№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Домбыраның киесі

Домбыраның кең шанағынан күй төгілгенде іштегі риасыз толғанысты ұстап қалу мүмкін емес. Оның сыры – қазақ пен домбыраның арасындағы рухани жақындығы. Алғашқы ноталарынан-ақ, сайын даланы көз алдымызға елестетіп, тұлпар тұяғының дүбіріне елітіп, әуенге ырғатыла тербеліп кететініміз де содан. Ежелден-ақ қазақ ұлты домбыраны кие тұтып, «нағыз қазақ – домбыра» деп әспеттеп, төрге іліп, қарашығындай қадірледі. Шерменде көңілдің шерін тарқатып, қаяу көңілге күй сыйлаған құдіретті құралдың көне заманнан сыр шертер тарихын ақтарып, өскелең ұрпақтың санасына рухани азық ету біздің басты парызымыз.

Азаттық таңы атып, салт-дәстүріміз жаңарған сәтте Ұлттық домбыра күнін атап өтудің өзіндік мән-мағынасы бар. Оның астарында жаһандану дәуірінде жас ұрпаққа ұлттың өткенінен сыр шертіп, рухын асқақтатын құрал – домбыраны дәріптеу, үйрету жатыр.
Осы орайда республика көлемінде түрлі мәдени шаралар өтіп, халықтың домбыраға деген ерекше құрметі бөлене бастады. «Домбыра party» бүкіл халықтық шараның белең алунан халықтың ыстық ықыласын аңғару қиын емес. Осы іспетті мерекелерде, күнделікті мәдени шараларда өзге ұлттар да домбырада шебер ойнайтынын көрсетіп келеді. Тіпті шет елдерде домбыраның танымалдылығын арттуда. Оған Димаш сынды дара өнерпаздың әлем сахналарында домбырамен күй төгуі де себеп болуда.
Хош. Айта берсең домбыраға арналған шаралар шаш етектен. Дегенмен әлі де домбыраны дәріптей түсу маңызды. Шетелдің музыка әлеміне мән берсек, дәстүрлі өнерін өрге сүйреп, ұлттық болмысын киноға айналдыруда. Үнділер, кәрістер, қытайлар, шотландықтардың ұлттық үрдісімен кинолары арқылы таныспыз. Осы леппен Түркияда өз танымын теледидар арқылы танытуды мақсат етуде. Ал, біз ше? Бір рет болса да, салтымызды, дәстүрімізді насихаттайтын туынды түсірдік пе? Әрине, жауап табу қиын...
Өткен аптада ғана примерасы өткен «Османның құрылуы» атты Түркия елінің тарихын бейнелеген сериалда қазақтың қос бірдей дәстүрлі музыкалық аспабының үні естілген еді. Қобызда ойнаған Ержан Арқабай жерлесіміз екенін айттық. Оның қасындағы ноғайлық өнерпаз Арсланбек Сұлтанбеков: «Домбыра ноғай мен қазаққа ортақ. Екі елдің әуені, тілі, салты ұқсас болуы кезінде бір тудың астында өмір сүрген бауырлас халықпыз» деген еді.
Ноғай азаматы тағы бір сөзінде: «Домбыра – қазақ пен ноғайдың тарихын жазып шыққан аспап» деп санаймын. Домбыра күйінде, жыр-термелерде қос халықтың тарихы бар. Мен үшін домбырадай аспап жоқ! Домбыраны қалай насихаттасақ та артық болмайды. Қазақстан домбыраға арналған бір күн бар. Әрине бұған қуаныштымын. Бірақ әлі де домбыраны әлемдік деңгейде насихаттап, ұлттық брендімізге айналдыру керек, – деді.
«Музыкада ұлт болмайды» десекте, қос бірдей қасиетті музыкалық аспапты жат елдің өнерінің өрлеуіне қимайсың. Танымал прадакшнның біздің дәстүрлі музыкамызды мойындап, оны өзінің шығармашылығына қосуы қуаныш сезімін сыйлайды.
Оны өзіміз домбыраны қаншалықты дәріптеп жүрміз? Дәстүрлі әнші Мұхтар Дәрібаев домбыраға ерекше күтім, бап керегін айтады.
– Домбыра бала күнімнен серік болса да мен түсінбейтін жұмбақ сыры көп. Өз басым оны жаны бар, құпия сырлы серігім деп санаймын. Кейде көңіл күйім болмай, 2-3 күн ұстамай қалсам, үйдегі домбырам кәдімгідей «өкпелеп» қалады. Дауысы шықпай, күйі келмей әуре етеді. Ақырын сипап, мәпелеп отырып тілін табамын, – дейді дәстүрлі орындаушы.
Біздің дәстүрлі домбыраның өрлі өнеріне бас иіп, ғажабын мойындағандар аз емес. Соның бірі саяхаттанушы А.Берг «Қазақ елі қонақжай халық. Мұнда келген мейман ән қанатында қалқып, сиқырлы музыкалық аспап үнімен ғажап күй кешеді», – депті қазақ домбырасын көріп...
Бүгінде ұлттық музыкалық аспаптың құндылығын ұлықтап, босағаға биік ілетін отау сирек шығар. Ұлттық үрдістің ізін жоғалтпай көне домбыраны теберік етіп, төріне ілген Әбдіхалық Амановтың өз айтары бар. Оның ойынша, домбыра ілулі тұрған үйде береке мол, пәле-жала жоламайды деген сенім бар.
– Менің әкем қолынан қара домбырасы түспейтін, ұлттық өнерді дәріптеген жан еді. Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін әуелеткенде ел іштен тынатын, – дейді ағамыз.
Домбыраны әкесі ұлына арнайы жасатып, ұлды болғанына ерекше қуаныпты. Ауданда мықты механизатор ретінде танылған жан, үш ұл мен бір қызының тірегі болған жан өмірден озар шағында қолындағы домбырасын кенже ұлы Әбдіхалыққа аманаттаған.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар жәдігер әлі де күмбірлеп, шанағынан әуен төгілтуде. Қос ғасырды көрген дүние ерекше талғаммен жасалғаны көрініп тұр. Сүйінбайдың домбырасы секілді сүйірлеу, мойны ұзын, бет қақпағы қазақы ою-өрнекпен нақышталып ерекше сән берген. Үн шығаратын ойығы өте кішкентай болғанымен, үні қатқыл. Сүйегі ауыр, пернелері айнамен әрленіп, салмақты екені қолға сезілді. Жезбен жылтыраған алқымы бар. «1964 жыл. СССР. Нұрлыбек» деген жазу құрылғының артқы жақтауында жазылған. Оған қоса, бес жұлдыз, ромбик, және қашап салған арқар мүйізді ою-өрнек көзге ілінді.
Әкесінің көзіндей қадірлі жәдігердің орнын ештеңе толтыра алмайтынын түсіндірген Әбдіхалық аға 60 жылдан атам өзімен бірге жасаған домбыраны көзден тасада ұстайтынын айтты. Себебі, домбыра әкесінен қалған жалғыз жәдігер, ұрпағына артқан аманаты, шаңырағының шаттығы.

ТҮЙІН. Домбыра – халық қазынасы. Жанынан бір елі тастамай, киесі мен қасиетін ұққан ұлттың ұрпағы екенімізді ұмытпай, келешекке мол мұраны мирас ете алсақ, жоғалтқанымызды жаңғыртып, руханиятқа рух бере алсақ көшіміздің ілгері болғаны.

Мақпал МАРҚАБАЙ
30 маусым 2020 ж. 995 0