№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Кекілбаевтың биігіІ

Кекілбаевтың биігіІ

   2019 жылдың 12 қазанында Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіндегі мәдениет үйінде қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев пен ақын Фариза Оңғарсынованың құрметіне рухани-мәдени шара өтті. Яғни қазақ қаламгерлеріне арнап ән жазған қазақ ақын-сазгерлерінің шығармасы орындалды. «Маңғыстау» телеарнасындағы «Сөз бен саз» бағдарламасының кезекті республикалық ХХVІІ «Телқоңырға арналған төл әуендер» атты ән кешінде өрбіді. Оған арнайы шақырту алып, Қызылорда облысының атынан қатысып қайттым. Шара барысында Әбіш Кекілбаев атындағы рухани орталығын көріп, ескерткішіне тағзым еттім.


Аңызға айналған абыздың болмыс-бітімі мен қабілет-қасиетін ойша таразыладым. Көк аспандай тым биік, мұхит сынды әрі терең тұңғиық тұлға екеніне көз жеткізе түстім. Жалпы Тәуелсіздік пен Кекілбаев феномені егіз ұғымдай көрінді.
Рух пен руханияттың мәртебесінде Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Қорқыт ата, Бұқар жырау, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көбейұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Әлкей Марғұлан және т.б ұлт болмысының баға жетпес қазыналары еді.
Осындай биік болмыс иелерінің ізін жалғар қаламгерлердің талантты шоғыры ХХ ғасырдың 50-60 жылдары әдебиет әлеміне келді. Солардың арасында Әбіш Кекілбаевтың өзіндік орны болды. Ол тырнақалды туындысы «Алтын шуақпен» әдебиет әлеміне бөлек әсер, бөлек рең берді.
Сөз өнерінің тізгінін ұстаған әрбір суреткердің ең асыл арманы мен мақсат-мүддесі өз халқын әлемге таныту десек, Әбіш Кекілбаевты борышы өтелген бақытты жазушыға жатқызуға болады. Оның қаламынан туған шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Өз халқының талайлы тағдырын, жүріп өткен жолын, мұңы мен сырын, жаны мен арын, тұтас табиғатын төрткүл дүниеге танытты. Бір ғана мысал 1982 жылы әдебиеттің ғасырлық кезеңін саралап отыратын Еуропаның ұйымы шығарған «Соңғы жүз жылдықтың атақты жүз қаламгері» деген портрет-плакатта Лев Толстой, Мұхтар Әуезов, Федор Достоевский, Антон Чехов, Гавриоль Гарсиа Маркес, Константин Паустовский, Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов сынды әлемдік тұлғалар қатарынан Әбіш Кекілбаев та орын алды. Немістің белгілі һәм ықпалды кітап баспасы жүргізген сауалнама-хаттамасында «XX ғасырдың таңдаулы жазушылары» тізіміне де енді. Сөйтіп, таңдамалы туындылары әлем жазушылары мен сыншыларының назарын аударды, шоқтығы биік шығармашылығы жоғары бағаланды. 
Әбіш Кекілбаевтың ең алғашқы кезекте классик қаламгер екендігі анық. Жазушы қаламынан әр жылдары қалың оқырманға жол тартқан барлық шығармаларымен бірге кейін Мемлекеттік сыйлықты иеленген «Үркер», «Елең-алаң» романдары Кекілбаевтың суреткерлік шеберлігімен қоса философиялық ой-талғамының тереңдігін танытты.
Қысқасы, көзінің тірісінде-ақ заңғар жазушы, ойға кенен парасат иесі ретінде мойындалған сирек тұлғаның бірі. Осылай мәңгілік өмірді аңсаған Қорқыт, ажалдың алдын алған Қожа Ахмет Яссауи, жерұйықты іздеген Асан қайғы, халқының кемелдігін аңсаған Абай, елін әлемдік өркениетке жетелеген Мұхтар Әуезов секілді тау тұлғалардың қатарына қаламымен ғаламға ізгілік тілеген Әбіш Кекілбаев та қосылады.
«Дүниеде бір шындық бар. Ол – адамның рухани өміріне үңілу, сол арқылы қоғамның қозғаушы күшін табу, әлгі күш, әлгі пәрмен арқылы әлеуметтік толқындар мен қайшылықтардың көзге көрінбейтін астарын ашу, әдібін сөгу. «...Адамға тән кәсіптердің ішіндегі ең бір қолдан келместей қиыны да, ақылға сыймастай құбыжығы да жазушылық шығар», – дейді бір сөзінде Әбіш. «Қолыңда жоқ аспапты ойша тартып, құлақ құрышыңды қандырар саз ояту, қолыңда не бояу, не қылқалам жоқ, әйтсе де әуелі өз жанарыңды, сосын оқушы жанарын арбап алар сан қилы сурет тірілту, қолда жоқ граниттен қолда жоқ қашаумен қолын қусырып алдыңда отырмаған әлдебіреудің тұтас мүсінін сомдап, сосын оған тіл бітіру, жан бітіру, дірілдеген сезім, дірдектеген қан бітіру, ол – ол ма, ондаған, тіпті жүздеген сіз бен біздей жұмыр басты пенделерді ойдан таратып, оларды сіз бен біздің тағдырымыздан қиын болмаса, еш жай емес талқыға салу... тұтас бір халықты, тіпті күллі бір ғаламды қайтадан жасақтап, қайтадан орнату, әй, қайдан оңай бола қойсын!» Айнақатесіз Әбіштің тағдыры осы», – деп толғайды мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
Расында, Әбіш энциклопедист білім иесі. Оның ізденістен туған туындылары дәлелді теориясы, шарықтау шыңы бар, көнерген сөздер мен фразеологизмдерді таңдауы, құбылтуы, қолдану тәсілі тым бөлек.
Бұл ретте, ғалым Мырзатай Жолдасбеков сөзіне тағы сүйенсек: «Әбіштің көркем ойлау тәсілі де ғажап. Жазушының лексикасы бай, шұрайлы, нәрлі сөздік қоры баурай береді. Күнделікті қолданыста жоқ, әзелгі бабалардың қойны-қонышынан ұмытылып түсіп қалған тірі сөзді тап басып «сөйлеткенде» еріксіз ризалық сезімге бөленесіз. Әбіш сөйлеткен бұл сөздер көнерген, ескірген архаизм емес. Қайсы біріміздің жадымызға ілікпей, енді біріміздің қолданысымызға енбей жүрген, жақұт секілді, көңілге судай сіңіп, тастай батып, көзге жарқ етіп, жүрекке жылы тиетін «тірі байлық». Көз алдыңызға көркем сурет қалқып шығады».
Енді жазушының Тәуелсіздікпен тұтастығы жайлы сөз етсем. Ол Тәуелсіздіктің ақ таңын қуанышпен қарсы алып: «Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық», – деп аталы сөз айтып, осы жолда қызмет етті. Осы қағидаға саналы ғұмырын арнады. «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы» және т.б публицистикалық мақалаларының жинағы ұлт болып ұйысу, тәуелсіздікті баянды ету жолындағы толғамды толғаулары болатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан Тұңғыш Президенттің сенімді серігі болып, рухани демеу, идеялас болды. Бір ғана мысал, «Елбасы» ұғымын Әбіш Кекілбаев 1991 жылы 10 желтоқсанда Н. Назарбаевтың тамаша жеңісінен кейін, ел тарихындағы тұңғыш ұлықтау рәсімі кезінде өзінің Президентке арнаған тілек сөзінде қолданған еді. Содан бері «Елбасы» атауы шынайы ұғымға, бүкілхалықтық атауға айналды. Мұның өзі тауып айтқан әрі тілек, әрі жүрек сөзі еді.
Ол философ, ойшыл, шешен, терең жазушы, үлкен саясаткер, көрнекті мемлекет әрі қоғам қайраткер ретінде ұлт жадында сақталып, рухани мұрасы жастардың рухани һәм мәдени тірегі ретінде жасай береді. Орталық ішіндегі жазушыға арналған музейден осыны сезіндім. Кекілбаевтың биіктігі осында.

Жақсыгүл БЕГМАНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
27 қазан 2019 ж. 1 060 0