№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЕТКЕН ЕҢБЕК ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

ЕТКЕН ЕҢБЕК ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

ЕТКЕН
ЕҢБЕК
ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Алыстан келе жатқанынан-ақ Жолдықұл атаны жазбай таныдым. Жүрісі ширақ, асыға алдындағы малын өріске айдап барады. Онысы күннің ыстығында көлеңкелеп жатып алатын малды салқынмен жайылсын дегені болар...
Амандық сұрасқаннан кейін-ақ зейнетке шығып, құр қарап жатпағанын аңғардық. Бұрыннан егін егіп, малын байлап, бала-шағаны еңбекке баулудан жалықпаған ол сол дағдысынан жаңылмаған.
Біз бүгін әңгімеге арқау еткелі отырған Жолдыбай Сәрсенбаев Қосүйеңкідегі № 161 мектепте қырық жылдай қызмет етіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. Өзгеден бұрын өзіне талап қоя білетін ағамызды әңгімеге тарттық.
– Еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Әдепкіде 1978 жылы денешынықтыру пәнінен сабақ бердім. Кейін ҚАЗГУ-ді география пәні бойынша бітіріп, 20 жыл оқушыларға осы пән бойынша білім бердім. Кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым, – деді ол.
Ағамен тілдесе отырып, өзгеше кішіпейілдігін аңғармау мүмкін емес. Жасы кішіге ізеттілік көрсетіп, білгенін айтудан, сұрағанын үйретуден бір пәсте жалықпайды екен. Әсіресе шаңырақтағы немерелеріне қаладағы балалар қосылып ала жаздай үйде жүргенде біраз есейіп оны-мұны біліп, ес жиып
қалатындары да жасырын емес. Бірсыпыра тірлікке төселіп, еңбек етуге еттері де үйреніп қалады.
Ал отанасы Ибрагимова Нәзипа ана болса мектеп кітапханасында ширек ғасырдан астам еңбек етті. Қашан да ерінен бір саты төмен жүріп ұл-қыздарына тағылымды тәрбие бере білді. Бүгінде олардан өрген бес ұл-қыз да бір-бір шаңырақтың қазығына айналған. Үлкені Гүлдана облыс орталығында «ЖУАС» жеке клиникасында дәрігер болса, жолдасы Мұрат қаржылық бақылау комитетінде тексеруші қызметінде табысты еңбек етіп жүр. Ақбөпе болса мейірбике, жолдасы Болат облыстық емхананың жедел-жәрдем бөлімінде жұмыс жасайды. Ал Гүлмирасы әке жолын қуып мұғалім мамандығын игерген, оның жолдасы Дастан мұнай компаниясында оператор қызметінде. Ұлы Бибатыр да мұғалім болып ауылдағы мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ берсе, келіні Гүлсім ауылдағы ФАП-тың меңгерушісі, кіші ұлы Серік жұмыс бабымен Қызылорда қаласында, келіні Гүлбану болса клиникада мейірбике болып жұмыс істейді. Бүгінде бәрі де отбасылы, балалы-шағалы.
Жолдықұл аға ертеңгі ел болашағы жастарға алаңдаушылық танытып: – Болашақ білімді, еңбекқор жастардың қолында. Замана көшінен қалмай, жаңа технологияларды меңгере отырып, жалықпай іздену керек. Мұғалім мамандығы өмір бойы үйренуге негізделген мамандық. Үйрене жүріп үйретесің, білімді білген сайын тереңге бойлағың келеді. Үйренуден, үйретуден жалықпаған жан ғана мұғалім бола алады, – деді бізбен әңгімесінде. Өзі қолы қалт етсе немерелеріне сабақ оқытып, білім үйретуден бір жалыққан емес. Жастарға баталы, ізгі тілекті, кең жүректі Жолдықұл ата тірліктен тыным таппай ертелі кеш қол еңбегімен айналысады. Сол еңбектен рахат табады. Түсіне білген адамға уақыт таразысы әр адамның тағдыр талайына белгілі бір өлшеммен берілген баға жетпес байлығы. Сол уақытты мәнді, мағыналы өткізу кез-келгеннің маңдайына бітпес бақ.
Қосүйеңкі топырағынан Тынымбай Нұрмағанбетов, Дүкенбай Досжан, Әбжан Құрысжанов, Бексұлтан Байкенжеев сынды түлғалар қанат қағып, аядай ғана ауылдың аясын асқақтатып, мерейін өсіріп, талайды осы туған өлкенің тау-тасына шығармалары арқылы қанықтырып жүр. Содан да болса керек, ауылды аңсап, топырақты кие тұтып келетіндер де көп. Жөн сілтеп, аласармас ауылыңды мақтан етесің. Үлкені де, кішісі де бір-бірінің алдынан кесе көлденең өтпеген ауылға сүйсінесің.
Біз білетін Жолдықұл Сәрсенбаев ұзақ жылдар ұстаздықтың ұлы жолында айшықты еңбегімен шәкірт жүрегіне жол таба білген жан. Ғұмырының жартысын болашақ буынды оқыту мен тәрбиелеуге арнаған бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы кім-кімге де үлгі. Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, еңбек етудің үлгісіндей болған ардагер ұстаздың әлі де болса кейінгі ұрпаққа үйретері көп. Біз де үйретуден жалықпайтын мамандық иесінің берекелі ғұмырына амандық тіледік.
Әйгерім МҰХАММӘДИҚЫЗЫ
01 шілде 2020 ж. 518 0