Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» ПОЭЗИЯ ПАДИШАСЫ – ФАРИЗА

ПОЭЗИЯ ПАДИШАСЫ – ФАРИЗА



Қазақ қашанда сөз өнерін көркем өнердің өзге түрінен жоғары бағалап, даңқты жырау, талантты ақындары мен шебер сөзді шешендерін марапат биігіне көтеріп, сырлы сөзбен соғылған сұлу сөз сарайларын ұрпағына аманаттап, келешекке қаймағын бұзбай жеткізіп отырған. Соның бір айғағы – Шалқия кентінде өткен поэзия саңлағы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына ұйымдастырылған рухани кеш.

Шалқия кентіндегі Облыстық медициналық сауықтыру орталығында «Поэзия падишасы – Фариза» тақырыбымен өрбіген жиынды орталық басшысы Ерғабит Ильясов ашып, ақынның шығармашылығына тоқталды.
– Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Фариза Оңғарсыноваға деген халықтың құрметі қашанда ерекше. Оның туған еліне қалдырған жыр мұрасы сарқылмайтын қазына, ұлттық құндылық. Биыл ақынның туғанына 80 жыл. Осыған орай, бүгін сіздерге арнап әдеби-музыкалық кеш өткізіп, ақын мұрасын насихаттауды жөн санадық. Ақынның жырлары әр қазақтың жанына жақын, жүрегіне жылы тиеді. Кез-келген адам ақынның өр рухынан қуат алатыны анық, – деді Ерғабит Орманұлы.
Салтанатты шарада Шалқия кенттік кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырып, №86 орта мектептің оқушылары ақынның жыр-шумақтарынан шашу шашты.
Сондай-ақ, Фариза Оңғарсынованың замандасы, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Жақсыгүл Бегманова ақын жайлы естеліктер айтып, ақынның сөзіне жазылған «Көз алмай неге қарадың» әнін орындады.
– Фариза Оңғарсынова қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы. Оның қашанда елім, жерім деп шырылдайтын Отансүйгіштік қасиетіне өзім талай куә болғанмын. Апамыздың жүрегі қазақ даласындай дархан еді. Қашанда басына іс түскен кісілерге көмек қолын созып, ана ретінде әр адамға жанашырлық танытатын. Ал, көркемсөз майданында оның бойында жазушыға тән ерлік, батылдық, адалдық, ұлтжандылық, адамгершілік сияқты қасиеттер тоғысқан. Фаризаның жырлары кейінгі ұрпақты ар-намысқа жетелеп, ерлікке, ана мен әкені, туған жерді сүюге бастап апаратын ақ жол іспетті, – деді Жақсыгүл Бегманова.
Одан әрі кеш әсем әуенге ұласып, Шалқия кенттік мәдениет үйінің қызметкерлері Мақсат Нақыпов пен Айман Үсенова көпшілікке ән мен күйден тарту тартты. Жиынға жиналған ем алушылар рухани азық алып, бір серпіліп қалғанын жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғыс жаудырды.
Зиякүл Әбубәкірова, емделуші:
– Кеш тамаша өтті. Әсіресе, ем алушылар рухани байып, көңілдері көтеріліп қалды. Жалпы, осы жерде ем алып жатқан кісілерге мұндай шаралар ұйымдастырылып тұрғаны өте жақсы екен. Өйткені, адамның алған емінің бойына шипа болуы көңіл-күйіне де тікелей байланысты ғой. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін.
Р.S.: Иә, қазақ жерінің киелі топырағында дүниеге келіп, Ақжайық пен Каспийдің асау толқынынан нәр алған, әр жыры бірін-бірі қуған толқын иірімдері сияқты оқырманның көңіл түкпірінен орын алып, мәңгі рухани азық сыйлаған ақынның аты қашанда биікте тұрары анық. Сөз қадірін өз қадірінен артық санайтын халқымыз Фариза Оңғарсынованың өшпес мұрасын мәңгіге насихаттап, рухани байлығының биігіне қояры һақ.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
---
26 қаңтар 2019 ж. 1 745 0