№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ӘКІМ КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

ӘКІМ КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Аудан әкімі Ғалым Әміреев көп балалы аналардың белсенді тобын қабылдады. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, екі сағат көлемінде көп балалы аналардың әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесті. Барлық көтерілген мәселе жедел түрде жүйелендіріліп, сала басшыларына оңтайлы шешімін табу жөнінде тапсырма берді.

  Өз кезегінде аудан басшысы ел экономикасында айрықша орын алатын, мемлекет басты назарда ұстайтын саланың бірі – әлеуметтік сала болып табылатынын тілге тиек етті. Әрі Мемлекет басшысы әрдайым осы әлеуметтік саланы қолдау мен халықтың әлжуаз топтарына көрсетілген мемлекеттік көмекке баса мән беріп келе жатқанын жеткізді.
– Президент өзінің «Әлеуметтік қамқорлық» кешенді шарасында әлеуметтік осал топқа айрықша мүмкіндіктер қарастыруды жария еткен болатын. Мемлекет басшысының ұтымды саясатының нәтижесінде тұрмысы тұралаған отбасыларға қолдау шаралары тұрақты жүзеге асырылуда, – деді Ғалым Махмұтбайұлы көп балалы аналармен кездесу барысында.
Кент тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Гүлжауһар Искакова үй жағдайында бизнес бастағысы келетінін айта келіп, мемлекеттің 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржысына қол жеткізу жайын сұрады. Аталмыш грант «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының ІІІ-бағыты бойынша жүзеге асырылады. Алайда бұл қайтарымсыз грантты иелену үшін 3 айлық қайта даярлау курсынан өту қажет. Міне, мәселе осы тұста басталады. Оқыту процесі әлі басталмады. Бұл жөнінде аудан әкімі Ғалым Әміреев орынбасары Ғ.Сопбековке және сала басшылары А.Ахметов пен Ж.Тұрлыбековке тапсырма берді. Шұғыл түрде жаңа бизнес идеяларды дамыту үшін берілетін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қатысты қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуды тез арада ұйымдастыруды жүктеді.
Мұнан кейін кент тұрғыны Айгерім Қарабаева бірыңғай мектеп формасына қатысты сауал көтерді. Жаңа оқу жылынан бастап енгізілетін өзгеріс әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың қалтасына ауыр тиетінін жеткізді. Бір отбасыда мектеп жасындағы 5 балаға бірыңғай мектеп формасын алып беру оңай еместігін айтты. Өз кезегінде аудан басшысы Ғалым Махмұтбайұлы сала басшысы Б.Ибрагимовке аудандағы білім беру ұйымдарында мектепке киетін киім үлгісінің қолжетімді бағада болуын қадағалауды және республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында берілетін көмек шын мұқтаждарға үлестірілуін қатамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ қоғамдық қабылдау барысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар тарапынан «Қазпошта» ғимаратында ұзын-сонар кезектілікті болдырмау жолын кеңесті. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі «Қазпошта» АҚ Жаңақорған аудандық пошта торабы өкілі С.Ибрагимовке кезектілікті болдырмаудың алдын алу үшін ауылдық округтен келетін тұрғындардың жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмек қаржысын елдімекендегі пошта бөлімшелері арқылы тарату жолын қарастыруды жүктеді.
Оған қоса, кент әкімшілігінде жер кезегінде 2013 жылдан бері тұрған 5000-ға жуық өтініш берушінің мәселесі көтерілді. Әкім шабандап қалған жер кезегін шешу жолы ретінде «Саяжай-2» мөлтек ауданын ашу бағытында заң аясында жеделдету жұмысын сала басшысы Н.Қарақожаевқа тапсырды.
Жалпы қоғамдық қабылдау барысында әкім 30 ананы қабылдап, мәселелері бойынша оңтайлы шешімін табуға жұмыс жасайтынын жеткізді. Сонымен қатар Президенттің жаңа әлеуметтік саясатында экономикалық тәуекелдерге қарамастан, халықты әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайтуы елге деген қамқорлықтың нышаны екенін тілге тиек етті. Әңгімесін бұл салаға жүктелген жауапкершілік ешқашан назардан тыс қалмайтынымен түйіндеді.

Әбдісамат ОҢҒАРҰЛЫ

13 тамыз 2019 ж. 870 0