Исламдағы әйел кісінің мәртебесі
Қазақ халқында жеке адамның азамат болып қалыптасуында, қоғамның сүттей ұйып, берекелі ғұмыр кешуінде және сол қоғамның адами қағидаларды берік ұстана отырып дамуында ақ жаулықты аналардың рөлі зор. Тақырып ауанын Сыр елінің ишаны Қалжан ахунның айтқанымен бастасақ. «Қазақтың баласы еш уақытта адаспайды, егер ол екі медреседен сабақ алса. Яғни, біріншісі атасы, екіншісі әжесі. Осы екі медреседен тәлім-тәрбие алған бала хайырлы ұрпақ болары хақ» деген екен дін білгірі. Әрине, тереңінен түсінгенге мол тағлым жатыр. Бір ғана әже тәрбиесін көріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіргендер қатарында ұлт зиялылары көп-ақ. Зередей зерделі әженің жыр-дастаны мен қиссасын тыңдап өскен бала Абай дана Абайға айналды. Айғанымдай аяулы апаның әлдиінен Шоқан шықты жарық жұлдыздай. Әрине, тізбектей берсек, тізім таусылмайды.
Бүгінде қоғамда сан түрлі мамандық иесі атанып, сан салада қызмет атқарып жүрген әйел адамдарын көреміз. Хадисте «Әйелдердің еркектерден артықшылығы Алла оларды сезімтал етіп жаратқан. Дегенмен Алла оларды ұялшақ қылып жаратқан» дейді. Әйел баласының табиғи сезімталдығы руханиятқа бір табан жақын тұрғандығының нәтижесінде, асыл дініміз Ислам тарихында тақуа әйелдер бейнесі көптеп кездеседі. Мәселен, Хадиша анамыздың Ислам дінін алғаш қабылдап, бүкіл байлығын дін жолында жұмсағандығы мәлім. Осы тұста қоғамда әйелдер қауымының әйелге тән мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеттері бар дербес тұлға ретінде орны бар. Айша анамыз, оған Алла разы болсын, риуаят еткен хадисте «Ең жақсы әйелдер, ансарлардың әйелдері. Себебі олар ұялшақтар. Дегенмен олардың ұялшақтығы, дін ілімдерін үйренулеріне кедергі болмады.» дейді. Айша анамыздың (р.а) тағы бірде риуаят еткен хадисінде: «Әйел – ер кісінің екінші жартысы», деп әйел адамның отбасындағы мәртебесін айқындайды. Ал Бақара сүресінің 187-аятында: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киімсіңдер» деп ер мен әйелдің бірін-бірі толықтыратын жандар екенін көрсетеді.
Мұндайда дана қазақтың «Бақытты даладан іздеме, баладан ізде» деген аталы сөзі текке айтылмаған. Бала тәрбиесіндегі әйел адамның бейнесі салмақты, салиқалы. Өйткені хадистерде айтылғандай «Аяғы ауыр болып, құрсақ көтеріп жүрген әйел дүние салса, шаһиттердің қатарынан болады» делінген. Бірде Алланың елшісіне, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, бір әйел баласымен келеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с): «Аяғы ауыр әйелдер, дүниеге бала әкеліп әрі балаларға қамқор, күйеуіне адал, айтқанын екі етпейтін болса, намазын өз уақытында оқыса, бара жері жәннат болады» деген. Осы тұста дүниеге келген перзентіне имандылық рухын сіңіру үшін бесікті Алла атымен тербеткен қазақ аналары ақ жаулықтың, ар намыстың ақ туы. Бесік жырындағы «әлди» деген сөз «Алла» деген сөздің өзгерген түрі екенін тіл мамандары әлдеқашан дәлелдеген.
Әлдиден эпосқа дейінгі рухани мұраларда қазақ әйелінің ұлттық болмысы, ұлттық санасы, ұлттық психологиясы сайрап тұрғаны анық. Асыл дінімізге негізделген рухани құндылықтар тек сөзбен ғана берілмейді. Ол адамның болмысы, бейнесі, өз болмысымен үлгі болуы. Шариғат заңдылықтары көп жағдайда ұлтымыздың тектілікке негізделген болмысында бірін-бірі толықтырып тұрады. Хадисте: «Әрбір діннің мінезі бар. Ислам дінінің мінезі – ұят» делінген.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» атты кітабындағы қазақ әйелінің бейнесін былайша сипаттайды: «Қазақтың арулары келін болып түскенде сәнді де мәнді сәукеле киеді. Бір жыл жас келін ретінде шаршы орамал тартады. Жыл толғанда апа-әжелер, абысын-ажын арнайы дастарқан жасап, келінге кимешек кигізу рәсімін жасайды. Қазақ әйелінің өміріндегі бұл да өнегелі дәстүр, атаулы күн саналған. Әжелер: «Міне, енді нағыз кимешекті келіншек болдың кимешегің құтты болсын! Өмірің озғақ, киімің тозғақ болсын!» деп, тілек айтып, байғазы ұсынған» дейді. Яғни әйел адамның көркі саналатын шаштарын келіншектердің ана атанғаннан кейін кимешекпен қорғап, ақ жаулықтың бала тәрбиесіндегі маңыздылығын ескергенін ұғамыз.
Расында бабалар мен келер ұрпақты жалғастырып тұратын алтын көпір – салт-дәстүрге сай, шариғат шеңберіндегі шәлісімен қазақ әйелі қыс қыстау, жаз жайлауға аттың жалыны, түйенің қомында жаугершілік заманында көшіп-қонып жүріп, ар-намысын сақтаған. Ақ жаулықтарына дақ түсірмей ұстаған аналарымыз, ұланғайыр қазақ даласында сән-салтанатымен жүрген қыз-келіншектер көпке үлгі. Әзірет Әли (р.а): «Қыз – жақсылық, ұл – нығмет» жақсылықтың сауабы бар, нығметтің сұрауы бар» деп айтқан. Ендеше сауап жауапсыз қалмайды. Қызды жақсылыққа балаған мұсылман жұрты қыз баланың тәрбиесіне, қоғамдағы орнына ерекше мән берген. Сауаптың жауабы ретінде кең байтақ қазақ даласынан туған талай батыр тұлғалы азаматтар мен абыздар ақ жаулықты аналардан туған. Аты аңызға айналған талай батырға қалқан болған.
Қорыта айтқанда, Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырады. Жаугершілік заманда жаулығына адал болған аналардан кейінгі толқын тұрмыс тауқыметін ер азаматтардан кем көрмеседе ақ жаулықтарына дақ түсірмеді.
Садулла қажы ОМАРОВ,
ауданның бас имамы