Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақшалы адам емес, білімді адамның мәртебесі жоғары

Ақшалы адам емес, білімді адамның мәртебесі жоғары

Адами капитал – адам бойындағы дарыны, қабілеті, білімі, бәсекелестік заманындағы іскерлігі мен кәсіби құндылығы. Сонау Әл-Фараби мен Абай заманынан бастау алған рухани тұрғыда кемелденген толық адам концепциясы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жалғасын тапты.

Адами капитал – басты құндылық. Оны арттыруды бала бойына тәрбиенің дәнін себуден бастаған абзал. «Тәрбиесіз алған білім, адамзаттың қас жауы» демекші, жақсы тәлім-тәрбиемен сусындаған ұрпақ елін, жерін сүйетін, білімді, еңбекқор тұлға болып қалыптасады. Қазіргі уақыттағы білім мен ғылым ғасырында адам капиталына инвестиция тарту арқылы ғана экономикалық әлеуетті арттыруға болады.
Адами капиталды арттыруға салынған инвестиция ешқашан құнын жоймақ емес. Оған дәлел ғылымы мен технологиясы дамыған алпауыт Германия, Жапония сияқты елдерде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ең басты капитал – адам капиталын арттыруға баса назар аударылып, оның жемісін де көріп отыр. Тек біліктілігі жоғары қызметкерлер ғана индустриялық қоғам, яғни «Білім мен жалпыға бірдей еңбек қоғамы» жағдайында қызметтің барлық түрлерінде жоғары тиімділікке қол жеткізуге қабілетті. Осыған байланысты білім экономикалық категорияға айналды. Ақшалы адам емес, білімді адамның мәртебесі жоғары. Қалай десек те елімізде білімді, білікті мамандарға сұраныс жоғары.
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» тарауында әсіресе білім беру мәселесіне айрықша назар аударылған. Сол сияқты «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4 тарауы адами капиталды дамытуға бағытталған, «Педагог мәртебесі» және жыл басынан бастау алған, бұқара халықтың денсаулығын көтеруге бағытталған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі де адами капиталды дамытудың нақты тетіктері болып саналады.
Ғылым мен техниканың қарыштап дамуы білім саласында өзгерістер мен толықтыруларды қажет ететіні белгілі. Осы мақсатта мектеп қабырғасында ІТ саласы, робототехника, бағдарламалау кеңінен жолға қойылып, бастауыш және орта білім беруден бөлек, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыстар жасалынып келеді.
Тәрбие мен білімнің алғашқы баспалдағы балабақшадан бастау алады. Бөбекжайларда Абайтану ілімі насихатталып, балғындардың ұлы ғұлама шығармаларымен танысуы адами құндылықтарды дамытуда тағылымды қадам болары анық.

Ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлы: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» деп бүгінгідей білім мен ғылымның алға бастар басты құндылық екенін дөп басып айтқан.
Адами құндылықтардың қайнар бұлағы қай кезде де отбасында қалыптасатынын ұмытпаған жөн. Адамзат әлемінде ақыл-ойымен нұрын шашқан ұлы ақын Абайды тәрбиелеген әжесі Зере мен анасы Тоғжанның тәлімдік мектебі келешек ұлтқа тіреу тұлғаны өсіріп,адамзатқа өнеге еткенін ұмытпайық.


Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір даналығында: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен. Иә, бабамыздың қорқынышы орынды. Бүгінгі ұрпақ ұлттық дәстүрді сақтауға аса құлық таныта бермейтін халге ұрынғандай Оған кінәліні алыстан емес, өзімізден іздегеніміз жөн. Бала бойына адами құндылықтарды сіңіретін алдыңғы буынның өзі оны ұмыт қалдырғандай. Өкініштісі де осы. Технологияның қарыштап дамыған уақытында гаджеттерге байланып өз құндылығымызды жоғалтып барамыз. Бесік жырының орнын мағынасыз әуендер алмастырса, ата-әженің орнын шым – шытырығы мол заманауи технология басты.
Қазақи дәстүрді насихаттаушы ел анасы Зейнеп Ахметованың қайынатасы Бауыржан Момышұлының өнегеге толы өмір жолынан қалам тербеуі ұлттық тәрбиенің қайнар көзіне айналып отыр. Зейнеп апаның кітаптарын оқи отырып батыр бабамыздың бүкіл тағылымы көз алдымызға келді. Бұл мұраның келер ұрпаққа тәлім-тәрбиенің ұйытқысы болып жүргеніне бәріміз куәміз.
Жазушы ұлттық тәрбиеге баса назар аударып ата-ананың отбасындағы бір-біріне қарым қатынасы, рухани көзқарасы, күнделікті іс-әрекеті балаға тікелей әсер етіп қана қоймай, ұрпақ тәрбиесінде үлкен мәнге ие болатынын түсіндіріп келеді.
Адами асқақ мінез, биік парасаттылық – бақытқа бастар жол. Оның бесігін тербететін ана атаулыға артылар жүк ауыр.

Роза СӘУЛЕБЕКОВА,
№3 мектеп интернаты тәрбиешісі
19 ақпан 2020 ж. 1 254 0