№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жастар қайырымдылық эстафетасын бастады

Жастар қайырымдылық эстафетасын бастады

  Ел экономикасында айрықша орын алатын, мемлекет басты назарда ұстайтын бағыттың бірі – әлеуметтік сала. Мемлекет басшысы әрдайым осы әлеуметтік саланы қолдау мен халықтың әлжуаз топтарына көрсетілген мемлекеттік көмекке баса мән беруде. Президент өзінің «Әлеуметтік қамқорлық» кешенді шарасында әлеуметтік осал топқа айрықша мүмкіндіктер қарастыруды жария еткен болатын. Бүгінде мемлекет тарапынан бөлек, азаматтық қоғам өкілдері тұрмысы тұралаған отбасыларға қолдау шараларын тұрақты жүзеге асыруда. Соның айқын бір дәлелі – Жаңақорғанда 1988 жылы туылған жастар бастаған «Жылу сыйлайық» қайырымдылық эстафетасы.

Ізгілікке үндейтін челлендждің авторы – апалы-сіңлілі Қамажай Қыдырбаева мен Гүлімай Мұқаш. Жаңақорғанның жастары атынан бастама көтерген Гүлімай «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорына қарасты «Қамқор» әлеуметтік дүкенінің жетекшісі. Бауыры Қамажаймен ақылдаса келе, Жастар жылы аясында тұрмысы тұралаған отбасы балаларын қуанту ниетінде замандастарына «Балаларға жылулық сыйлайық» атты қайырымдылық эстафетасын жолдауды өздерінен бастады.
– Әрбір жақсылықтан жанымыз жадырап сала береді. Егер адам басқаларға жақсылық жасап, қиын кезеңде мейірімін көрсетсе, ол да оған керек сәтте жанашырлық танытады. Әрине күнделікті өмірде жақсылық жасап жүрген жаңақорғандық жомарт жандар жетерлік. Бізде өз үлесімізді қоспаққа 1988 жылғы жастар атынан қайырымдылық эстафетасын жолдадық. Кенттегі 10 отбасы балаларын қыстық киіммен қатамасыз еттік. Етік, қыстық бас киім сатып алып бердік, – дейді Гүлімай Мұқаш.
Осылайша он отбасына жылулық сыйлаған жастар келесі эстафетаны 1989 жылғы жастарға жолдаған болатын. Өз кезегінде орда бұзар отызға толған оғландар қайырымдылық челленджін қабыл алды. Данияр Досантаев, Алмат Абылкасимов, Серік Тоғамнов, Жалғас Шаханбаев, Мирас Дәуренбеков бастаған жігіттер кент және ауылдық округтен шын мұқтаж деп танылған 13 отбасының тізімін алады. Бұл отбасылардан мектеп жасындағы 15 ұл-қызға етік, қыстық куртка сатып алып берді.
– Біз мұндай қайырымдылық шарасын қуана қабылдадық. Жігіттердің басын қосып, ақылдастық. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген аталы сөзді ұран етіп, 15 ұл-қызды аудан орталығындағы «Тиын-1» сауда үйіне апарып, киіндірдік. Атсалысқан замандастарыма рахмет. Ендігі эстафетаны 1990 жылғы туылған жастарға жолдадық, – деді Алмат Абилкасимов.
Жалғасын тапқан бұл эстафетаны Азамат Жұмабаев, Руслан Штабаев, Нұрхан Ибрагимов, Жанболат Мамуов бастаған 1990 жылғы жігіттер қабылдап, жақсылық жолында жарысуға кірісті. Ә-дегеннен 20 отбасының тізімін жасақтап, нендей зәруліктері барын анықтады. Зерттеп, зерделей келе, бір отбасына 2 тонна көмір сатып алып береді. Соңыра, қалған отбасы мүшелеріне 20 қыстық куртка, 9 етік, 4 бас киім, 3 қыстық шұлық, 1 жемпір сатып алып беріп, балаларды қуантыпты. Тоқсаныншы жылғы жастарда ұйымшылдық танытып, қайырымдылықты жоғары деңгейде атқарып шықты. Келесі эстафетаны 1991 жылғы жастарға жолдаған екен. Бүгінде тәуелсіздікпен түйдей құрдас түлектер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы тізімін анықтап, отын мен көмір сатып алып беруге қарекет жасауда екен.
Жаңақорған жастарының бастамасы жайлы аудандық мешіттің найб имамы Мейрамбек Баймұратовтың пікірін білдік: «Адамзаттың абзалы, екі дүниенің сардары Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбарымыз «Қайсы бір мұсылман өзінің бауырына көмек қолын созса, Алла Тағала оған да көмектеседі» деген. Яғни сіздің берген дүниеңіз кемімейді, керісінше мүлкіңізге береке кіреді. Сансыз сауапқа кенеліп, Алла алдында абыройыңыз артады” деген ауданның найб имамы жаңақорғандық жомарт жандарды жақсылық жолында жарысуға шақырды.
Айта кету керек, эстафетаны қолдаушы әр жылғы жастар қыстық киім мен етікті кенттегі «Тиын-1» сауда үйінен алуда. Аталмыш орталықтың иесі Әділбек Адилшин ағамыз да жастар бастамасын қолдап, 10 проценттік жеңілдік жасауда.
Иә, жомарттықтың негізгі өзегі – қайырымдылық. Ал риясыз түрде жасалған көмектің сауабын Алла береді. Ал сауап деген көзге көрінбейтін нығмет. Жаратқанның алдына барғанда жүзің жарық болады. Бұл дүниеде кәсібіңе береке береді. Осыны тереңінен түсінген Жаңақорған жастарының «Балаларға жылулық сыйлайық» атты қайырымдылық эстафетасы одан әрі жалғасын таба беретініне сенімдіміз.

Әбдісамат ӘБДІШ
28 желтоқсан 2019 ж. 765 0