Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » "Сұлтанбектің шүлен көжесін-ай"

"Сұлтанбектің шүлен көжесін-ай"


Мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, ғалым, ағартушы Сұлтанбек Қожановтың болмыс-бітімін, қабілет-қасиетін, мақсат-мұратын танып, насихаттау – рухани жаңғырудың маңызды бөлігі десек, тарихи тұлғаның 125 жылдығы аясында Сұлтанбектану ісіне үлес қосуға арналған шаралар жер-жерде атқарыла бастады. Сондай шараның бірі – Ақүйік ауылдық округіндегі №55 С.Қожанов атындағы мектепте өтті.


Ұлт жанашыры Сұлтанбек Қожановтың өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған байқау үш бағытта өрбіді. Яғни эссе, ақындар мүшайрасы және тұлға туралы жоба қорғалды. Байқауға Қаратау беткейдегі ауданның 8 мектебі және теріскейдегі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылы мектебінің оқушылары қатысты.
Алдымен байқауға арнайы келген қонақтарға тоқталып, олардың тарихи тұлға жайында айтқан ойларын ортаға салсақ.
Қызылорда облысының Құрметті қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сексенәлі Раханов Сұлтанбектану бағытындағы жұмыстарға тоқтала келіп:
– Сұлтанбек Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Оның өзінің сан-салалы қызметінде топтық, аймақтық тіпті таптық мүдделердің деңгейінде қалып қоймай ұлттық, мемлекеттік биліктен табылды. Қожанов сияқты ұлтжандылығы мемлекетшілікпен ұласқан, мемлекетшілігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған қайраткер халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық, – деді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазірет Тұрсын ұлт қайраткерінің жатқан жеріне бірнеше рет барғанын айтты.
– Нәубет жылдары қазақтың жартысынан, ал саяси қуғын-сүргіннің нәтижесінде ұлттың элитасынан айырылдық. Ұлттық мүдде жолында қызмет еткен Сұлтанбек Қожанов та жазықсыз жазаланғандардың қатарында болды. Ресейлік «Мемориал» халықаралық тарихи-ағартушылық қоғамы репрессияға ұшырағандар және олардың жерленген жерлерін анықтау бағытында жұмыс жасады. Сосын режиссер Еркін Рақышев «Тұрар Рысқұлов туралы» деректі фильм түсіріп жүріп «Коммунаркада» Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов пен Нәзір Төреқұловтың жатқаны жөнінде анықтайды. Ол жер бұрын Мәскеудің ішкі істер комиссары Генрих Ягоданың саяжайларының бірі болған. «Коммунаркада» 1930-1940 жылдар аралығында жаппай атылғандары жерленген. Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі сарапшыларының пікірінше, қорымда 6,5 мың адамның сүйегі жатыр, алайда олардың ішінде 4527 адамның ғана аты-жөні белгілі. Негізсіз таңылған саяси айып бойынша атылған сол адамдардың аты-жөндері арнайы шығарылған дерекнамалық кітапқа енгізіліп, сонымен бірге қысқаша өмірбаяндары да берілген екен. Ол жерге алғаш 2015 жылы бардым. Сосын биыл сәуір айында тағы бардым, – деді тарихшы.
Өнертанушы, композитор Сауранбек Елеуов Сұлтанбек осыдан 25 жыл бұрын Қожановты ұлықтау бағытындағы жұмыстарды есіне алды. Оның сөзінше, 1994 жылы Ақсүмбеде Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығына арналған мерейтойлық шара өтеді. Оған Жаңақорған ауданынан делегация арнайы барады.
– «Арман» кенттік мәдениет үйінің директоры-тұғынмын. Басшылармен ақылдаса, солардың қолдауымен мәдениет үйін Сұлтанбек Қожановтың атына беріп, республикалық деңгейде өткен шараға қатысып қайттық. Әрі онда Жаңақорған ауданында Сұлтанбектану бағытында атқарылған жұмыстарды таныстарып, көпшіліктің ықыласын алдық, – деді Сауранбек Еркінбекұлы.
Ақсүмбе ауылындағы С.Қожанов атындағы мектептің директоры Мейрамбек Әлмаханов ұлт барда ұлттық мүдде, ұлттық мүдде барда оған қызмет етудің өлшеміне айналған Сұлтанбек Қожанұлының тұлғасы менмұндалайтынын айтты.
Ардагер ұстаз Мұхаммедәлі Әлайдаров №55 мектеп ұйытқы болған шараның маңызына тоқталып, оған қатысқан оқушылар алдағы уақытта Сұлтанбектану іліміне атсалысатынына сенім білдірді.
«Алпамыс батыр» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Сыздықбек Тұраров мектеп директоры Айнұр Ералықызына «Алпамыс батыр» медалін тапсырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Байқауда жоба қорғаушылар Сұлтанбек Қожановтың қайраткерлік, мемлекетшілдік істерін сөз етті.
Қожанов 1918 жылы Түркістандағы ашаршылықпен күрес жөніндегі комиссияны басқарды. Азық-түлік жинап, кедей, аш адамдарға таратқан. «Сұлтанбектің шүлен көжесін-ай», – деген тіркес содан қалған. Қайраткер Жаңақорғанға, оның ішінде, Бірлікке келіп азық-түлік таратқан екен. Сөйтіп, қыруар кісінің аштықтан құрбан болмауына септігін тигізді.
1918-1919 жылдары Қожанов Райпродкомның секретары, халық уезд бөліміндегі инструктор, исполком мүшесі, Сырдария ревкомының төраға қызметтерін атқарды.
1920-1930 жылдары Түркістан Компартиясының ішкі істер халық комиссары, Түркістан Республикасы Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1922 жылы Түркістан республикасының оқу-ағарту халық комиссары болып тағайындалса, 1923 жылы жер-су халық комиссарын лауазымына бекітілді. Халықтың шын жанашыры екенін көрсетіп, көптеген күрделі мәселелерді шешті. Оның ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, білімділігі бірнеше қызметті қатар атқаруына мүмкіншілік туғызды.
1920-1924 жылдары Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы X, XIII, XIV съезінің, Түркістан Коммунистік партиясы V-VIII съездерінің, Түркістан республикасы Кеңестері IX-XIII съездерінің мәжілістеріне Сұлтанбек Қожанов белсене қатысты. Әрбір съезд жиылысында Сұлтанбек өзінің ойлы ұсыныстарын айтып, іскерлігін танытты.
Қожановтың қайраткерлік істерінен бөлек ғалым, публицист, журналист, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы ретіндегі еңбегі елеулі. «Ак жол» газетінде (1920-1925 жж.), «Шолпан» журналында (1923 ж.), «Бірлік туы» газетінде (1917-1918 жж.) «Тарлан», «Тоқпақ» деген лақап аттармен туындылары шыққан. Оны тағы бір қырынан танытатын «Есеп тану құралы» атты оқулығы. Көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болатын.
Жалпы отан тарихында ғылыми тұрғыда игерілмей келе жатқан тақырыптар да, тұлғалар да аз емес. Ал өзінің тарихи бағасын алмаған тұлғаның бірі – Сұлтанбек Қожанов. Тұлғаны дәріптеу және оның мұрасын насихаттау мерейтойы аясында ғана емес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ұдайы жүргізілуі тиіс. Сонда ғана Сұлтанбектың сан қырын танып, елге сіңірген еңбегін білуге болады.
Тоғыз мектептің атынан қатысқан тәлімгерлер осы бағыттағы ойларын өрбітіп, жобасын қорғады. Ал ақындар тарихи тұлғаға арнау арнады және жас ізденімпаздар эссе жазды. Әділ қазы алқасының шешімімен «Алаштың ақсұңқары» атты эссе жазуда бірінші орында №221 мектептің оқушысы Мөлдір Машрап алды. Екінші-үшінші орынды №55 мектептің оқушысы Ақерке Мұқтарбекқызы мен С.Қожанов мектебінің (Ақсүмбе) оқушысы Нүрикамал Бектібай өзара бөлісті.
«Ұлтын ұлықтаған қайраткер» атты тақырыпта өткен ақындар мүшайрасында жалынды өлеңімен ерекшеленген №160 мектептің ақыны Нұрсен Мейірханның мерейі үстем болды. №55 мектептің сөз шебері Бекболат Нұрлыбай екінші, №86 мектептің оқушысы Гүлбақыт Әліп үшінші орынға лайықты болды.
«Сұлтанбектану» атты жоба қорғауда С.Қожанов мектебінің (Ақсүмбе) оқушысы Жаңылай Әбдіхалық тарихи тұлғаны тану деңгейімен және ұсыныс-пікірлерінің маңыздылығымен дараланды. Екінші орынды №55 мектептің намысын қорғаған Аружан Әлсейіт алса, үшінші сатыға №221 мектептің тәлімгері Ерсұлтан Түлкібай тұрақтады.
Байқауды қорытындылаған №55 С.Қожанов атындағы мектептің директоры Айнұр Мырзалиева арнайы келген қонақтарға және білімпаздарға алғысын білдіріп, алдағы жылдары тұлғатану бағытындағы байқау жалғасатынына сенім білдірді.
– Шараға дем берген аудандық білім бөліміне және ұйымдастыруға белсенді қатысқан әріптестеріме, ауылдастарыма алғысым шексіз. Оқушылардың таным белсенділігін арттырып, ізденуіне бағдаршам болатын байқауды дәстүрге айналдыру жоспарда бар, – деді мектеп басшысы.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Дариға Айдарова шараның жоғары деңгейде өткенін және мұндай байқаудың оқушылардың оқу-танымдық және шығармашылық қабілетін арттыруда септігі тиетінін айтты.
Шарадан түйгеніміз, елдік мұрат жолында қызмет еткен тарихи тұлғалардың болмысын, бітімін дәріптеу арқылы жастардың отаншылдық рухын асқақтатып, патриот ретінде қалыптастыруға болады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
02 қараша 2019 ж. 1 012 0