№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бірғаным Әбілпатта Абайдың рухани мұрасымен сусындаған

Бірғаным Әбілпатта Абайдың рухани мұрасымен сусындаған

  Поэзиямен қуаттанған жастың рухы биік, арманы асқақ болады. Әсіресе Абайдың рухани мұрасымен сусындағандар адамдықты ту етіп, адалдық қасиетімен ерекшеленеді. Мұндай жастар Жаңақорғанда көп. Соның бірі – Бірғаным Әбілпатта.


Ол Абай Құнанбаевтың 175 жыл­дығына арналған «Ұлттың ұлы мұра­сы» атты халықаралық өнер-білім фестивалінің облыстық деңгейінде дараланды. Иә, 100-ден аса білімпаздың ішінде білімі мен зеректігімен көзге түсті.
– Әрбір қатысқан байқаудан өзіме үлкен сабақ аламын, мейлі білім жағынан, мейлі өнер жағынан болсын. Өнер мен білім біте қайнасқан сала болғандықтан бірдей алып жүру маған қиындық тудырмайды. Ал өзім қатысқан халықаралық байқауға келсем, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 102 жас қатысты. Онда Абайдың «Ескендір» поэмасын оқып, үшінші орынды иемдендім, – дейді ол.   
№125 С.Сапарбеков атындағы мек­тептің 8 сыныбында оқитын жас талап, мектептің мақтанышы, сыныбының үздігі. Бұл жайлы ұстазы Асылзат Нұратаева айтып берді: «Алғырлығы мен көпшілдігінен болар кез-келген ортада өзін еркін сезінеді.  Мектепішілік шараларға жиі қатысып, өзінің қабілетті екенін дәлелдеп жүреді. Кешегі мектепте «Сұлу қыз – сырлы жеңге» атты сайыста көптің көңілінен шығып жүлделі ІІ орынды иемденді. Қашықтықтан өткізілетін білім бәйгелерінде өзін сынап отырады. ХХІ ғасыр білім мен ғылымның өркен жайған кезеңінде еліміздің үздік отыздыққа енуде осындай білімді жастардың қосары мол».
Бірғаным «Қобыланды батыр» жырын жатқа біледі. Демалыс күндерінде кітаппен сырласатын оның ұстанымы әрбір күнінде пайдалы ілім алу. Шабыты келгенде қалам тербеп, өлең жазатыны да бар. Бұл тектен келген қасиет сияқты. Немере ағасы алаш жұртына мәшһүр ақын Әбілқайыр Сыздықов. Әкесі де өлеңнен қара жаяу адам емес. Білімпаз жас білім ордасында жыр мүшәйраларына қатысып, бағын сынап үлгерген. Өнерлі өреннің ата-анасы қызының әр жетістігінде қасынан табылып, шынайы қолдау білдіріп келеді.
– Баланың қабілетін бағалап, оны әрі қарай жетілдіру ата-ананың міндеті. Әсіресе қыз баласына үлкен қолдау қажет. Облыс орталығында өткен фестивальге өзім алып бардым, алайда байқаудың шартына сәйкес қатысушының өнерін тек жетекшісі тамашалай алады екен. Сол жағы мені алаңдатқаны рас. Алайда қызым үмітімді ақтап, үздіктердің қатарынан көрінді, – дейді әкесі Бегалы Әбілпаттаұлы.
Бірғаным өнердің түр-түрін меңгеруге мән берген өспірім. Ол аудандағы «Әлшекей» өнер мектебінде білікті ұстаз Зәуреш Хасановадан домбыраның қыр-сырын үйреніп жүр. Домбыра сыныбының бітіруші түлегі.
Талант иесімен әңгіме барысында өнер тауып, өмірдің бір кірпішін дұрыс қалап, елге адал қызмет етуді мұрат еткенін білдік. Лайым, мұратына жете берсін!

Майра ҒАНИЕВА
21 наурыз 2020 ж. 692 0