№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ауыз салу Абайға – ар ұялар іс болар

Ауыз салу Абайға – ар ұялар іс болар


Бүгінде өздерін сөз өнерінің серкелеріміз деп танитын жазғыштардың арасында өзінің әдебиетке, руханиятқа алыс-жақындығына, үлкен-кішілігіне, білімді-
білімсіздігіне бас ауыртпай басқаны жиып қойып ұлы ақын Абай туралы ойына келгенді айтып, өресінің тарлығына қарамай ақын өлеңдерін талдап, тіпті кейбір туындыларына беті бүлк етпестен сын айтатын білгіштер табылды. Бұл әдебиеттің өскенінің, сынның өткірлігінің белгісі емес, әлдекімдердің алтын мен сырты жылтыраған сары жезді ажырата алмас рухани саяздығының белгісі деп білеміз.


Осының бір мысалы, «Қазақ әдебиетінің» 2019 жылы 20 қыркүйегіндегі №37 нөмірінде жарияланған Файзолла Төлтай­дың «Жалғыз Абай кімге же­теді?» деген мақаласындағы «Абай» деп аталатын тарауында ақын турасында өз толғамдары бойынша біраз сын айтып тастапты. Әрине, «Өлеңге әркім­нің – ақ бар таласы». Бірақ осы ақындарымыздың Абайдан асы­рып жазып, айды аспанға шығар­ған таланты болса дауымыз болмас еді
Нар ақынның ширегіне тұр­майтын шала-шұрпы шатпа­ғы­мен ұлы ақынмен таласып, өнеріне мін тағу үшін де адам бойында ұлылықтың ұшқыны болу керек қой.
Хош, сонымен, жиырма бес жасыма дейін алғашқы жина­ғымды шығарып үлгіремін деп алдына үлкен мақсат қойған, қазірде Түркияда білім алып жатқан бауырымыз былай деп толғанады:
«Мен Абайды қазақ руха­ниятына орасан зор қызмет еткен­мен де, шекарадан шы­ғып Шығыс шайырларының ор­та­­сына түскен уақытта өз алдына ешқандай жаңалығының жоқ екенін көремін. Әрине, бұл менің субьективті көзқарасым, келіспеуіңізге де болады. Бірақ, кейде осы Абай Құнанбаев «Мен Құдаймын» деген сөзімен тарихта қалған, тіпті осындай пікірі үшін дарға асылып, отқа жағып күлін шашып жіберген Халладжи Мансурдың өлеңдерін, сопылық жолын айтқанда ең алғаш ойға оралатын Ен Нифферидің шығармасын, «Екі кісі арасында, бірі екіншісіне «Ей, Мен» демегенге дейін махаб­бат жоқ» деген Сыр­ры ес-Сакатиді, Мешшай фило­софиясын былай қойғанда, Ишрак философиясының негі­зін қалаушысы Шахабеддин Сухревердиді, «Біз ішінде өмір сүрген уақыт ешқашан бір орында тұрмайды, олай болса уақыттың ақиқаты – сәт» деген Махмуди Шебустериді, сол сәт атаулысын өмір мен өлім ортасын бөлуші барзах әлеміне ұқсатқан ибн Араби сынды ақын-жазушы, философтардың шығармаларын парақтап оты­рып, осыларды Абай оқыған ба екен деген ойға қаламын. Оқыса шығармашылығы қалай болар еді деймін ішімнен».
Осы мақаланы оқыған профессор Блок Шәйкенов шамырқанып тұрып, жазушы Тұрсын Жұртбайға жауап жазуды тапсырыпты. Тұрсын Жұртбай былай толғанады: Файзулла Төлтай сияқты менің де жас кезімде шалықтап жазған мақалам болыпты. Онда мен де көр-жердегі оқығаным мен білгендерімнің тізімін келтіріп Қ.Ысқақов, С.Мұратбеков, М.Мағауин, О.Бөкеевтерге бір сөзбен сілтейсалды ақыл айтыппын. Сөйтіп мақаланы «Жұлдызға» жариялау үшін С.Әшімбаевқа келіппін. Журнал қызметкері Жарасқан Әбдірашев мені оңаша шығарып алды да: «Біздің де данышпан болғымыз келген. Сенің де данышпан болғың келеді. Кімнің данышпан болғысы келмейді? Бірақ біраз сабыр сақтап, ойыңды суытып ал. Кейін өкінбейтін бол. Мақаланы мен ұстай тұрайын, – деді.
Сонысы дұрыс та бопты. Файзулланың бір өлеңін оқымаппын.Үлкен мін. Ал бір жинағы шықпай тұрып әлемді уысына сап,уатуы да, салыстырмайтын нәрсені салыстырып ой қорытуға ұмтылғаны да ұнады. Жастық шалығымды есіме ала отырып, сүйіндім де, ал күйінгенім не? Иә, тағы да сол Абай. Менің Файзулла бауырым керісінше: «Абайға дейін өмір сүрген шығыстың софылық тарихаттағы ана өлеңін, мына өлеңін Абай оқымады-ау. Оқыса – бұдан да данышпан болып кетер еді. Әттең!» деп емес, егер мен Файзулланың орнында болсам солар- Абайды, Абай оқыған ақындарды оқымады ау деп өкінер едім.
Әрине, « Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешқашан да жалған болмас!» деген Абайдың:
«Алла тағала өзі – хақиқат жол. Хақиқат пен растық қиянаттың дұшпаны»,- деген Абайдың:
«Әуелі дін исламның жолындағы пен­делер иманның хақиқатын білсін, – деген Абайдың – Халлаж Мансұрдың – «Менінің растығын» мойындай қоюы және оның күпірлік, сопылық поэзиясынан үлгі алуы неғайбыл, тіпті мүмкін емес.
Керісінше өз жырын мадақтаймын деп менмендікке берілген, абырой мен мақтан арқылы халықты адастырмақ болған күпірлік поэзиясының өкілдеріне соның ішінде, Халлаж Мансұрға да:
«Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Лайлама, лай оймен тұнығыңды.
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қылығыңды
Адам ғапыл дүниені дер «менікі»
«Менікі» деп жүргеннің бәрі оныкі
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде
Сонда ойла болады не сенікі» деп жауап беріпті.
Осы ретте Абайдың: «Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген өлеңіне бір көз жүгіртсек бәрі де түсінікті емес пе.
Сөйтсек Халлаж Мансұрдың «Мен-хақпын дегені топыраққа сіңіп, шіріп кететін ет пен тері, сүйек, яғни тән ғана екен. Ол мәңгілік рухтың байыбына бармапты. Демек Абай- Халлаж Мансұрды оқымақ түгілі, оның күпірлік-сопылық ойының түте-түтесін түтіп, теріске шығарыпты.
Хош, сонымен Файзулла «оқымады» деп айтқан шайырларды Абай оқыпты. Оқығанда да, тіпті, оқымаса да, өз ойын олардан асырып, тереңдетіп қазақ қауымына ыңғайлап ашып айтыпты.
Осы мәселелерді талдап, таусыла жазған ағамыз Тұрсын Жұртбай ағамыз жазбасын «Жалынамын ондай сөз айтпа, бізге» деп Абайдың өз сөзімен аяқтап, ағайын-бауырлар, Абайға абай болыңдаршы. Өздеріңді де, өзгені де, босқа күйдіріп арандатпаңдаршы! – деп ағалық тоқтамын жасапты.
Бұл жоғарыда келтіріп отырғанымыз алыста жүрген ақын баламыздың арнайылап осы «Қазақ әдебиеті» арқылы «Маяковский мода емес, Есениндер ескірді» деп өзіне хат жазған қаламгер замандасы Батырхан Сәрсенханға жазған жауабы. Ақын баламыз Батырханның да айтар ойының тұздықталар түйінін тақырыбының өзі әйгілеп тұр. Сонда не істеуіміз керек? Бәрін мансұқ етіп, қоқысқа лақтыруымыз керек пе? Батырхан да өзінің алдына таудай мақсат қойып, тіпті 2038 жылы «Нобел сыйлығын аламын» деп армандап жүрген ақын. Өз заманының жаңашыл тұлғасы ретінде оқырманға отты өлеңін ұсынып, талайларға дем бердім, поэзияға өң бердім деп өзінің өзгеше ойлы өрен екенін оқушы кезінен мойындатып жүрген таланттардың бірі.
Күндердің күнінде маңдайына жұлдыз тағып туған тағы бір ұрпақ «Батырхан деген бабамыздың өлеңдері түкке тұрмайды, бәлдір-батпақ» деп ділмарсыса ол өзі не дер еді, оны оқыған, оның жырларынан сусындап, жан ләззатын тауып, бірге қуанып, бірге мұңданып, тәп-тәуір қабылдап жүрген талғампаз жұртшылық не дер еді? Әр кезеңнің өз мәні, мазмұны, қуаныш-сүйініші, арман тілегінің өз өлшемі бар. Өткенге топырақ шашуға болмайды.
Батырханның ойын іліп әкеткен аңғал құрдасының арыны одан да асып түсті. Асып түскені ғой, қарапайымды қойып, қарағайдай ақынның мүйізіне барып жармасқаны.
Бұлар алып-ұшып, арман қуып, білім дариясында көрінген көкжиектің бәрі таңсық, жағалауға асыққан көкөрім жиһанкез дейік, ал енді әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, көзін ашқаннан кәсіппен келе жатқан Нұрлан Байдәулетов деген бір ағамыздың әлеуметтік желіде айқұлақтанып Абайдың жағасына жармасқанына не жорық.
«Егер Абай осы заманда туылғанда көп болса блогер болар еді» деп шимайлапты. Мына жазбасын оқыған көпшіліктің қапалы көңілін арқалаған кәсіпкер азаматтың рейтингі бірден құлдырап кеткен ұқсайды. Содан жанталасып жауап жазып, ақталып «Мен бұл жерде Абайды жоққа шығармаймын. Тек замандастарымды істің адамы болуға үндегім келіп еді», депті. Жуас адамның сөзінің өтімді болмайтынына қауіп қылып, қайраттандырған ниеттен туған екен әлгі жазбасы. Бүкіл қалың қазағына сөз арнап, қайғы ойлаған «жуас» Абайдан күштіні жұдырығымен сескендіретін жалды, мың-мың жылқы айдаған малды, дәулетті Абайды көргісі келген ізгі арманынан туған тұжырым екен бұл бар болғаны.
Бұл кісіге Абайды екі адамды ұрып құлатуға шамасы жетпейтін әлжуаз еді деп кім айтыпты? Шенді, дәулетті «би түскен үй» болған Құнанбай отбасында Абай неден таршылық көріпті? Күшті екенмін деп әлсіздің жағасына жармасу, бар екенмін деп көкірек керіп, кеуде көтеру Абайға жарасар ма еді? Біреулерге қол жетпес арман, артықшылық, дүниенің жұмағы болған барақатты жанұяда шерлі ақын көңілінің барды малданып, рахат күй кешкен кезі болды ма екен? Сөйтсек, Нұрлан бауырымыз болжалдап, баршаны өл-тіріл еңбектеніп, баюға шақырғанындай, дүниенің қызығы барлықта емес екен. Айнала ел, қалың қауымның дүние-боққа елірген, соның жолында ар-ұятты да аяққа таптар ит тіршілігінде де емес екен.
«Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп Абай айтқандай өмірдің мәні көкірек көздің ашықтығында, Алланы бір деп біліп, соның жолында жүріп, адамдық қадір-қасиетіңді биік қойып өмір сүре білуде екен.
Егемендігімізді алып, есімізді жиып, елдігімізді нығайтады деген ағайынға айтарымызды Абайдың өз сөзімен қорытындылайық:
«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан
да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.
Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,
Сұрамасақ нәпсісін тыя алмай жүр.
Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан
соң,
Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?»

Баян ҮСЕЙІНОВА
27 мамыр 2020 ж. 717 0