№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жақсылардың кеудесі – алтын сандық

Жақсылардың кеудесі – алтын сандық

Өмірде өзінің ел-халыққа жасаған еңбегімен, өмір жолымен, адами қасиетімен дүниеден өтсе де ұмытылмай жүретін, «көзден кетсе де, көңілден кетпейтін» ерекше жандар болады. Міне, сондай бір, өзіндік орны бар, ортамызда жүргенде тек қана жақсы ісімен, сөзімен, биязы мінезімен, азаматтығымен, тазалығымен (заттығымен) елге үлгі болған кешегі өткен Ерекең-Егемберді Әмитов ағамыз еді ғой. Қандай қызмет атқарса да, қандай биік лауазымды кісінің туысы болса да, ол ешқашан көкірек көтеруді білмей, асып-тасып сөйлемей «бетегеден биік, жусаннан аласа» бола жүріп ғұмыр кешті, еліне қызмет жасады. Ол кісі жайлы бір адамның бөтен әңгіме айтқанын, өзінің бір пендешілік жасағанын естіген де, көрген де емеспіз. Өмірге «адам боп келіп, адам боп өткен» атпал азаматтың бірі де бірегейі болды-ау жарықтық Ерекең.

Біз бүгін осылай еске алып отырған Ерекең ҰОС-ы қарсаңында (1940ж) дүниеге келген жігіттердің қатарынан болатын. Бізден бір-екі жас үлкендігі бар еді, кейде қатар есебінде болып кететінбіз. Ерекеңмен әркім-ақ жолдас, дос болғысы кеп тұратын, жаны жайсаң, елдің мықты азаматы ретінде көптің есінде қайталанбайтын тұлға болып қалды.
Біздің Жаңақорған ауданының дәрі­герлерінің көпшілігі мединститутты Ақтө­беде бітірген. Олардың барлығы дерлік білікті дәрігерлер болды десек, артық айтқандыққа жатпайды. Біразы облыс, аудан көлемінде басшылық қызметтерде істеді. Әсіресе Ақтөбе мединститутының алғашқы жылдарының (1963-1964жж) бітірушілері болған Т.Маханов, Ә.Жаппасбаев, Е.Әмитов, Ә.Әбдуаитовтар облыстық, қалалық, аудандық денсаулық сақтау саласында әртүрлі басшылық қызметтер атқарса, Ә.Акимов, Ә.Бакиров, Б.Нысанбаев, М.Жұмағалиева, Ә.Шалабаев, т.б аға буын дәрігерлер аудан көлемінде ел құрметтеген танымал, білікті дәрі­герлердің алдыңғы сапында қызмет етіп, зейнетке шықты. Ал сол жылдары Ерекеңнің досы – Тұрекең Маханов ағамыз «ҚР Еңбек сіңірген дәрігері» атағына ие болып, сондай-ақ КСРО халық депутаты болып сайланып, Қызылордадан теңдесі жоқ ОМЦ-Облыстық медицина орталығының салы­нуына себепші болғанын ел-халық әр­дайым ризалықпен айтып жүреді.
Осы кісілердің ішінде Әмитов Еген- Егемберді ағамыздың еңбек жолы (1963ж) бірден өз ауданындағы өкпе аурулары ауруханасында (бас дәрігері- С.Әлқожаев) дәрігер-ординатор болып басталып, 1965 жылы сол аурухананың бас дәрігерлігіне тағайындалып, жеті жылдай жемісті қызмет істеді. Ал 1972 жылдан бастап Ерекеңнің қызметі аудандық аурухананың бас дәрігері лауазымына ұласып, оны он үш жылдай абыроймен атқарған еді. Сол жылдарда аурухана төсегі 150-ден 200-ге, дәрігерлер саны 17-ден 50-ге дейін артып, ауылдық жерлерде ауруханалар салынып, медпунктердің саны 40-қа дейін жетті. Нәтижесінде ауданның бас дәрігері Ерекең «Құрмет белгісі» орденімен (1976ж) марапатталып, «Денсаулық сақтау ісінің үздік қызметкері» атағына ие болды. Әрине, халыққа күндіз-түні қызмет ету, көптің көңілінен шығу (әсіресе адамның ең қымбат байлығы-оның денсаулығын қорғау қызметі)жеңіл де оңай емес қой...
Ол жылдарда аудан халқының күріш өсіруге енді-енді үйреніп, машықтанып келе жатқан кезі. Аудан басшылары (Ахаң Жанпейісовтің кезінде) кеңшар, мекеме басшыларына (әсіресе күріш бастыру, оны мемлекетке тапсыру науқанында) тыныштық жоқ, күнара семинар, күнде (кейде түнде де) – бюро, астық тапсыру жоспарын, графигін орындау керек.
Сондай кездерде 1-хатшы Ахаң Жанпейісов көбінесе күріш, кеңшар аралауға Ерекеңнің машинасымен жүретін, Ерекеңнің өзінің де (аурухананың) жұмысы бар, бірақ хатшы оған қарамайды, күріш тапсыру науқаны еңбек майданы сияқты. Ерекең осының бәрінің де есебін табатын. Ахаңның өзі де шаршамайды, жігіттерді де (мекеме, кеңшар басшыларын, өкілдерді де) тындырмайды. (Дегенде оларды есебін, уақытын тауып «демалдыратын» да еді). Мұның бәрін айтып отырғаным, Ерекең қай уақытта да аудан басшыларының бәрімен де (А.Жанпейісов, С.Далдабаев, Ж.Сарыбаев, Қ.Қалмырзаев т.б басшылармен де) жақсы сыйластықта болды. Ал сол жылдардағы облыстық денсаулық сақтау саласында басшы қызметтер атқарған «Қазақ ССР-ы еңбек сіңірген дәрігерлері» С.Мақашеваның, Ш.Абдуллаевтың, Е.Омаров пен Т.Махановтардың Ерекең үшін ұстаздық жолдары бір төбе еді.
Осы жылдардың бірінде (1985ж) «Жаңақорған» санаториясының бас дәрігері, Ерекеңнің досы – Құлтас Әшірбеков Алматыға «Түрксиб» санаториясына бас дәрігер болып ауысты да, орнына тиісті орындардың келісімімен Ерекең-Еген аға бас дәрігер болып тағайындалды. Менің ауылда мектеп директоры, одан аудан әкімінің орынбасары қызметіне келген кезім. Бұрынғы таныс- сыйластығымыз бар, Ерекеңмен бұрынғыдан да жақын араласа бастадық. Бұрындары әр салада қызмет істесек те (Мен көп жыл білім саласында, ал Ерекең денсаулық саласында істеді), мен ол кісіні жалпы Жаңақорғандықтар секілді сырттай да құрмет тұтып, ілтипат білдіріп жүретінмін, келе-келе сыйлас болдық, араластық. Бір жағы жас шамамыз өте алшақ та емес, қатарға жақынбыз, мінез, талғам ұқсастығымыз, тіпті ойлау, жөн білу, асып-тасып артық сөйлемеу сияқты да үндестігіміз бар секілді еді (көкірек көтермеу, қарапайымдылық, сондай-ақ кішіпейімділік деген де Ерекеңе тән қасиеттер болатын). Мен Ерекеңнің осындай керемет адами қасиеттерін өзімнің 2013 жылы жазылған «Өткенім өлшем болар өміріме» атты кітабымда да жазғанмын. Сондай-ақ ауданда жыл сайын әркім таласып жататын ауданның «Құрметті азаматы» атағын Ерекең сұрағанда жоқ, «Сол атақтың ана жаққа барғанда пайдасы бар ма екен?» -деп күлдіретін жарықтық.
Ерекең өзі сыйласатын және кейбір қатар азаматтармен керемет, әдемі әзілдесетін. Мысалы, әріптесі Құлекең – Құлтас Әшірбековпен, ағайын-досы Насыр Усмановпен, шипажайда қатар жұмыс істеген Бекайдар Әлиакбаровтармен әзілдері жарасып тұратын.
Ерекеңнің кезінде де «Шипажай» жақсы жұмыс жасады. Демалушылар Қазақстанның барлық аймағынан келетін.  (Тіпті Одақ көлемінен де келіп демалатын). Арасында біз де демалып тұратынбыз. Әйтеуір Ерекеңнің қамқорлығын, азаматтығын көрген, көңілі жақын інілерінің бірі болдық. 
Одақтас Республикалардың бірі болып өзінің егемендігін алған Қазақстан Республикасының елді басқару, оның экономикасын жүргізу саясаты өзгеріп, жаппай жекешелендіру науқаны келген жылдары кәсіподақтардың қамқорлығындағы акционерлік қоғам- «Жаңақорған» шипажайына да ауыр тиіп, мекеме тарау алдында тұрды. Ерекең шипажайды бұл қиындықтан шығару жолдарын қанша қарастырғанмен, басшы орындардан қолдау аз болып, өзі сұранып жұмысты қойған болатын. Арасында тәуекел жасаған жігіттер болғанымен, олар да проблемаларды шеше алмады.
Ақырында шипажайды өзінің бар қаржысын салып жеке басқаруға алған елдің абыройлы азаматы Аманкелді Абдуллаев жоғарыдағы проблемаларды тез арада шешіп, Шипажайды сатып, таратып жіберуден сақтап қалды. Әбекең бас директор болып жұмысқа кіріскен бойда үйінде жатқан Ерекеңді – Еген ағасын бірден қызметке шақырып, бұл салада тәжірибесі мол Ерекең біраз жыл Әбекеңмен бірге жемісті қызмет жасады. Айтуымыз керек, 70 жасқа келгенде, Ерекеңді мекеме басшысы А.Абдуллаев бүкіл ұжым алдында құрмет көрсетіп (шапанын кигізіп, жеңіл машина мінгізіп) ағасының мерейін асырған еді. Бұл салтанатты шараға бәріміз де қатысып, Ерекеңе денсаулық, жақсы күндер тілеп, Әбекеңе (Аманкелді інімізге) азаматтық ісі үшін үлкен ризашылығымызды білдіріп тараған болатынбыз. Ерекең содан кейін де біраз жыл шипажайда Әбекеңмен бірге абыроймен қызмет жасады.
Қазақта «Ауру айтып келмейді» деген де сөз бар ғой. Сол айтқандай, Ерекең ойда-жоқта бір ауруға шалдығып, Қызылордада, ОМЦ-да жатып емделді, одан соң Нуридиннің үйінде жатып емін жалғастырды. Бірақ кейін білдік, айта беретін ауру болып шықты ғой. Біздер, Аманкелді, Өмірсерік, Сәулебектер бар, елдің т.б азаматтары азаматтары бар, бір-екі рет арнайы барып Ерекеңнің көңілін сұрап қайтып жүрдік. Тағы да бір жолы ауылдан біраз аға-інілерімізбен бірге кезекті көңіл сұрауға барғанымызда, бәрімізді жібермей, Тұрекең (Маханов), Сәкең (Далдабаев) дос ағалары бар үлкен отырыс жасап, Ерекеңнің көңілін көтерген болдық. Өмір-ай десеңізші, сол жолы Ерекең бізді, біз Ерекеңді қимаған күйде болған екенбіз ғой.
«Айналдырған ауру алмай қоймайды» демекші, қайран Ерекең ұзамай қайтыс болып, ауылда, үйінің алдында қаралы жиын өткізіп, ел ағасы С.Шаухаманов, әріптес досы- Тұрекең (Маханов), ұжым атынан, дос інісі – Аманкелді (Абдуллаев) қоштасу сөздерін сөйлеп, Ерекеңнің асыл да адами қасиеттерін айтып, елдің сай-сүйегін сырқыратты. Ел-жұртқа, ағайында, өмір қосағы- Дарихаға, інісі Тәңірбергенге, перзенттеріне (Нуридин, Шамшидинге, қыздарға) басу, тоқтау сөздерін айтып аяулы әке, асыл азамат, өлімге қимайтын абзал жан, текті атаның тұяғы болған  Ерекеңмен ел болып қимай қоштасқан едік. Сөйтіп дос ағамызды өзінің ата-бабалары жатқан, сондай-ақ заманымыздың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері, кезінде облысымызды әрі республиканы басқарып «Аңыз адам» атанған Исатай Әбдікәрімов ағасы жатқан «Сәдір ата» бейітіне- мәңгі жайына жайғастырып қайтқанбыз.
Ерекеңнің ауданымыздың денсаулық саласында атқарған қызметі (еңбегі) қаншалықты салмақты болса, «Жаңақорған» шипажайында сіңірген еңбегі де бір төбе еді. Яғни, қай салада істесе де Гипакрат антына адал болды. Ол кісінің осы екі салада да қалдырған ізі өшпейді, атқарған ісі ұмытылмайды деуімізге толық негіз бар. Аудандық аурухана мұражайында бас дәрігер болған кісілердің (ішінде Ерекең де бар) еңбек жолынан сурет-стенділер ілінсе, түрлі экспонаттар қойылған. Ал «Жаңақорған» шипажайының 2- қабатының қабырғасына (көрнекті жеріне) Ерекеңнің бейнесі салынған, бас дәрігер болып қызмет істеген жылдары жазылған арнайы мрамор тақта орнатылған. (Алдағы уақытта Ерекеңнің есімі кенттегі бір көшеге де берілер деп үміттенеміз).
Ерекеңнің жарты ғасыр бірге отасқан өмір қосағы Дәкең- Дариха бибісі бүгінде шаңырақты биік ұстап, Ерекеңнің ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп отыр. Дәкең бүгінде тек бибіапа ғана емес, имандылық жолмен өткен жылы ғана қасиетті Меккеге сапар шегіп, қажылық парызын өтеп келіп, елдің қажы апаларының бірі атанды.
Ал Ерекеңнің Шамшидині ішкі істер саласының полковнигі болып лауазымды қызмет атқарып жүрсе, Нуридині әке жолымен Облыстық медициналық орталықта дәрігер-хирург, әрі осы орталықтың бас дәрігері-бірінші басшысы болып қызмет істеп келеді. Сондай-ақ ол -халық қалаулысы, туған жері- Жаңақорған ауданының атынан облыстық мәслихат депутаты.
Еске түсетіні, Нуридин депутат болып сайланарда (Дарияның арғы бетіндегі оншақты ауыл атынан) оның қасында Ерекеңнің дос ағалары Сәкең- Далдабаев, Тұрекең Маханов және ауылдан біздер (Мен, Амаекелді т.б ағалары) бірге жүріп жанкүйер-тілекші болғанымыз бар.
Достық, сыйластық дегендер адам бойында ұзақ уақыт сақталатын аса құнды адами қасиеттердің бірі  ғой. Сол жолды адамдардың қандай жағдайда да сызат түсірмей ұстап жүргеніне не жетсін! Жақында ғана біздер сондай бір аса адам толқитын, риза болатын, адамгершілік дейміз бе, достық-жолдастыққа адалдық дейміз бе, адал жүректі бекзаттық дейміз бе, әйтеуір кімге де болса үлгі боларлық шараның- бас қосудың куәсі болдық. Бүгінде ел ағасы атанған, жоғарыда айтылғандай, Ерекеңмен- Еген ағамызбен дос інісі болып бірге қызмет істеген Аманкелді Абдуллаев ініміз сол Ерекеңнің өмірқосағы- Дариха қажы жеңгесін, ұлдары ОМО-ның бас директоры- Нуридин інісін келіншегімен бірге және Ерекеңнің дос ағалары, елдің абыз ақсақалдары Сәмит Далдабаев, Тұрғанбай Маханов көкелерін қосып арнайы қонаққа шақырып, үлкен құрмет көрсетті. Оның ішінде Ерекеңнің ауылдағы Әсетқожа, Молдахмет сияқты інілері және біздер де болдық. Әрине, негізгі әңгіме өмірден өтсе де, елдің, дос-жаранның көңілінде ұмытылмай жүретін Ерекең секілді бір туар, асыл азаматтың тіршіліктегі орны, ешкімге ұқсамайтын керемет мінез-қасиеттері жайлы болды. Сол секілді Құдай қосып  қанша жыл Ерекеңмен бірге ғұмыр кешкен ардақты ана, бүгінде қажы апа болып елге сыйлы, үлгі болып отырған Дариха Дәкең жайлы және де «өзің жақсы болсаң бір бақыт, ал балаларың жақсы болса, мың бақыт» демекші, Ерекең мен Дәкеңнің перзенттері атынан қатысқан ұлы Нуридин  (оның елге жасап жатқан еңбегі) жайлы қаншама игі тілектер айтылып, Аманкелді ініміз бен Патима қарындасымыздың досқа, оның отбасы мен ұрпақтарына деген адами ықыласына, көрсеткен құрметіне риза болып тарастық.
Өмір болған соң қуаныш- өкініш қатар жүретіні де бар ғой. Биыл Ерекең 80 жасқа толатын еді. Егер тірі болғанда ел- жұрт, ағайын-туыс бар, ардагерлер мен дос-жаран болса да, қаншама жылдар қызмет істеген бір емес, екі бірдей үлкен ұжымы бар, өмірқосағы Дәкең бастаған ұл-қыздары, бауырлары болып Ерекеңді ортаға алып, тойлаған болар едік-ау деп те ойлап қоясың. «Бірі кем дүние-ай» деген осы да. «Жазмыштан озмыш жоқ» депті ғой бұрынғылар.
Тірлігінде елдің денсаулығын сақтау ісінде ерен еңбегімен, адами қасиеттерімен көптің есінде жүретін. «көзден кетсе де, көңілден кетпейтін» елдің атпал азаматы болған Ерекең Жаңақорғандықтардың есінде ерекше тұлға болып қала бермек!

Зинабдин Шермұхаммедұлы
Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», облыстың, ауданның «Құрметті ардагері»
16 маусым 2020 ж. 814 0