» » » Оразаның хикметтері

Оразаның хикметтері


Ислам дінінің басты бес ұстынының бірі – ораза тұту. Ораза құлшылығының ішкі мәні мен маңызы тым тереңде. Шариғатымызда бекітілген әрбір құлшылықта әрі рухани, әрі тәни, әрі материалдық пайдалардың бар екендігі мәлім. Мәселен, намаз – күнәларды кетіруші, жамандықтан тыюшы әрі Жаратушыны еске салушы ғибадат болса, ораза да пендені кемелдікке жеткізер рухани тереңдігімен қоса тән саулығының бір кепілі ретінде белгілі. Бұл жайлы ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ораза – тәннің зекеті», – деген (Ибн Мәжәһ жеткізген). Біз оразаның хиекметтері туралы ізденіп, маңызына көз жеткізе түстік.

ОРАЗА – ТАҚУАЛЫҚТЫҢ МЕКТЕБІ
Әуелі Құран аятына мән беретін болсақ, Алла Тағала бұл аятта ораза ұстау бұйрығының себебін: «…тақуа боларсыңдар» деген сөзбен түсіндірді. Яғни, ораза ұстаудағы мақсат – аш жүру емес, тақуалыққа жету. Ал күнә атау­лыдан барынша сақтанып, тіпті күмән атаулыға жоламауға тырысатын тақуалық деңгейі – мұсылманшылықтың, адамшылықтың үлкен бір сатысы. Қасиет­ті Құранда Жұмақтың «тақуалар мекені» деп сипатталғанының өзі көп нәрсені аңғартса керек...
Ғалымдар: «Ислам – үкімдерінің барлығы әділ және тек адам баласының пайдасын ғана көздейтін хақ дін. Бізге бұйырылған нәрселердің барлығында – пайда бар, ал тыйымдарда – зиян бар», – деп түйіндейді. Яғни, ораза ұстау – қиын сияқты көрінгенімен, бізге пайдалы құлшылық; біздің пайдамыз үшін бұйырылған құлшылық. Сонымен оразаның бірінші пайдасы – бізді тақуалыққа бастайды, ал тақуалық Алла разылығына, Жәннатқа жеткізеді...

ЖӘННАТ ЕСІКТЕРІ АШЫЛАДЫ
Ораза құлшылығы – негізі, таңсәріден күн батқанға дейінгі аралықта ішіп-жеу­ден және жұбайлық жақындықтан бас тарту арқылы көрініс беретін ғибадат. Алайда ораза бұнымен ғана шектелмейді. Оразаның кәмілдігі сонымен қатар көз бен құлаққа, қол мен аяққа да, тіпті сезім мен ойға да белгілі шектеулер қою арқылы толыға түседі. Яғни ораза дегеніміз – жамандық атаулыдан аулақ кету арқылы жүзеге асатын құлшылық.
Бір хадисте «Рамазан – Мүбәрак ай. Ол айда Алла Тағала сендерге ораза ұстауды парыз етiп, Жәннат есiктерiн айқара ашып, тозақ есiктерiн тарс жауып, жын-шайтандарды кiсендеп қойды. Ол айда мың айдан қайырлы түн бар» (Насаий жеткізген) делінген. Яғни, Рамазан айында Жәннат есігі ашық, тозақ есіктері жабық, шайтандар кісендеулі. «Рамазан айында Жаннатың есігі айқара ашылады» деген сөйлемді «Бұл айда сауаптар еселенеді, сондай ақ Қадір түні жасалатын құлшылықтың сауабы 83 жылдық құлшылықтың сауабынан басым болуы мүмкін. Басқа айда орындалмайтын тарауих намазы, ауызашар, пітір садақа, Құран хатым ету секілді Жұмаққа жетелейтін салиқалы, ізгі амалдарды істеу мүмкіндігі көбейеді. Сол себепті Рамазан айында ораза ұстаған адам үшін Жәннат есігі айқара ашылады» деп түсінуге болады.

ОРАЗА – НӘПСІНІҢ ТІЗГІНІ
Оразаның тағы бір үлкен мақсаты ортаға шығады: ораза ұстау арқылы адам баласы өз нәпсісін тізгіндеп, тәрбиелейді. Өйткені тәрбиеленбеген нәпсі иесін жамандыққа, күнәға бастайтыны Құран аяттарында анық айтылады. Ал, «нәпсі» дегенде әуелі адамның ұйқы, тамақ, жыныстық құмарлық секіл­ді тән қалаулары айтылады. Соны­мен бірге, осы тәнге байланудан туын­дайтын менмендік, өзімшілдік сезімі; тәкәппарлық, көреалмаушылық, мақтан­шақтық, ызақорлық, өшпенділік, жалқау­лық сияқты жағымсыз құлықтар да – нәпсінің мазмұнын құрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде: «Сіздердің ең үлкен дұшпандарыңыз – нәпсілеріңіз» (Бәйхаки жеткізген) десе, келесі бір хадисінде нәпсімен күресті «үлкен жиһад» деп атаған... Мінеки, оразада осы нәпсі тізгінделеді: ішіп-жеуден ғана емес, артық сөзден, ашудан да тыйылады; тыйып үйретеміз.
Иә біз ораза кезінде ақылымыз, иманымыз арқылы нәпсімізді бағындырып, одан үстем болып үйренеміз. Нәпсімізді атқа теңесек, Рамазанда оны ерттеп мінгендей боламыз; ал басқа айларда атты өзіміз арқалап жүргендейміз бе?..

КӨРКЕМ МІНЕЗДІ ШЫҢДАЙДЫ
Мұсылманның көркі – көркеммінез. Расында, адамның шынайы бағасы міне­зімен өлшенеді. «Әдеттен мінез, мінезден тағдыр қалыптасады» деген тұжырым тағы бар. Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын!) бір хадисінде сынақ өмірдің нәтижесі шығарылатын Қиямет күні сауап таразысын салмақты қылатын, ең ауыр тартатын нәрсе көркеммінез екенін ескерткен. Ал көркеммінездің басты сипатының бірі – сабыр болса,ораза арқы­лы бойымызда осы «сабыр» деген баға жетпес қасиет қалыптасады екен.
Қасиетті Құранда айтылғанындай, пенде жүрегіндегі тыныштықтың кепілі – Алла Тағаланы еске алу болса, адамдарды өзара жарастырудың жолы – мейірім мен махаббатта. Ораза құлшылығы осы мақсатты өз деңгейінде жүзеге асырады. Өйткені ораза ұстаған жан ашыққан адамның жағдайын жан-дүниесімен сезінеді; мұқтаждық пен жоқтықтың ащы дәмін өз басынан өткереді; сол арқылы басқа жанның қайғысына иіліп үйренеді...

САУАБЫН АЛЛА ӨЗІ БЕРЕДІ
Әуелі бәрімізге белгілі хадис мәтініне зер салайық:«Адам баласының барлық амалы еселенеді: жақсы амал оннан жеті жүз есеге дейін көбейеді. Алла Тағала айтады: «Адам баласының барлық амалы – өзі үшін. Тек ораза – Мен үшін. Оразаның есесін, сыйын Өзім беремін. Өйткені, пендем Мен үшін шақуат қалауы мен тамағынан тыйылады». Ораза ұстаушы бөленетін екі шаттық бар: ауыз ашқан кездегі қуаныш және Раббысымен жолыққан уақыттағы қуаныш. Алла Таға­ланың алдында ораза ұстаған адамның аузының иісі мисктің (әтірдің) исінен де жағымды!» (Бұхари, Муслим жеткізген).
Ораза құлшылығы – бұл кемшілік­терден ада. Өйткені, оразаны тек Алла Тағалаға ғана арнауға болады және өзі айтпаса, Жаратушы Иесі мен ораза ұстаушы адамның арасындағы құпия сыр болған бұл құлшылықты басқа ешкім біле де алмайды, көре де алмайды. Шындығында, ораза ұстаушы адамның ешкім жоқ жерде тамақтанып алуына, ал басқалардың көзінше аузы берік адам секілді жүріп-тұруына ешнәрсе кедергі емес. Оны ондай екіжүзділіктен тек Алла Тағаланың көріп тұрғанына деген кәміл иман мен тек Жаратушысының разылығын іздеген шынайы ықыласы ғана сақтайды. «Сый» демекші, қажылық, намаз, зекет, садақа секілді ғибадаттарымыз үшін мақтау естіп, иығымызға шапан жабылып, өзіміз секілді пенделерден «сыйлық алып» жүрміз ғой. Ал ол құрмет пен мақтан пенденің нәпсісін семіртіп жіберуі әбден мүмкін...
Ал ораза – жоғарыда айтқанымыздай, ел көретін құлшылық емес. Оразаға Жаратушы Иеміз ғана куә, ол үшін Алланың разылығынан басқа сый да жоқ! Қорыта айтқанда, оразада хақ дін Исламның басты талабы болған Алла Тағаланы Бірлеу – таухид сенімі анық кө­рі­ніс табады және ниеттегі ықылас та өз кемелін табады. Міне, сондықтан тек Өзіне ғана бағышталған Оразаның сауабын Жаратушы Жаппар Иеміз Өзі береді және Өзінің құдіреті мен мейіріміне лайық түрде береді!..

P.S.: ...Рамазан айы – шын мәнінде, Алла Тағаланың мұсылман жұртына жасаған теңдессіз тартуы. Өйт­кені, Рамазан – ризығымызды бере­кет­тен­діретін, сауабымызды артты­ратын құт­ты ай. Ендігі мәселе: осы бір айдағы ынта-жігерімізді басқа айлар­да бәсеңсітіп алмау, осы ай ішінде қалыптасқан жақсы әдетті ары қарай жалғастырып, мінезіміздің бір қырына айналдыру. Онда сауапты іс, игі амалдар жасауға асығайық...

Дайындаған Әли ТЕМІРБЕК
26 сәуір 2020 ж. 598 0