Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Сырмен сырлас қаламгер еді

Сырмен сырлас қаламгер еді

Қасиетті Қаратау мен сұлу Сырды тел еміп өскен әріптесіміз,  әрі ағамыз, бүгінде облыс емес, республикаға қарымды қаламымен танылған жазушы-журналист Жақсылық Шайманұлы Рахматулла жеті белеске шығып, туған өлкесіне шырайлы шығармалар әкелген, көп оқырманының ойымен жүрегінен орын алған қаламгердің қатарында. Оның ойын мазалап, жүрегін тербеп, көңілдің көк дөніне аямай қамшы басатын, құдай берген дарын-талантты сөз өнерінің  ауыр да азапты жолынан сүріндермей алып келді. Бүгінгі күні әріптес-ұстаздың осы қасиетін өте жоғары қойып, ризалық сезіммен, іштей тілектес пейілімді білдіргім бар.

Расында қалам тартып, баспасөзге қатысып жүрген жерлестерім  үшін  Жақсылық  кез-келгеннің бірі емес. Облыста орны бар, өзіндік қолтаңбасын танып қарасөз жанрында өнімді қалам тартып жүрген жазушы публицист. Журналистердің облыстық бас газеті «Сыр бойының» бас редакторы болған. Оған қоса Республикалық Журна­листер Одағының басқарма мүше­сі. Әлденеше көркем хикаяттар, әңгі­ме, публицистикалық кітаптардың авто­ры. Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты. Талайдың ұстазы, біз секілді өнер мен өлеңге жақын ақындар мен журналистердің ағасы болған.
Жиырмасыншы ғасырдың 1966 жыл­дары болатын. Осы жылы Жаңа­қорған Шиелі ауданынан үшінші рет енші алып, өз алдына ірге көтерді. Маусымнан бастап аудандық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Жаңақорған тынысы»)  газеті шыға бастады. Оның алғашқы редак­торы болып кезінде қаламы қарымды аузы дуалы Ұзақ Бағаев: «Мырқым бір төбе, қырқың бір төбе», деп баға берген, талантты журналист-ұйымдастырушы Мырқы Исаев қызмет атқарды. Бұл тұста жаңа ұжымда жауапты хатшы болып Әбділдә Жаңабеков, редактор орынбасары болып Қалжан Ысмайылов хат бөлімінде Үмітай Өміртаева, ауыл шаруашылығы бөлімінде Айдархан Бибасаровтар еңбек жасаған  болатын. Жаңа  лектің қатарын осы Жақсылық Рахматуллаев (ол кезде ол осылай жазылатын), бастаған, Бақтыбай Айна­беков, Оңалбай Садықов, Толеуғали Отарбаев, Сәйдін Қожаев, Тұмарбай Жаненов, Ыдырыс Дәрібаев, Әкім Мейірбеков, Үсен Әбшенов, Қуат Оразбаев, Құдайберген Ертасов, Пах­маддин Айнахожаевтар толықтырды.
Газеттің басшылығын Мырқы аға­мыздан соң Адырбек Сопыбеков, Құда­бай Ертаев, Айдархан Бибасаровтар қолға алды. Аудандық газет тарихында олардың қолдарының ізі, жүректерінің жылуы, елге деген мысқалдап болса да қызметтерінің белгісі қалды.
Алпыс алтыншы жылдың шілдесінде он бір жылдық мектепті бітірісімен аудандық газетке әдеби қызметкер болып қабылдандым. Бізден екі жыл бұрын мектеп бітірген  Жақаң-Жақсылық газетте жұмыс істейтін. Мектептегі әдебиет үйірмесіне үзбей қатысып жүргендіктен кезінде Жақаңды жақсы білетінмін. Ол жылдары өлеңімен танылған Қоржыбай Кемелбеков, Көбей Өтежанов, Сейсен Мұхтаров, сазгер-ұстаз  Нағызхан Жаманбаевтармен жас болсақ та шығармашылық бір-бірімізді тез табыстырған болатын. Сол тұста газет жанрын терең меңгерген, өлең жазумен айналысатын Жақаңда өз тұтастарынан көш биік көретінбіз. Аудан өмірін, сан салалы  шаруашылығын жақсы білетін ол қай тақырыпқа қалам тартса да оқушысын елең еткізіп,  таңырқатпай қоймайтын. Жазуға енді-енді машықтанған бала тілші бізге сол тұста Жақаң білгенін үйретіп, ағадай тәрбиелеп,  қанатының астына алған еді.
Мектептен соңғы шикілік газет  табылдырығында ширықты. Өмір көріп, адамның қадір-қасиетін ұғып, жақсы мен жаманды ажыраттық. Аптасына үш рет шығатын газеттің қазанында Жақаңмен бірге қайнап, бірге толыстық. Тағдыр жазып Жақсылықпен бірге бір үйде, жездесі Мұхтаров Әбілдәнің үйінде жастық кезеңнің біршама уақытын  өткізгеніміз бар. Ол тұста біздің әке-шешеміз Бірліктің Қауық елді мекенінде  тұратын.
Сол жылдары, ақындар – Адырбек, Бақтыбай, Әкім, Қуат, Орынбасар  болып Жақаның басшылығымен газет жанындағы «Сыр перзенті» әдеби  бірлестігіне тұрақты қатысып, өлең оқып,  әңгіме тыңдап, талай ой-пікір айтып,  өнердің жұмбақ сырларына аяқ басқан едік. Бірқатарына аудандық газеттен «Сәт сапар» тілеп, тырнақалды өлеңдерінің тұсауы кесілген еді. Солардың көпшілігі бүгінде бүкіл республикаға белгілі ақын- жазушылар.  «Сыр перзентінен» сәт сапар алған Есенғали Раушанов, Жанат Ахмади, Жолтай Әлмашұлы, Жадыра Дәрібаева, Әбілхан Әбіласан, Ақмырза Құлтасов, Нұрмахан Елтай, Жұмабай Әбілов, Базарбай Исаев, Байбота Серікбаев, Нұртас Исабаев, Гүлзат Шойбекова, Оразбек Мақсұтұлы бүгінде әдебиетсүйер оқушы біткенге кеңінен танылғандар.
Жақаң аудандық газетте жүріп толысты, шығармашылыққа біржола бет бұрды. Қызметін өсіріп газеттің  ауыл шаруашылығы бөлімін меңгерді. Сол кездегі «КСРО Журналистер Одағына» мүше болды. ҚазМУ-дің журналистика факультетін, Жоғары партия мектебін бітірді. Ауылдағы қайнаған тірішілікте жүріп, биік белестерден көрінген қарымды қаламгерді сол тоқсаныншы жылдардың басында «Ленин жолына» (бүгінгі «Сыр бойы») газетіне алып кеткен еді.
Ұйымдастыру қабілеті мен жазу шеберлігін ескерген жоғары орындар жерлес жазушыны бас газетке бас редактор етіп тағайындады. Соңғы тоғыз жылдан бері біздің жерлесіміз, жазушы Жақсылық Рахматулла бас газеттің бапкері болып үлкен абыроймен қызмет атқарып келді. Қаламгер үшін уақыт өлшем емес. Оның бар байлығы мен мұраты оқушы ойын дөп басар, жүрек түкпірінен шыққан шынайы шығармалары. Ендеше, Жақаңның бұл бағыттағы еңбегі өлшеусіз, бейнеті қайтып жүрген қаламгер. Бала тұстағы «Қара көзайым» әнінің сөзін жазған ақын (Әні Нағызхан Жаманбаевтікі) бұл күндері ондаған төл туынды берген сақа жазушы. Оның дәлелі, Жақсылықтың «Жалын», «Өнер», «Қайнар» баспа­ларынан әр жылдарда шыққан «Жаным­ның жарығы», «Алыстай бер­ген ауылым», «Өмір самалы», аталатын көркем хикаяттары мен журна­лист ретіндегі «Бола­шаққа сенім», «Жас­тықтың жанар таулары», «Ғұмыр-дария», «Жібек жо­лын­дағы жұлдыздар»,  «Тулаған толқындар» атты деректі очеректері мен публицистикалық еңбек­тері толық дәлел. Оның «Меңсұлу» аталатын романы кезінде жоғары бағаланған оқырманның қолынан түспейтін дүниеге айналғаны белгілі. Сол үшін тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты облыста 2011 жылы ұйымдастырылған көркем шы­ғар­малардың байқауында бас бәйгені қанжығасына байлағаны бар. Ол санымен бірге «Алаш» әдеби сый­лы­ғының иегері.
Жақсылық біздің тануымызша өндіріп жазып жүрген қаламгер еді. Прозада да, журналистік бағытта да айтары жетіп артылады. Қай тақырыпта болмасын төселген. Ауылдың тіршілік-тынысы мен мұндалады. Тілінің шұрайы жеткілікті. Оқиғаны өрбіту, ой айтуы, шытырман сәттерді қоюлатып көрсетуі, оқушы ойын дөп басуында қарапайымдылық басым. Шебер журналист ретінде қазіргі уақыт көшінде тез ілескен азамат. Көкейкесті проблема көтеруі, журналистер мұңын ашық айтуы, ұрпақ тәрбиесіне қатысты жанайқайы оның бұл саладағы жаңкешті еңбеккештігін танытады.
Бір кездері сырлас, пікірлес, аға болған, марқұм Жақсылықтың газетте бірге жүргендегі кезеңдерінің бірлі-екісін есіме ала отырып, сен әркез біздің ойымыздасың дей отырып, әңгімемді төмендегі жүрек жарды өлеңімен аяқтасам деймін.
Талант болар әкеден қалған,
Алдағы күндері шығатын алдан.
Жүрген жолында белгі қалмаса,
Өткен кезіңнің бәрі де, жалған.
Қамшылап ойды жүретін кезде,
Өтті ме, Жақа олда бір лезде.
Сексеннің жолы ауырлау болып,
Алып кетті-ау осы бір күзде.
Иә, артында өлмейтұғын сөз қал­дырған, қарымды қаламгер Жақаңды  Жақсылық Рахматулланы жерлестері әр кез есіне алып, мұраларына қайта үңілетініне бек сенімдіміз.
Файзулла САХИЕВ,
ақын-журналист,
ауданның «Құрметті азаматы»
07 маусым 2020 ж. 669 0