№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

БІР ҮЗІМ НАН

Алматыға жол түсіп, үлкен ұлымның шаңырағында бірнеше күн болдым. Әди: «Әке, қаланы аралап қайтайық», – деді. Мен ұсынысты құп көріп, немерімді ертіп тысқа шықтым.
Алдымен 28 гвардияшы Панфиловшылар атындағы паркке келдік. Саябақта естелік суретке түсіп, паркті біраз араладым. Бір уақытта кептерлер көптеп қонған жерге көзім түсті. Жақындай барып едім, адамдар жұдырықтай нанды кептерге лақтырып жатыр екен. Қалалықтарды бақылап тұрып, әке-шешемнің «нан қиқымын жерге тастама, обал болады» дегені ойға оралды. Сосын орта жасты алқымдаған адамдарға «нанды шашпандар» десем: – Сенің қандай шаруан бар? – деп дөреке жауап қатты.
Әлгі әрекет пен дөрекі сөз жүрегіме қанжардай қадалып, іштей қатты қапаландым. Жолшыбай келе жатып, ертеректе болған бір оқиға есіме түсті.
Жаңақорғаннан Түркістанға қарай шығатын ескі жолдың алтыншы шақырымында «Ей жолаушы, ентігіңді бас» деген жазу тұратын. Бұл сексенінші жылдардың ортасында «1932-1933 жылдарғы ашаршылық құрбандары жатыр» деген сөз жазылған пано болатын. Сол төбені аудан тұрғындары «секретарь төбе» деп атайтын. Төбе басына ауданның басшылары жоғарыдан келген қонақтарды күтіп алып, «қимай қоштасатын» жер-тұғын. Сол 1981 жылдың мамырында  ауруханадан шыққан әкемді жеңіл көлікпен ауылға алып келе жатқанда, төбе басында бір топ жігіт «думандатып» жатқанын байқадым. Әлгінде ғана жүргізушіге әңгіме айтып келе жатқан әкемнің құран аяттарын оқып жатқанын байқадым. Әкем дұғасын айтып, бетін сипағаннан кейін: – 1932-1933 жылдар аралығында осы арада Арқадан ауған қаншама адам бір үзім нанға зар болып, соңғы демі таусылған, – деді.
Біраз үнсіз отырып:
– Қаратаудың қалың қойнауында «Ынтымақ» деген жерде тұрдық. Тауда өзен көп. Сол өзендерде су диірмендері болатын. Диханшыл жұрт жонға бидай егеді. 1932 жылы Арқада қуаңшылық болды да, жұрт Сыр бойына ағылды. Сонда келген байғұстар бір тілім нан сұрап, кімнің есігін қақпады. Бір үзім нан үшін қолындағы барын берді. Тіптен, бір бүтін нан үшін қаршадай қызы мен ұлын айырбастағандарды көрдім, – деп сол кездегі қиындықтарды еске алып мұнайды.
Жанарындағы жасты сүртіп:
– Осы маңдағы өзекте бір топ адам қырықпышақ болып төбелесуде екен. Жақындай келіп байқасам, бір үзім нанға таласып жатыр екен. Жақындаған мені байқаған олар, маған қарай тұра жүгірді. Екеуінің қолында селебесі бар. Түрлері бұзылып кеткен, көздері бағжаң-бағжаң етеді. Адамды аяйтын түрлері көрінбейді.  Дереу атымды кері бұрып, қамшылап, қаша жөнелдім. Кейінірек осы маңда бірнеше мың адам қырылғанын білдім. Аштықтан қырлыған адамдардың мәйіттерін жинап осы маңға жерлеген екен. Сондықтан бұл жердегі аруақтарға тиыштық керек. Осы арадан өткенде дұғаңды оқып тұрарсын, – дегені әлі есімде.
Көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің «Күлпашын» оқысаңыз жүрегіңіз тебіренеді. Онда ауырып жатқан күйеуі мен баласына талғажу тауып келу үшін, кешке дейін байға жалданып жұмыс жасайды. Кешкісін тапқан жарты күлше нанын өзі жеуге қимай, алып-ұшып үйіне келсе, күйеуі мен баласының өліп қалғанын көреді. Өте ауыр сюжет. Туындыны оқыған сайын бір үзім нанның қадірін түсінесің.
Сол сұрапыл жылдардан кейін аштық болмағанымен, ұнға зәрулікті біз көрдік. Хрущевтың басқаруындағы кезеңде 1963-1964 жылдың жазы қуаңшылық болып, қысы қатты болды. Біз ол кезде он жасар баламыз. Жүгерінің нанын жеп, бидай ұнын тек тамаққа қосатын кез әлі жадымда. Е-е-е. «Нанды тойып қашан жейміз?» деуші едік...
Ал, қазір нанның қадірін біліп жүрміз бе? Үлкен қалаларды айтпағанның өзінде, біздің ауданда бір үзім нанның қадір-қасиетін жете түсінбейтіндерді көріп жүрміз. Сенбесеңіз қандай бір мейрамхана, кафе-бар, асханаларда, жеңіл тағамдар сататын дүңгіршектерге кіре қалсаң тағам қалдығын салатын ыдыстарда төгіліп жатқан нан қалдықтарын көресің. Тіпті, көшеде түсіп қалған нанның қалдығын көтеретін адамдар азайғандай. Осыдан-ақ нанды құранмен тең ұстаған бабалар сөзінің мәні кеткенін ұғасыз. Осындайда марқұм Әмір Мәжитовтың «Бір үзім нан» спектакелі есіме түседі. Шіркін, нанның қадірін түсінбей жүргендердің басын қосып, осы спектакелді көрсетсем ғой!
12 қазан 2018 ж. 2 725 0