Парасат – мектеп партасынан басталады
Абайды оқымаған ұрпақ бәрінен мақұрым қалады. Жаһандану заманының екпінді ағысы есімізді алып, ұрпақты ұлт мәйегінен ажыратып, мәңгүрттендіріп бара жатқан жоқ па деген үрейге берілетініміз де жасырын емес. Неге? Сөзімнің дәлелі болсын, өткенде қалада болғанымда ақын Мұхтар Шахановпен кездесуге жиналған жүзге жуық мектеп оқушысы кеш аяқталмай орындарынан тұрып шығып кеткенін көрдім. Міне, кері кеткен мәдениетіміздің кескіні.
Мен өзім аудан орталығындағы Н.Илялетдинов атындағы орта мектьебінде білім алдым. Бұл қарашаңырақты «Жаңақорғанның КазГу-ы» деп атасақ та артық емес деп ойлаймын. Туған жерден шыққан академиктің барлығы осы білім ұясынан ұшып шықты. Бұл мектеп бүгін де осы тұғырынан таймауы тиіс.
Биыл данышпан Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына – 175 жыл. Хакім Абай өзінің 25-қарасөзінде орысша оқуды ғибрат етеді. «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Бұрынғылардың осындай қымбат қазынадан құр қалып, көзі ашылмай, көп нәрседен мақұрым қалғанын айтады. Ол орыстың ғылымынан үйрен дегенде осы ұлттың білімі арқылы әлемге есік ашуды насихаттап отыр. «Жеті жұрттың тілін білу» арқылы жер-жаһандағы жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратып, адамзатқа ортақ құндылықтың қадір-қасиетін бойға терең сіңірген зиялылыққа, бекзаттыққа, саналылық пен парасатқа қол жеткізе алатынын айқындап берді. «Балаңа әйел әперіп, еншісін түгендегеннен де бұрын оның білім алып, көкірек көзінің ашылуына алдымен қам қылып, қарекет жаса” дегенді баса айтады. Отбасы тәрбиесінде әйел-адамның алар орны үлкен. Тәлім атаулының нәрін сәби бойына сіңіретін әуелі ананың тағылымы. Өзі өнегелі, әдептен аспаған, имани таза жүректі ана сол кіршіксіз мінез-құлқын тұла-бойын жарып шыққан ұл-қызына мұра етеді.
Абайдың осыншалықты пәк болмысының бастауында анадан адал сүт емген нәресте шақтағы кіршіксіз ықыластың ынта-пейілі жатыр. Баласын дәретсіз емізбеген анасы Ұлжанға ақыл беріп отырған данагөй кеуделі әжесі Зеренің орны бір бөлек. Олай» болса, Абай өмірі, өнегесі, өлеңі, ғақлиялары мен хиқметтері келер ұрпақ үшін таусылмайтын азық, бағасы жоқ асыл мұра.
Менің ұсынысым, мектеп қабырғасында жүрген білімгерлерге Абайды жете тануға жан-жақты шаралар түзілуі тиіс. Өткенде Ләйлім атты оқушының Абай өлеңдерінен бастаған эстафетасы ешкімді шен-шекпеніне, атақ-дәрежесіне бөлмей, жалпыны Абайға жақындата түскен жарқын іс болды. Эстафета шалажансар рухты тірілтіп, қазақшаға жөнді тілі келмейтін қуыс кеуделердің де намысын жанып, әр сөзін ежелеп жаттатып жан әлекке салғанда соның қаншамасының өресі оянып, ақын өлеңдерін парақтауға бет бұрды десеңші.
Осындай тағлымды шаралар одан әрі жалғасын табуы тиіс. Абайдың аудармалары қанша. Қазақ және орыс сыныптары қатар оқитын мектепте осы екі тілдегі Абай шығармаларын шендестіре жарыстырып, байқау ұйымдастыру ұтымды болар еді. Жас жеткіншек жүрегіне жаратылыс мазмұнын ғажайып музыка тілімен тербей алған ақын әндерін орнықтыру – ол да өз алдына озық өре мен кәсіби шеберліктің шаруасы. Ұстаздар осы бағытта барынша іздене жұмыс жасаса «қайткенде ақылды, санасы биік, ізгі ұрпақ тәрбиелейміз» деп санасы сан-саққа бөлініп жүрген ұлт жанашырларының ұлы миссиясына қосқан ұлағатты үлесіміз болар еді.
Асан Сарқұлов,
жазушы, журналист