№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Рамазан айында әрбір игі амалдың сауабы еселенеді

Рамазан айында әрбір игі амалдың сауабы еселенеді

Сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптармен біте қайнасқан шариғат заңдылықтары қайта жаңғырып, адамдарды имандылыққа баулуда. Әсіресе, Рамазан айында бір-біріне жақсылық жасайтындар қатары артты. Ауыл-ауылда ораза ұстаушы жамағатқа ауыз аштырып, сауабын алуға ниеттілер көбейді. Тіпті, сауапты іске асыққандар қатарының көбейгендігінен біріккен жамағаттар екі-үш үйге бөлініп барғанын көріп, естіп жүрміз. Әрине, бұған қуанамыз. Биылғы рамазанда осындай игілікті істің бірнешуіне тоқтала кетсек.

  Рамазан айында әрбір игі амалдың сауабы еселенеді. Тіпті, он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады. Осыны түсінген жақсылар жақсылық жасауға асығады. Сондай амалға Аққұм елді мекенінде куә болдық. Облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі меценат Жанкелді Ысқақов аққұмдық ағайынға дастархан жайып, садақасын берді. Жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Ілиясов, Кейден ауылдық округінің әкімі Бақтияр Тоқтыбаев және т.б. атқамінерлер келді. «Хисамиддин Сығанақи» мешітінің найб имамы Ақмұрат Әлімбайұлы қатысып, оразаның хикметін жан-жақты түсіндіріп:
– Құран аяттарында оразаға байланысты: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға ораза парыз етілгендей, сендерге де ол парыз етілді.Әрине, тақуа боларсыңдар». («Бақара» сүресі, 183-аят.) Мейірімі шексіз, аса Дана Алла Тағала бұл аятта ораза ұстау бұйрығының себебін: «…тақуа боларсыңдар» деген сөзбен түсіндірді. Яғни, ораза ұстаудағы мақсат – аш жүру емес, тақуалыққа жету. Ал күнә атаулыдан барынша сақтанып, тіпті күмән атаулыға жоламауға тырысатын тақуалық деңгейі – мұсылманшылықтың, адамшылықтың үлкен бір сатысы. Қасиетті Құранда Жұмақтың «тақуалар мекені» деп сипатталғанының өзі көп нәрсені аңғартса керек... – деді.
Аққұм мен Қауықтағы ағайын тегіс жиналған берекелі басқосуда еңбек ардагері Тілеухан Мүсілимов халықшыл азамат Жанкелді Ойшыұлының шағын елді мекенге сіңірген еңбегін айтып, депутаттың қарапайымдылығын, кішіпейілділігін, жауапкершілігін көпке үлгі етіп, алғысын білдірді.
Соңғы жылдары Аққұм елді мекенінде мектеп бой көтерді, медициналық бекет пайдалануға берілді. Жол түсті. Осындай жұмыстарда Жанкелді Ысқақов та хал-қадірінше қол созды. Облыстағы сала басшыларымен бірге келіп, туындаған мәселелерді шешудің жолын іздеді. Ауылдағы ағайынды сөзбен демеді, нақты іспен қуантты.
– Әрине, соңғы жылдары аққұмдықтар тыңдырымды тірліктерді көрді. Мұнын бәрі аудан әкімінің іскерлік қарым-қабілетінің нәтижесінде жүзеге асты. Сондай-ақ, мәслихат депуттары оң көзқарас танытып, жанашырлық көрсетті. Ендігі уақытта жолды асфальттауға мән береміз. Аяқсу мәселесі өзекті екенін білеміз. Оның шешілу жолын қарастырамыз, – деді Жанкелді Ойшыұлы.
Рухани жиынның мазмұнды өтуіне атсалысқан Ақмұрат Әлімбайұлы: «Жиған-тергенін қайырымсыз істерге жұмсап жүрген жандарға ойлану керек. Әсіресе, Рамазанда жақсылық жасауға асығу керек. Осы ретте, Жанкелді ағамыздың бастамасы құптарлық іс», – деп ізгілікті амал жасауға шақырды.

***

Мұсылман үшін қадір түнінен қасиетті түн жоқ. Осындай сауабы ерекше күні ауыз аштыру бақыты аудандық мәслихат депутаты Жасұлан Амалбеков және «Жаңақорған шипажайы» ЖШС директоры Жұмахан Ыдырысовке бұйырыпты.
«Алты ата» мешітінің жамағаты мен ағайын-туыстың басы қосылған алқалы басқасуда рамазанның нығметі сөз болып, ғибраты тәлім етілді. Ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаров мiнез-құлықтарды жақсартады, көздi харам нәрселерге қараудан сақтайды, бiреудi ғайбаттамауға үйретеді, аяқ-қолды күнәға бастайтын iстерден қорғайды, нәпсісін жеңуде сабырға иек артуға ұқтыратынын айтты. Жалпы, рамазанда сауаптар еселеп артып, күнәлар кешіріледі. Алланың алдында мерейін асырады. Бұл жөнінде Мақсұт қажы мен Мейрамбай қажы кеңірек тоқталды.
Ал, ел ағалары Абутәліп Құдайбергенов пен Тасболат Төребаев игілікті іске ұйытқы болған Жасұлан Амалбеков пен Жұмахан Ыдырысовке алғысын жеткізіп, істеріне береке тіледі.

P.S.: Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», депті. Шүкір! Осы хадиске амал жасаушылар қатары көбейді. Оразаның уақытында жақсылық жасауда асығып, аузашар жасаған әрбір жаңақорғандыққа Алланың мейіріміне бөленіп, еселенген сауаптар алуына тілектеспіс.

Ерлан РАЙЫМБЕКҰЛЫ.
04 маусым 2019 ж. 1 131 0