№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «АБАЙ ЖОЛЫНА» АБАЙ БОЛМАСАҚ... (ойсалар).

«АБАЙ ЖОЛЫНА» АБАЙ БОЛМАСАҚ... (ойсалар).



«АБАЙ ЖОЛЫНА» АБАЙ БОЛМАСАҚ... (ойсалар). Осыдан біраз уақыт бұрын әлдебір кәсіпкер жігіт Абай ақынға тиісіп, оның тарихтағы орнын мүлде төмендетпек сыңайын байқатып, атүсті пікір айтып, елді бір дүр сілкіндіріп еді. Сол пікірдің сыңаржақ екендігі көзге ұрып тұрғандықтан да, аса көңіл аударып жатпастан, тіпті үндемей-ақ қойсақ дегенбіз. Алайда, кейбір пікірлес достардың сөзінен соң осы ФБ-да «Абайға абай болмасақ...» деп, өз ойымызды аз-кем білдіріп өтіп едік. Енді біраз күннен бері, өз ойын ашық білдіріп жүрген М. Кенжебай мырзаның кезекті жазбасына орай, «Абай жолы» романы төңірегінде әртүрлі пікір бөлісі өтіп жатқандай. Рас, өз пікірін айтып-жазып, ел назарына ұсыну – әрбір саналы азаматтың бас еркі! Оның біркелкі болуы да шарт емес, кереғар пікір-ойларға да демократиялы елде орын бар. Ащы болар, тәтті болар – пікірден соң пікір туындайды, бұл жаман ба? Тек... көп қазақтың ой-ұғымына баяғыда сіңіп, өз орнын алып, сол пікір аясында бірнеше буын - жас ұрпақ тәрбиеленген рухани қазына турасында он ойланып, жүз толғанып барып, қалам тербеген жөн-ау десек, мұнымыз артық болар ма? Әсіресе, көркем әдебиет саласында... Соның бірі – біздіңше, осы «Абай жолы» роман-эпопеясы! Әуезовтың көркем мұралары жайынан біраз уақыт ізденіп, арнайы кітап жазған ( «Әуезовтың жұмбақ әлемі», монография, «Жеті жарғы», 2007 жыл) адам ретінде бірден-ақ айтарымыз – оның туындыларында ешбір мін жоқ, барлық дүниелері керемет десек, ол біржақты пікір болып шығады.



Әңгімелері ме – біркелкі емес, мейлінше озығы да, көркемдік деңгейі біршама төмені де кездеседі. Хикаяттары ма- онда да осы жағдай бар. (Бұл жайынан кітабымызда шама жеткенше талдап жазғанбыз). Енді «Абай жолына» келелік. Бұл өзі кесек туынды, көлемді шығарма, жан-жақты толымды еңбек – негізінен алғанда, бұған жата қап таласа қоймаспыз, сірә! Тіпті, өз уақтысында басқаны қойып, орыстың ең озық романдары – «Соғыс және бейбітшілік», «Тынық Дон» секілді сүйекті туындыларымен де салыстыра сөз етуге бірсыпыра жарап жатқан-ды. (Зерттеулер, монографиялар бар). Қай жағынан? Алдымен, көркем де кестелі тілі! Содан соң кесек-кесек көркем образдар галереясы! Бұдан кейін – романнан күні кешегі қазақ өмірінің ұмыт бола бастаған сан түрлі көріністері, салты, дәстүрі, әдеті, сөйлеу мәдениеті, т.б. айшықтала алдыңызға тартылатын еді ғой. (Көркем шығармада қиюын келтіріп, кестелі тілмен бейнелеп жатса, ол жақсы емес пе!) Тіпті, ең соңында, ұлы Абайдың көркем образы ең бірінші рет жарқын бейнесімен, тірі адамдай болып, алдымызға тартылған жоқ па! Жә, түсінем, төрт кітаптан тұратын эпопеяның соңғы кітаптарында саясиландыру, уақытқа бейімделу, солғындау суреттеулер, т.б. әредік шаң беріп қалатыны тағы да жасырын емес – жасырып қайтпекпіз! Оны біз ғана емес, өз кезінде бірқатар сыншылар атап өткен де. Бірақ, ақиқаты сол, таза ниетке жүгінген қай-қайсысы да ұлы шығарма емес, ортақол дүние деген пікір таратпады-ау деймін. (Әлгі Марченко мен соның айналасындағы «сыңар езу жазғыштарды» есептемегенде). Осы ретте, қайталап айтамыз, заман өте келе, барынша салмақталып –бағаланғанда, қандай да шығарманың аз-кем артық-ауыс тұстары ашылып-байқалады – бұл көркем дүниені дереу іске алғысыз етуге негіз бе? (Мәселен, Құнанбай образына қатысты сын пікір айтылып жатса, сөз жоқ, құлаққа кіреді.) Айтқымыз келді ме – жақсы жақтарын жоққа шығарып, сызып тастамай, байқаған кемшіліктерді барынша түсінікті етіп, талдап берейік. Жазушыға да, оқырманға да қай кезде болмасын - «обал» жасамағанымыз жөн емес пе! Оның үстіне, бізге тап осы уақытта пікір айту мәдениетін мейлінше терең меңгеру – аса мәртебелі іс! Ел болам деген халықтың саналы ұрпағы ең алдымен пікір мәдениетіне бас ұрады! Ең соңында білдірмегіміз, шамасы, осы үшін де аз-кем сөз жазып отырмыз – Ұлтымыз үшін бағалы да толымды көркем қазынаға айналып үлгерген (өз кезеңіндегі сыншы-әдебиетшілер тұжырымы) кесек туынды жайынан талқы-ойлар айтылмасын деуге хақымыз жоқ, тек аса сақтықпен, абаймен, жанашыр көңілмен әңгіме өрбітсек дейміз! «Абай жолына» барынша абай болайық десек, мұнымыз артық па?...
                                                                                                                                                                                                    Жолтай ӘЛМАШ.
15 мамыр 2019 ж. 974 0