№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы,ерінбе!

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы,ерінбе!


Ұлы Абай атамыз өмір бойында қазағының қамын жеп, соның мұңын мұңдап, жоғын жоқтағанда ой теңізін кешіп, жанымен түйсінгенін сара сөзбен сақтап, арттағына қалдырғанда содан кейінгі ұрпақ үйренсе, білсе, өнеге алса деген асыл мұратты қазық етті. Ақын нақыл – өсиеттерінің барлығының дерлік адамзат өмірін құндылықтарға кенелтетін кемел қуатын мойындаған кеңестік тәрбиенің өзі даналық иесінің мұраларынан бас тартпай, қоғамның саналы мүшелерін қалыптастыруға тиімді пайдалана білді. Мектеп оқулықтарында Абайдың өлеңдері өзіндік жүйелі орнын тапты.


«Ғылым таппай мақтанба». Қазірде жасы сексенге келген қарияларымыздың немерелеріне жаттатып отыратын жыр жолдарының ортақ үлгісі осындай «Көке, бұл өлең мектеп жасынан жадыңызда ма?» десең, «Әрине, 9 жасымда жаттаған өлеңім ғой. Әлі бір сөзін ұмытқаным жоқ» деп жауап береді. Оны қайталап айтқан сайын жаны жадырап, рахаттанып қалатын тәрізді. Тіпті, «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деген жолдарында бес саусағын тарбайтып көрсетпесе көңілі көншімейді.О баста мұғалімі солай үйреткен болуы керек. Жаста сіңген тәрбие қалушы ма еді? Біз неге осыны өз ұрпақтарымызға ұлағат етіп, санасына сіңірмейміз?
Үйде ата-ана үйреткені былай тұрсын, мектеп оқулығынан бірте –бірте түсе бастаған жыр төресінің обалы кімге?
Газетіміздің өткен санында осы мәселені көтерген білікті басшы, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Батырхан Жолановтың жазбасында жаңартылған білім бағдарламасында осындай аса өзекті құндылықтарға терең мән берілмей отырғаны жөнінде шындықты ашып жазыпты.
Осы бағытта біз де аудан мектептеріндегі «Абайтану» пәніне деген ынта-ықыласқа ден қоятын болсақ, оның мәні мен мазмұнын жүректен өткізіп, шынайы көзқарас қалыптастыру жағының әлі де көңіліміздегідей емес екендігіне көзіміз жетер еді. Неге? Абайтану пәні мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде емес, мектепішілік таңдауға қарай факультативтік сабақ ретінде қосымша жүргізіледі екен. Осы бағытта қойған сауалымызға аудан орталығындағы №3 мектеп-лицейінің оқу ісі меңгерушісі, қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнар Әлібекова былай деп жауап берді:
– «Абайтану» пәні әсіресе әдебиетті таңдаған талапкерлер үшін өз-өзін тану, толысу, жан-жақты ізденуге мүмкіндік беретін керемет сабақ. Мен өзім бұдан он жыл бұрын балаларыма «Абайтанудан» дәріс бердім. Шынымды айтсам, әр сабақта оқушыдан бұрын өзім алатын рухани ләззаттың құдіретін айтып жеткізе алмайтынмын.
Абайдың "тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер" әрбір өлеңінің өрнегі қандай. Қара сөздерінің әрбірінің қорғасындай салмағы өз алдына, адам баласына берер ақылы, ғибраты, нұсқауы, бағыт-бағдары қандай. Әндері ше? Абай әндерінің өзі бір бөлек тұңған әлем ғой. Ол әндерді жаттап, әуенге қосып айта білген жас бүгінгінің әләулайын қабылдамайды. Ән емес, әшейін әр халықтан үзіп – жұлқып алынған ырғағының елесін егеленіп, әуез құраған сазгер­сымақтардың дүниелеріне сын көзбен қарап, жалған таланттарды дер кезінде тұсаулар еді. Саф өнерге жанашырлық – сауаттылық белгісі . Өкінішке орай, Абайдың әндері түгіл жырын жатқа білмейтін, тіпті ақынның өзі туралы жетік білмейтін салғырттық етек алып келеді.
Біздер, ұстаздар қауымын ал­ды­мызда отырған қаракөздердің қандай адам болып шығатыны алдымен толғандырады. Ал жас ұрпақ тәрбиесінде «толық адамға» қол жеткізуде Абай мұралары таптырмас қазына ғой.
Қазір де қолымнан Абай Энциклопедиясы түспейді. Оның ішінде бүтін Абай әлемі жинақталған. Ал да қажетіңе жарата біл! Кеше, жоғары сынып білімгерлерімен Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты құнды дүниесін жабыла оқып, жан-жақты талқыладық. Ақынның бізге беймағлұм әлі талай қырлары бар екен. Бізге соны айқындап алуда талмай іздену, еңбектену керек. Ол үшін Абайды оқу керек, – дейді ол ағынан жарыла.
Басшы біткеннің бәрі, қазақ тілі, әдебиеті пәнінің оқытушысының барлығы осы Гүлнардай биік болмыстың егелері болып келе бермейді ғой. Сондықтан көп мектептерде бұл пәнге жүрдім-бардым келте көзқарас басым. Көбінде аты бар да заты жоқ.
Бір мектептерде «Абайтануды» бастауыш сыныпта оқытады екен. Ол балдарымыз дәптеріне бір өлең жаза ма, жазбай ма, сабақтың қалған уақытында сурет салып, тағы бірнәрсе жасап бейқам отырады. Өйткені бұл пән завучтың немесе негізгі пәндерден шеттетілген бостау мұғалімдердің ермегіне айналғандықтан ол шіркіндердің өз жеке жұмыстарын бітіріп отыруына да мүмкіндік мол. Бала да соны біліп алған, «дәптерің қайда, кітабың қайда» десең, құлқы кем, өздері «сұрамайтын сабақ" деп еркіндікке сүйеніп кеткен жауапсыздығы аңғарылып тұрады.
Енді бір елді мекен мектебіндегі алдыңғы қатарлы мұғалімнің арма­нына құлақ түрелікші: «Абайтануды» біздің мектепте – жоғарғы сыныптар арасында оқыту бекітілген. Осы пәннен дәріс беруге қатты ықылас қойып едім. Директор рұқсат етпеді. «10-11-дің қазақ тілі, әдебиеті бар, ҰБТ-сы бар, жақсылап айналыс. «Абайтануды» анау пәленшеге берейік, тым бос, бағдарламаны игеруі қиын, ал мынаны бірнәрсе қылып алып жүрер», – деп «Абайтануды» сылбыр мұғалімге жүктеп қарап отыр. Сосын не істей аламын. Шындығына келгенде, білімгерлерімізге Абайды таныту арқылы тұтас тәрбиенің есігі айқара ашылмай ма? Абай армандаған ізгілікті, ынсапты, әділетті адам – қоғамның басты қаруы осы емес пе?
Олай болса, бұл ағаларым қатты қателесіп тұр. «Абайтану» пәніне басымдық беріп, ден қою арқылы бүкіл мектептің тыныс-тіршілігі рухани тамырдан нәр алып, ұл-қыз ұлағаты тереңдеп, парасат-пайымға даңғыл жол ашылар еді ғой, – деп шыр-пыр болады.
Бұл жөнінде хакім Абайдың өзі:
«Білімді қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзінше баға бермек.
Таразы да, қазы да өз бойында,
Наданның сүйенгені көп пен дүрмек», – деген емес пе?
Яғни, білімді адамның бір сипаты, әрнәрсеге өзінше баға бере алу, таразылай білуі. Өйткені оқу бір бөлек, тоқудың мәні бір бөлек. Түркі шайыры Жүсіп Баласағұн: «Кімде-кім жапырақтан алмаса тәлім, оны оқыта алмас ешбір мұғалім» деген. Осы жерде мына бір тәмсіл ойға оралады:
«Бізде Исламның атақты ғалымы Әбу-Мұхаммед-Әл- Ғазали шәкірттік жылдарында ілім іздеп жер түбін кезеді. Осы сапарынан туған жеріне қайтар жолда қарақшыларға тап болады. Олар ғалымды тонаған дүние-мүліктерінің арасында бүкіл жазған-оқыған дәптер-кітаптарын қоса қолды етеді. Бұған шыдамаған жас ғалым соңынан қуа жүгіріп қарақшының басшысына базынасын жеткізеді:
«Мен ілім қуып жүрген шәкірт едім. анау зұлымдардың қолында менің бүкіл жиған-терген ілімім, түйген ойларым кетіп барады. Одан айрылсам бүкіл еңбегім зая кетпей ме? – деп шын жалыныпты. Сонда қарақшылардың басшысы мысқылмен: «Жазған-сызған қағаздарыңмен бірге жиған-терген ілім-білімің қоса жоғалатын сен қандай ғалымсың», – деген екен. Бұл сөз ғалымға терең ой салады. Бұдан кейін не үйренсе де мыйға тоқып, жадына берік орнықтыруға бет түзейді. Оның түрлі мәніне терең бойлап, содан тағылым түзіп әдеттенеді. Осындай қажырлы еңбегінің арқасында өз дәуірінің озық тұлғасына айналады.
Гавриэль Маркестің бір сұхбатында: «Білім деген – есте сақтап қалған дүниелер» деген сөздер бар.
Бұл жөнінде Абай атамыз не дейді?

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл мақұрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазақта қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.

Баян ҮСЕЙІНОВА

25 қаңтар 2020 ж. 1 104 0