№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » «Дарабоздан» дара шыққандар

«Дарабоздан» дара шыққандар

   Кенттегі №110 мектеп-лицейінде «Атадан мұра» қоғамдық қоры байқау ұйымдастырды. Жасөспірімдер арасында өткен ІІІ Республикалық «Дарабоз» өнер мен білім байқауында «Вокал» жанры бойынша жаңақорғандық Бекарыс Бөрібай бас жүлде алса, қыраштық Нұрасыл Қансейіт пен Нұртөре Шамшудин екінші орыннан көрінді.
Жүз елуден аса қатысушылар бұл байқауда жас ерекшеліктеріне қарай аспапта ойнау, көркем сөз оқу, ақындық өнер, би, бейнелеу өнері, дәстүрлі ән және вокал бойынша түрлі жанрда бақтарын сынады. Бұл балалардың өнері шыңдалып, жұлдызы жануына үлкен мүмкіндік беретін байқау болғанын айта кеткен жөн. Солардың қатарында «Әлшекей» атындағы аудандық өнер мектебінің ұстазы Құралай Әлиева дайындаған шәкірттер жеңісті сәттегі қуаныштарымен бөлісті.
Алдымен байқаудан оза шауып, кіл мықтылардың арасынан үздік деп танылған Бекарыс Бөрібайды сөзге тарттық.
– «Дарабоз»-дан Бас жүлде алғаныма өте қуаныштымын. Ән додасында Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін орындадым. Ауданның түкпір-түкпірінен келген басқа да өнерпаз ұл-қыздармен сынға түсіп, бағыңды сынау оңай болмады. Өзім өнер көрсететін топта кіл мықтылар болды. Жетекшім Құралай Әлиеваның бағыт-бағдарының нәтижесінде өнерім бағаланып, жүлделі орыннан көріндім, – дейді өнерпаз оқушы.
Болашағынан зор үміт күттіретін Бекарыс «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің 2-ші сыныбында оқиды. Бұл алғашқы жетістігі емес екен. Бұған дейін де облыстық, республикалық байқаулардан жүлдесіз оралмаған. Болашақ әнші жігіт Халықаралық «Ғұмырдария» байқауынан былтыр Бас жүлде алып қуантқан екен. №125 мектептің бесінші сыныбында оқитын өнерпаздың әншілікпен қатар актерлық өнері де барын байқадық. Әр іс-әрекеті мен мимикасы, сөйлеу мәнері және көпшілік ортасында өзін еркін ұстауы өнер жолын таңдаған адамға керек-ақ қасиет. Айта кететіні, Бекарыс жаз мезгілінде Алматы қаласында өтетін Халықаралық байқауға жолдама алды. Ендігі арманы сол өткелі отырған байқаудан да үлкен жетістікпен оралсам деген арманы бар.
Аталмыш байқаудың екінші орын иегері қыраштық Нұрасыл Қансейіт болса «Вокал» жанры бойынша әйгілі «Алпамыс батыр» әнін орындапты. Ол жеңісті сәтімен бізбен былайша бөлісті.
– «Әлшекей» атындағы өнер мектебіне үшінші сыныпта келдім. Осы салада бар білгенімен бөлісіп, шәкірттеріне музыка пәнінің әр нотасын үйретуден жалықпайтын Құралай ұстазыма мың алғыс. Бұл жеңіс тек нәтижелі еңбектің арқасында бұйырған жүлде. Бұдан әрі де осы білімімді жетілдіріп, үлкен сахнада өнер көрсетсем деген арманым бар, – дейді Нұрасыл.
«Әлшекей» өнер мектебінің төртінші сыныбында оқитын Нұрасыл жайында жетекшісі өз ойын жеткізді.
– Өнер, соның ішінде әншілік салада бағын сынап жүрген шәкіртімнің алар асу әлі алда. Оның бұдан басқа жетістігі де жоқ емес. Мәселен, 2018 жылы Халықаралық «Ғұмырдария» байқауынан І орын алған. Басқа бағындырған белестері көп. Нұрасылдың ән орындағанда жүрекке салып орындағанын көрсеңіз кез келгеннің көңілін өзіне аударады. Келешегі шәкіртімді талай додалардың шыңынан көретініме сенімдімін, – дейді ұстазы Құралай.
Ал аудан орталығында орналасқан №51 мектептің бесінші сынып оқушысы Нұртөре Шамшудин де осы байқаудың екінші орын иегері.
– Мені өнер мектебіне анам алып келді. Қазір «Әлшекей» өнер мектебінің екінші сыныбында музыка саласының қыр сырын меңгерудемін. Былтыр ғана бастау алған «Дарабоз» байқауында өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Бұл жеңіс ұстазымның ән өнерінде үйреткен тәсілінің нәтижесінде келген жетістік, – деді ол.
– Байқауда «Қазақстаным» әнін орындаған кішкентай бүлдіршіннің бір қарағанда үндемейтін, тұйықтау бала екенін бірден аңғарасың. Бірақ жан дүниесінде өнер деген қасиетті ұғымды түсінетінін сезгенде үздіктер қатарынан көрінбеуі мүмкін емес екенін тағы түсінесің. Тәуелсіз еліміздің болашағы, тірегі білімді ұрпазқ десек, адамның рухының биік болуындаөнер саласының да септігі бар. Демек мен өнерді қастерлейтін шәкірт тәрбиелеудемін деп толықтай айта аламын, – деді жетекшісі Құралай Әлиева.
«Әлшекей» өнер мектебінің осылайша мақтанышына айналған оқушыларға алдағы өмірде де тек сәттілік тілеп, бұдан да биік белестерді бағындыруларына тілекші екенімізді білдірдік.

Лаура БИБАСАРОВА
22 желтоқсан 2019 ж. 2 379 0