Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мәскеуден мерекелік «За победу» төсбелгісі келді

Мәскеуден мерекелік «За победу» төсбелгісі келді

   Сағыныш! Иә, әкеге деген сағыныш көңілді тебірентіп, көзге жас үйіретіні несі? Бұл сағынышты әкеге деген естеліктер ғана басады екен ғой! Сондықтан жадымда жаңғырып жүрген жайларды қағазға түсіріп, әкенің рухына тағзым етуді мұрат еттім. Жеңіс күнін әкемнің қасында жиырма жылдан аса уақыт бірге қарсы алыппын. Одан кейінгі уақытта тұрмыс құрып, ара-тұра қасыңнан табылдым. Шіркін, уақыттан асқан жүйрік бар ма?! Тірі болғанында Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен қатар ғасырлық мерейтойын атап өтер едік...


Әкем Тұрқұл Өнерұлы 1919 жылы Қаратаудың теріскейіндегі Қозмолдақ елді мекенінде (қазіргі Саңғыл атаның кесенесі тұрған Төрткүл төбе деген жерде) дүниеге келді. Бұл кезең қазақтың басына қара бұлт үйірілген заман-тұғын. Ұлттың басына араға он жыл салып екі рет жұт келді (1921-1922, 1932-1933 жылдарғы ашаршылық). Қиындықты рухы мықты, ерік-жігері күштілер ғана бағындыратыны белгілі. Сондықтан әкем жастайынан еңбекке араласады. Қиын-қыстау заманда шекара асады. Әндіжан, Қоқан жақта түйемен барып, кіре тартып, мақта тасиды. 1940 жылы Атажұртқа қайтып, Кентауға тұрақтайды. Мұнда Ащысайдағы руда өндіретін «Мырғалымсай» шахтасында жұмысқа тұрады. Сол кездері екінші дүние жүзілік соғыс басталып, 1941 жылы әскерге шақырылып, соғысқа араласады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Сталинград майданында оқ пен оттың ортасында жүріп, неміс басқыншыларымен болған шайқаста жарақат алады. Әйтсе де, әкем «жарақаттандым» деп жасымай, бойдағы өжеттік, қайсар мінезбен соғыстың өртін өшіруге үлес қосады. Батыстағы майдан біткеннен кейін шығыстағы отқа аттанады. Яғни, Жапонияға қарсы соғысқа қатысады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер», дегендей әкемнің көрер жарығы бар екен. Бейбіт өмірде елдің еңсе тіктеуіне қажырлы еңбек етеді.
Иә, еңбек майданына белсенді кірісіп, Созақ ауданына қарасты Шу, Тасты, Жуантөбе совхозын қайта құруға атсалысады. 1967 жылы Қозмолдаққа көшіп келіп, туған жерге ту тігіп, шаңырақ құрады. Анам Көпейсары Арыстанқызы екеуі берекелі отбасында екі ұл, бес қыз өсіріп, ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырады. Бүгінде алып бәйтеректен негіз алатын ұрпақтары сан салада табысты еңбек етуде.
Әкем ағайын-туыс, дос-жараңның арасында сыйлы болатын. Себебі, турашыл, еңбекқор, айналасына жайлы, оларға қолайлы жағдай жасай алатын адам еді. Кейде кісімсіп, менменсіп тұрған кісіні көрсе, «О, Жаратқан, мынаның астамшылығын кешіре гөр!» деп дұға етіп жатқанын естігенім де бар-тын.
Әкемнің қадірлі болатынын тағы бір себебі, жастарға аталы сөздер көп айтып, адамдыққа, адалдыққа баулитын. Әсіресе, «Жақсылық етте, міндет етпе!» дегенді жиі айтатын. Сонда анам: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманың жамандығын айт, құты тасысын» – дегенді алға тартқанында «Істеген жақсылығыңды міндет етпе, қайыры болмайды!» – деп бір-ақ қайыратын. Пендеміз ғой, кейде жақсылық жасап, мақтаныш етіп айтып жатқанда, әкемнің «Қайыры болмайды!» деген сөзі еске түсіп, шүкіршілік етемін.
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні біздің әулет үшін үлкен мереке еді. Әкем бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты дұғасынан тастамайтын. Бірақ, соғыс тақырыбында әңгіме айтпайтын. Енді соғыстың алапат қиямет-қиындығын жастар көрмесін деген тілеуде болып: «Шырақтарым-ау, сендерге біз көрген соғысты көрсетпесін. Елге қызмет ететін абыройлы азамат болыңдар! Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тілеңдер», – деуші еді.
Әкемнің жиі айтатын «Оқусыз – білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» сөзі жадыма қатты жатталыпты. Расында, балаларының білім алуына барлық мүмкіндіктерді жасады. Еңбектің наны тәтті екенін түсіндіріп бағатын. Мұндай аталы сөздерді қалай ғана ұмытасыз?
Әлі есімде 10 сынып оқитын кезім. Ұлы Жеңістің 40 жылдығын атап өту қарсаңы еді. Мәскеуден мерекелік «За победу» төсбелгісі келді. Осы арнайы келген марапат менің бала көңілімде «әке ерлігіне» деген мақтаныш сезімі ретінде жадымда қалыпты. Одан бөлек, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін» төсбелгісі және т.б. мерекелік медальдары шаңырағымыздың төрінде әкемнің көзіндей ілулі тұр.
Үйдің кенжесі болғандықтан «Менің Мирашым» деп еркелетіп, дем беретін. Шіркін, осы сәттер қайта келер ме еді?! Әкеміз бен анамыздың алдында алаңсыз еркелеп жүрген бақытты кездеріміз сол екен ғой!..
Әке жайлы сағыныш көңілді нұрландырады. Айтқан аталы сөздері өмірде қалған болады екен-ау! Әкенің тағылымы жайлы айтылар әңгіме көп. Оны алдағы уақытта кітапқа арқау етуді жоспарлап жүрмін.

Мира ТҰРҚҰЛҚЫЗЫ,
аудандық білім бөлімінің инспекторы.


09 мамыр 2020 ж. 772 0