№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БОЛМЫСЫ БӨЛЕК АБЫЗ АҚСАҚАЛ ЕДІ

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК АБЫЗ АҚСАҚАЛ ЕДІ

Біз, Жаңақорғандықтар, Мақаңа үйреніп кеткен екенбіз, ортамызда осылай жүре беретіндей көріппіз ғой. «Дүние, шіркін» демекші, «Мақаң дүние салыпты» деген хабарды естігенде, осыдан 3-4 күн бұрынғы көңілін сұрап барғанымыз көз алдымызға келді. Шаршап-ақ қалған екен жарықтық, айтумен ғана таныды. «95 жас деген не, 100-ді еңсеріп, рекорд жасаңыз» деп бұрынғы әдетіммен әзілдеп жатырмын. (Шын тілек те сол ғой). «Алла біледі ғой» деді шаршап отырса да жаңылмай. Өмір көрген, бәрінен хабары бар, ақылды қария еді ғой.

Абыз ақсақалдың қазасы-бәрімізге ортақ қа­за ғой, қайырлы қаза болсын, ағайын! Жалпы, Мақаңа Алланың мейірімі түскен жан десек болады.(Ол – шындығында бақытты адам).
– Әр адамға ғасыр жасау деген бұйыра бер­меген. (Мақаң 97 жас жасады).
– Тағы да қараңызшы, Алла жарылқап қасиетті Рамазан айының 1-інші күні дүниеден өтіп отыр (тегін адам емес қой).
– Соншалықты сұрапыл соғыстан дін аман -келіп, содан кейін 75 жылдай ғұмыр жасап, біздің Әмина апай екеуі 3 ұл, 2 қыз өсіріп, бақытты өмір сүрді.
– Ауданда «кімсің, Мақаң болып» 20 жылдай аудандық банкты, 10 жылдай сауда басқармасын, одан кентті басқарып елге адал қызмет етті, абыройлы болды.
Аудандық ардагерлер кеңесін де 25 жылдай басқарды (облыста жалғыз өзі «Құрметті төраға» атағына ие болды (2012 ж.)
Ауданмен бірге жасасып келе жатқан ел басқарған ақсақалдардың көшбасшысы болды. Қаншама партия комитетінің хатшыларымен, атқару комитетінің төрағаларымен және он шақты әкімдермен қызметтес болды.
Сондай-ақ Мақаң қай кезде болмасын, басшылардың алдында елдің атынан туралықты, әділдікті, шындықты айта алатын, аудан экономикасына талдау да жасай алатын, көрсеткіштер мен цифрларды ұмытпайтын сауатты ақсақал бола білді. «Турасын айтқан туғанына жақпайды» демекші, әсіресе кезінде «құдай емес, құдайдан былай емес» болған хатшылардың алдында Тілекең Тотаев секілді ауызды (тауып айтатын) ел ағалары болмаса, көп ақсақалдар көрініп сөйлей де бермеген ғой. Тек осы Мақаң, Бекең-Бекмахан, Ахаң Байниязов, Дәукең Шоманов, Тәкең Жүзбаев секілді ел ағаларының кейбір уәжді сөздерін (жауаптарын) ел әрдайым айтып жүреді.
Ақиық ақын Мұқағали өз өлеңінде:
«Неменеге жетістің, бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп әнеки жағада тұр» – дегені, Жай қариялар емес, соғыс ардагерлері азайып қалғанын айтқаны ғой. Өйткені олардың соңында орындарын толтыратын майдангер ардагерлер жоқ қой.
Шындығында (айтса, айтқандай), ауданда 1995 жылы 300-ден астам ҰОС-ы ардагері бар еді, ал бүгін 3-еуі ғана қалды (Асанов Н, Құрбанов Н, Сүйіндіков Ш).
Мақаңның соғыстан келген соң банк, сауда саласында 40-50 жыл бойы жемісті қызмет атқарғанын бәріңіз (әсіресе алдыңғы толқын ағалар) жақсы білесіздер.
Енді бір ауыз сөз Мақаңның зейнетке шыққан соң аудан ардагерлеріне (зейнеткерлеріне) басшылық жасағаны жайлы. (Мен ол кісіге алғашқыда (2010 ж.) орынбасар, содан кейін барып (2012 ж.) төраға болып сайланғанмын). Бұл қоғамдық жұмысты – (ардагерлер кеңесі төрағалығын) Мақаң не айлық, не бөлме (баспана) жоқ, 20-25 жылдай атқарған екен. Кейінгі жылдары оның жұмысы (С.Шаухаманов облыстық кеңесті басқаруға келген соң) қиындап (күрделеніп) кетті, құжат, қағаз деген жетіп артылады. Ұран- «Бірде бір ардагер-зейнеткер егесіз қалмасын!» Мекемелер, шаруашылықтар тарап кеткен. Бастауыш ұйымдар ашу, бар зейнеткер есепке алынып, қамқорлық жасау керек (Әрқайсысына компьютерде бет ашылу керек, т.б жұмыстар жетеді (конкурстар, сайыстар, форум өткізу, шахмат, билиард, ақындар клубтарын, бата беру, әжелер-аталар ансамбльдерін, келіндер сайысын, Жеңістің 70 жылдық фестиваль өткізу, ардагерлерге қамқорлық, саяхаттар т.б ұйымдастыру).
Тіпті Сәкең (облыстық ардагерлер кеңесі) кезінде 4-5 жыл шипажайларға жолдамалар беріп те тұрды (әр ауданға 100-120 жолдамадан). Сондай-ақ Сәкең Шаухаманұлы аудан әкімі С.Тәуіпбаев екеуі облыста бірінші рет Мақаңа «Құрметті төраға» атағын беріп, бүкіл облыс ардагерлері алдында жеңіл машина мінгізіп, құрмет көрсетті. Бұл Мақаңның еңбегіне берілген әділ баға болды.
Жұрттың бәрінде де ұл-қыз, бала, келін бар ғой, шүкір. Олардың бәрі әсіресе ата-ене қартайғанда сыналады. Қарт кісілерге қызмет көрсету, олардың алғысын, ризашылығын алу парызың десек, біз Мақаңның ұл-қыздарына, әсіресе келіні-Несібеліге және Шымкенттік қарындасымызға (Назымға) да өте риза болып айтып жүреміз. Мақаңа қандай қызмет жасадыңдар, мың да бір рахмет Сендерге! Өсіп-өніңдер, айналайындар, Мақаңның жолын, жасын берсін Сендерге!
Жалпы Мақаң болмысы бөлек, кең пішілген, батыр тұлғалы, келісті кісі болды ғой. Үлкейген жылдарда да бұйра да бұрыл шашы бас киіміне сыймай жүретін. Тіпті жазғы, күзгі маусымдарға киетін бас киімдері ерекше болатын. Мақаңның осы бір әбден қалыптасқан, сөйлер алдында күліп қоятын сырбаз да сабырлы, салиқалы бейнесі бүгін көз алдымызда тұр.
«Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» демекші, әсіресе Отан үшін от кешкен, бейбіт өмірде еліне ерен еңбегімен құрметті болған. Мақаң секілді абыз ағалар ешуақытта ұмытылмайды да, елінің есінде ұзақ уақыт сақталады.
Жаныңыз жәннатта шалқып, иманыңыз жолдас болсын!

Зинабдин Шермұхаммедұлы,
ардагер ұстаз, ауданның «Құрметті азаматы»,
облыстың «Құрметті ардагері»
25 маусым 2019 ж. 1 011 0