Абай мұрасы оқулықтан алып тасталғаны несі?
Абай есімі - қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының , қоғамның озық күштерінің өркениетке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы. Абай Құнанбаевтың қалдырған өшпес әдеби мұрасы қашан да түн қойнауынан нұр сәулесін шашқандай халқына қызмет етуде. Оның әрбір сөзі- өз заманындағы келеңсіздіктер мен әділетсіздіктерді таразылай отырып, қаламына ерік берген кездегі ішкі жан дүниесінің айнасы. Өзі өмір сүрген ортада қысым көргендегі, әсіресе, 1890 жылдардан кейінгі ел ісіне араласпай, өз әлемімен өмір сүре бастағаннан кейінгі, оңашаланған кездеріндегі ішкі жандүниесімен сырласа отырып, елдегі қараңғылық пен қиянаттан қажыған сәттерінде қажеттіліктен туған, бүгінгі күні де өміршеңдігін, философиялық құндылығын жоймаған шығармалары тек өз ұлтына ғана емес, жалпы адамзатқа азық болар мәңгілік мұра екендігі даусыз.
Абай шығармаларын оқығанда, адами құндылықтың қарапайым өмірден алынған өшпес қағидаларын терең зерделеп, оның соншалықты қымбат қасиет екендігін тани түсесің. ХІХ ғасырда қазақ ұлты сауаты жоқ қараңғы халық болды, елді басқаратын, хат танитын адам да, заң да болған жоқ деп Кеңес дәуірінде жабыла жазғандарға Абай арқылы қарсы дау айтылып келе жатқанына да ғасырдан астам уақыт болды. Кешегі зиялыларымыз: Ә.Бөкейханов А.Байтұрсынов, С.Қожанов, М.Дулатовтар өткен ғасырдың басында-ақ Абай мұраларын насихаттауды, Абай мұрасы арқылы қазақ елін әлемге танытуды мұрат етті емес пе? Ол кісілер Абай шығармаларының тек өз заманының ғана емес, адамзат өркениетінің бағдаршамы екендігін танығандықтан байбалам салып, өз бастарын қатерге тіге жүріп, ұлтын өрге сүйреп, әлемге таныта алатын тұлға ретінде таныды. Абай шығармаларының өз құнын жоймайтын мәңгілік мұра екендігін өзіміз біліп, өзгеге мойындата білуіміз қажет.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақтың болды ғой... – дейді Ұлы бабамыз «Сегіз аяқ» өлеңінде. Неткен көрегендік, не деген пайым, бір ғасырдан астам уақыт бұрын емес, дәл бүгін қасыңда тұрып саған арнап айтылғандай, қазіргі қоғамымыздағы орын алып жатқан келеңсіздікті дөп басып жатса, «Сабырсыз, арсыз, еріншек өлеңінде:
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты...- деп өзі өмір сүрген кездің пысықтары жайлы терең ой қозғаса, бүгінгі біздің заманымыздың жылпостарына дәл осы өлең жолдары арқылы арнау айтсаң да аздық етпес еді. Мүмкін бабамыз әркімнің қара басының қамын ойлап, шындықты айтқан достан жау тауып, күні үшін өзінен шені жоғары адамға жағымпазданған кейіптерден сақтанған болар, немесе осындай жиіркенішті қаракеттерден ұрпағын сақтауға жасаған құнды қадамы болар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы- парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн»,-деп атап көрсеткендей, мен де көптен өзімнің көкейімде жүрген мәселені қозғай кеткенді жөн санап отырмын. Қазіргі білім беру саласында жасалынып жатқан реформалардың тиімді жақтарымен қатар, «әттеген-ай» тұстары да баршылық. Бұрынға мектеп бағдарламаларында Абай шығармалары әр сыныпта өз орнын тауып жататын. Қазіргі жаңартылған білім беру жүйесінде қазақ әдебиеті оқулығында Абай атамыздың шығармаларынан бастауыш сыныптарда екі өлеңі берілсе, алтыншы сыныпта өлеңдері мен бірге екі қара сөзі берілген, сонан соң оныншы сыныпқа дейін бірде бір шығармасы берілмейді.Оныншы сыныпта өлеңдеріне де, поэмаларына тоқтала келіп, тағы да екі қара сөзін береді. Бұрынғы бағдарламаларда әр сыныпта берілетін «Абайтану» курсы тек 9-10 сыныптарға ғана берілген. Бұған да шүкіршілік етуге болатын шығар, бірақ бір кездегі Ұлт мақтанышы А.Байтұрсынов ұлтты сақтауды Абай арқылы танытуды мақсат етіп, Мұқтар Әуезовті қалайда репрессиядан аман алып қалуды көздегендегісі осы ма? Бала ес жиып, етек-жеңін жинай бастаған 7-9 сыныптарда Ұлы тұлғамыздың оқытылмауы өрескел қателік емес пе? Мемлекеттік деңгейде жыл сайын өткізілетін «Абай-Шәкәрім оқулары» түрлі жанрларды қамтиды. Дегенмен сол оқушыларды мұғалімдер сыныптан тыс уақытта дайындап жатады. Ондай ұстаздарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ұлтжанды патриот тұлғалар барлық жерден табылар, бірақ бәрі емес қой. Сондықтан оқулықты, әсіресе, 7-9 сынып оқулықтарын қайта қарап, «Абайтану» курсын мектеп бағдарламасына енгізу ерлігімізді ғана емес, елдігімізді, келешек ұрпақ алдындағы ұлттық болмысымызды білдірмей ме? «Адам өмірінің мақсаты- кемелдену мен жетілу»,- дейді ұлы кемеңгердің өзі, олай болса, өткенді екшеп, бүгінімізді бүлдірмей, келешегімізді кемелдендіру үшін Абайды оқу баршаға парыз болып қала бермек.
«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе»,- деп С.Торайғыров атамыз ХХ ғасырдың басында жаһанға жар салған. Ендеше,дана Абай мұрасыХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан біз үшін де,бізден кейінгі ұрпақ үшін де үзбей оқитын, күнделікті бір рет қарап шығатын бойтұмарымызға айналуы тиіс.
Батырхан Жоланов