Жолдау-2026: Тоқаев айрықша маңызды металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құруды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуын жеделдету үшін геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгертуді және айрықша маңызды металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесін құруды ұсынды. Үкіметке осы мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның минералдар мен шикізатқа бай болуы – ел үшін стратегиялық артықшылық. Алайда жаңа кен орындарын бұрынғы әдістермен іздеу тиімді емес. Сондықтан геологияны жоғары технологиялық сала ретінде дамыту қажет.
Мемлекет басшысы озық технологияларды пайдалана отырып, еліміздің жер қойнауын толық зерттеуге, геологиялық деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге басымдық беру керектігін атап өтті. Сондай-ақ жаңа кен орындарын іздеу мен барлау жұмыстарына жеке инвестицияларды белсенді тарту қажет екенін айтты.
Айрықша маңызды металдардың рөлі артып келе жатқанын ескеріп, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, олардың қорын тиімді басқарудың ұлттық жүйесін құру қажет, - деді Президент.


