің футболында есімі ерекше атала бастаған қос ойыншы – Ерболат Рүстемов пен Нұрхан Байзақов туралы әңгіме өрбітпекпіз.


Анығында, Жаңақорған ауданында футбол мектебінің қалыптасуында Тұрсынхан Мұсаевтың өзіндік қолтаңбасы бар. ХХІ ғасырдың алғашқы жылдары ауданнан құралған «Сығанақ» командасы облыста жақсы нәтижеге қол жеткізді. Оразалы Тасболатов, Ерлан Әптаев, Ғалым Рүстемов сынды бүгінгі ардагер ойыншылардың есімі сол уақыттарда көпке танылды. Тіпті республика көлемінде бұл есімдер аталып жүрді. Міне, солардың жолын жалғап, ізінен ерген жастардың бүгінгі бет алысы жақсы. «Қайсардың» жастар құрамында доп теуіп, тәжірибе жинаған Ерболат Оралдың «Ақжайық» футбол командасында ойнаса, Нұрхан «Атыраудың» футзалдан негізгі құрамында доп тебеді.
Ерболаттың балалық арманы Тұрсынхан ағайдан тәлім алуға жетелейді. Футболдың әліппесін үйренеді, техникасын жетілдіреді. Қысқасы, мектеп көреді. Уақыты келгенде «Қайсардың» жастар академиясына ауысады. Есейе келе оның талантын таныған «Байқоңыр» командасының басшылығы өз сапына қосады. Жаңа команда Ерболаттың бағын аша қоймады. Клуб та бірінші лигадан әрі аса алған жоқ. 2018 жылы Ерболатты Оралдың клубы сатып алады.
– Менің арманым елдің премьер-лигасында ойнау болатын. Ол күнге де жақындай түстім. Бабым жақсы. Бапкерлер де, командаластарым да сенеді. Сол сенім үдесінен шығуға күш салудамын. Бір қызығы, клуб сапындағы дебюттік голымды өзімнің бұрынғы командама соқтым. Әрине оны тойламадым. Менің осындай биіктерден көрінуіме тірек болған ата-анама, жақындарыма және жаттықтырушым Тұрсынхан ағайға ерекше алғыс айтамын, – деді бірінші лиганың үздік ойыншыларының бірі.
2017 жылы Байқоңыр бірінші лигада 5-орынға тұрақтады. Клуб сапында Ерболат жақсы көзге түсті. Келер жылы Ақжайық басшылығы оны сатып алу бойынша келіссөздер жүргізе бастады. 2018-2019 жылғы Қазақстанның бірінші лигасында Ақжайық сапында өнер көрсеткен ол гол соғу және пас беру көрсеткіші бойыншы үздік ойыншы атанды. Қорғаушы қызметін атқара жүріп, көп голдың авторы атанған оның ойнына оралдықтар риза, былайша айтқанда, жанкүйерлер оны құрметтейді.
Бізбен әңгіме барысында жерлесіміз клуб сапынан кетуге ниетті екенін білдірді. Ерболат әлі жас, әрі талантты ойыншы. Бәрінен бұрын міңезді спортшы. Міне, әзірге Ерболат Рүстемовтің бағындырған биігі осындай.
– Мен ұлымды алғашында күреске берген едім, уақыт өте келе оның бойындағы таланты оны футболға жетеледі. 6 сыныптан бастап Тұрсынхан ағайдың мектебіне барды. Содан шыңдалды, футбол әліпбесін үйренді. Үйдің үлкені болған соң Нұрханның болашағын басқа саламен байланыстырғанын жөн көрдік. Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетіне түсті, оны бітіріп, магистратурасын оқыды. Бірақ, бала арманы шындыққа айналды, – деді Ерлан Байзақоов.
Расында Нұрханның басқа салада қызмет етуіне толық мүмкіндігі болды. Бірақ оны университеттегі бапкерлері спортты жалғастыруға кеңес береді. Содан алғашқы клубы Талдықорғандық «Жетісу» командасы болды. Бұл клуб сапында жас ойыншы көп жетістікке жетті.
– Әкемнің айтқаны жөн, үйде екі қарындасым және інім бар. Мен үлкенімін. Сондықтан менің ата-анам футболшы емес, қызметкер болуымды қалады. Университет Студентер лигасы өтетін. Соған қатысып, бір маусымды керемет өткіздім. «Үздік ойыншы» атандым. Осы нәтижені Испанияға барғанымда да қайталадым. Яғни әуесқойлар арасында өткен лигада «Үздік бомбардир» атандым. Осыдан кейін талдықорғандық «Жетісу» сапына ауыстым. Әкем де спортшы болған кісі, қазір №125 С.Сапарбеков атындағы білім ошағында денешынықтыру пәнінен дәріс береді, – деді ол.
Қазір футзалдан Қазақстан чемпионатында үздік сегіз команда бақ сынайды. Соның бірі – Атырау. Жетісудан Атырауға ауысқан Нұрхан мұнда бір жылға келісім-шартқа отырған. Оның бар арманы – ұлттық құрама сапында ойнау, әрі Чемпиондар Лигасында доп тебу. Бір қызығы, Нұрхан білім алған №125 мектептің оқушылары былтыр республикалық ұлттық мектеп лигасында айды аспаннан бір-ақ шығарып, алтыннан алқа тағынды. Ал Ерболат оқыған №169 Н.Илялетдинов атындағы білім ошағында да талантты жеткіншектер өсіп келеді.
Қорыта айтқанда, біз мақалаға арқау еткен қос футболшыдан үлкен үміт күтеміз. Екеуінде ұлттық құрама сапынан көретін болсақ осының өзі жаңақорғандық ағайын үшін үлкен жетістік болар еді. Сондықтан жастарға қолдау көрсетіп жүргеніміз абзал, ағайын!

Әли ТЕМІРБЕК

14 наурыз 2020 ж. 988 0