№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңақорғанда Тасканы танымайтын жан жоқ шығар

Жаңақорғанда Тасканы танымайтын жан жоқ шығар


Жаңақорған футболы дегенде Тұрсынхан Мұсаевтың есімі жаңғырып тұрады. Аудандағы футбол мектебін қалыптастырған бапкер талай жастың болашағына шырақ жақты, қанатын қатайтты. Олардың біразы қазір ұстаз жолын жалғап келеді. Солардың ішінде №163 мектепте денешынықтыру пәнінен ұстаздық ететін Оразалы Тасболатовты ерекше айтуға болады. Себебі, Оразылының шәкірттері облыс, республикалық турнирлерде үнемі жүлдемен оралады. 2003 жылдан бері аудан футболының өрлеуіне үлес қосып келе жатқан бапкерді әңгімеге тарттық.


1977 жылы Жаңақорған кентінде туылып, №163 мектеп табалдырығын аттаған болашақ ұстаз кішкентайынан допқа құмар болып өседі. Тұрсынхан ағайдан тәлім алған ол 1994 жылы мектепті бітіріп, арман қуалап Алматыға оқуға түседі.
– Алматы қаласында оқып жүргенде футбол лигаларында өнер көрсете бастадым. Бес жылға жуық тәжірибе жинақтап, туған өлкеге қайта оралдым. Жаңақорғанға келіп, әсіресе шағын футболдың дамуына көп еңбек сіңірдім, – деді Оразалы ағай.
Жаңақорғанға келгеннен кейін алдымен мектеп оқушыларынан команда жасақтап, жарыстарғы жиі апара бастайды. Есейе келе сол жастардың біразы ауданынан құралған «Сығанақ» командасының жастар құрамасында доп тебе бастайды. Солардың қатарында Нұрперзент Әкім, Ақылжан Жәнібеков, Дамир Тұзақбай, Ернұр Дүйсенов сынды таланттылар бар. Олар «Қайсар» футбол клубының жастар академиясында да өнер көрсетіп келеді.
«Сығанақ» демекші, жаңақорғандық футболшылардан құралған команда облыс біріншілігінде қаншама рет чемпион атанды. Тіпті алғашқы жыл­дары қатарынан екі жыл үздік атанған сығанақтық жас таланттар қазір елдің белді командаларында доп теуіп жүр. Міне, осы биікті бағындыруда Оразалының еңбегі ерекше. Осындай еселі еңбектерінің арқасында аудан, облыс әкімінен бірнеше «Алғыс хатымен» марапатталды.
– Менің отбасымда спортқа жақын жандар жоқ. Өзім болашақта ұлдарымды қалаған спортқа беруге ниеттімін. Қазір үш ұл, бір қызым бар. Әрине, әке жолын жалғағанын қалаймын. Яғни, футбол спортын таңдағанын құп көремін, – деді ұстаз.
Оқушылар да мектептер арасында өтетін республикалық додаларда аудан атын төрге оздырып жүр. Мәселен, былтыр Щучинск қаласында өткен шағын футболдан «Sport FEST Kazakhstan» республикалық оқу­шылар спартакиадасында біздің жігіттер күміспен қуантты. 14 облыс, Астана және Алматыдан барған жас футболшылар қатысқан ала доп бәсекесінде жаңақорғандық «Сығанақ» аяқ допшылары Сыр елінің футбол болашағын көрсетті. Ал, биыл Петропавл қаласында Ұлттық мектеп лигасы аясында өткен «Теңбіл доп» додасында алтын тұғырдан көрінді. Осы жеңісті жолдарда Оразалының еңбегі зор.
– Оразалының аудан футболына қос­қан үлесі зор. Әсіресе, бүгінгі жастардың биік деңгейге көтерілуінде оның еңбегі еселі. Тактика мен техниканы ұштастыра білетін білікті маман. Тек қана футбол ғана емес, оның волейбол спортына да қосқан үлесін айта кеткен жөн. Сондықтан, осындай білікті бапкерден тәлім алған жастардың алар асуы әлі алда деуге болады, – деді аудандық білім бөлімінің АӘД және денешынықтыру пәнінің әдіскері Қайрат Оралбеков.
Қорыта айтқанда, Жаңақорғанда доп ойнай алатын талантты оқушылар аз емес. Солардың спорттық мансабына демеу беріп, бапкерлік, әрі ұстаздық ақылын айтып жүрген Оразалы Тасболатовтың бүгінгі биігі осындай. Біз Орекеңнің шәкірттерін бұдан да биік тұғырдан көретінімізге сенімдіміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
24 желтоқсан 2019 ж. 1 215 0