№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қылауыз атанған Жақып ата

Қылауыз атанған Жақып ата

Әрбір азамат туған жер тарихын біліп, оны құрметтеуі міндет. Елбасының «Болашаққа бағдар: руханижаңғыру» және  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында осыны ұғасыз. Бағдарлама аясында М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қылауыз ата жәдігері» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Ғылыми шараға Қазақстан мен Өзбекстанның түкпір-түкпірінде тұратын баба ұрпақтары, зерттеуші ғалымдар мен аудан тұрғындары қатысты.

Спектакль алдында  сахна төріне көтерілген Қызылорда қалалық мәслихат депутаты Әнуар Нақыпов  тарихи тұлға жайында сөз етіп, оның өмірі мен қызметі туралы баяндады. 
– Сыр бойы әулие әмбиелердің мәңгілік тұрағы. Олардың арасында біздің аудан аумағын мекен еткен Хорасан, Бақсайыс, Қойлақы, Садыр, Қырықсадақ, Қасым, Жақып (Қылауыз) ата  Жаңақорған топырағында мәңгілік мекенін тапты. Кезінде олардың ілімі мен қадыр-қасиетін көрген халық оларды әулие тұтып, жолын ұстанды. Соның арқасында ғасыр бойы халықтың құрметі азайған жоқ, – деді ол.
Жақып Әбулайыс пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) кейінгі І-ші халифа Әбу бәкір әл-Сыддықтың (632-634) буынындағы 22-ші ұрпағы. Ол (ХІ-ХІІ ғасырда өмір сүрген) Самарқанда туып-өсіп, білім алып 35-40 жас шамасында Қожа Ахмет Яассауи бабаның шақыруымен Түркістанға келеді. Білімге ынталы, қабілетті Жақыпты ел басқаруға баулып, ислам дінін таратуға осы төңірекке (Өзгент шаһарына) жібереді. Сыр бойына келген Жақып жергілікті халықтың сауатын ашу үшін мешіт ашып, шәкірт оқытты.
– Халықты отырықшылыққа шақырып, айналасындағыларға егіншіліктің қыр-сырын үйретеді. Қасына еріп шыққандарға қолындағы асасымен дарияның етегін сызып, сол сызықтың үстінен арық қаздырып, арықтың екі жағына егіс ектіреді. Дариядан шыққан  су қайтадан дарияға құйса, онда осы екі арадағы құрлықты халық  «қылы» деп атаған. Сондықтан халық Жақып Әбулайыстың істеген ісі, аузынан шыққан сөзі қылы болды  деп оны «Қылауыз» деп атап кеткен, – деген Әнуар Мәуленұлы мұнан соң Қылауыз атаның көріпкелдік, емшілік, өзге де адами қасиеттері туралы айтты.
Мұнан соң көрермендер жас сценарист Дінмұхаммед Әбжаппаровтың «Қылауыз баба» атты бір актілі, жеті көріністі тарихи драмасын Жаңақорған халық театрының өнерпаздарының орындауында тамашалады. Ондаған драманың сценариін жазған Дінмұхаммед Әбжаппаров пен сахналаған режиссер Роллан Бақтыбаевтың тарихи драмаға батыл қадам басуы олардың ізденісі мен еңбегінің нәтижесі деген дұрыс болар. Сахна пердесі ашыла қобыз үні төбе құйқаңды шымырлата безілдеді. Сахнаның қараңғы бұрышынан  бет-аузын тұмшалап алған екеу шығып  жерде жатқан адамның қалталарын тінте бастайды. Бұл олардың тосқауылда жатып садақпен атып өлтірген жаушы болатын. Міне осы арада ат дүбірі естіліп, әлгі екеу өлікті тастай салып қараңғылық құшағына кіріп кетеді.   Жүргіншілер жатқан мәйіттің қонышынан бір хат тауып алады. Бірақ екеуі де хатты оқи алмайды. Бұл Қожа Ахмет Яассауиді шақыртуымен Самарқаннан келе жатқан Жақып пен Әбдімәлік болатын.
Олар мәйітті жерлеп қайта жолға шыққалы қамданып жатқанында бұлардың үстіне Қожа Ахмет бастаған азаматтар келіп қосылады. Екі жігіт өздерінің іздеп шыққан Жақыбы пен Әбдімәлік екенін білген Яассауидың серіктері  өздерін жолы болдыға санайды. Әрі Жақып берген хатты алып олар хаттың Оғыз-қыпшақ тілінде жазылғанының куәгері атанады. Хаттың Сығанақ ханына арнап жазылғандығы аян болады. Бұл спектакльдің бірінші көрінісінен үзінді. 
Спектакльдің алдындағы негізгі міндеті Жақып Қылауыз бабаның ілімділігін, тапқырлығын, емшілігін, батырлығын, көрерменге  жеткізу болған. Осы орайда  спектакльден бірер үзінді келтіре кетсек.
Сахнада Өзгент  әміріҚабыланның бөл­месі бейнеленген. Сахнаны баса көктеп бір қарақұрт бөлмені кесіп өтіп барады. Сахна төрінде шымылдық сыртынан қыз баланың ыңырсыған дауысы естіледі. Тақта әмір отыр. Қасында көз жасын көлдеткен әйелі.  Қызын шаққан қарақұртты оқитын емші табуды жалына сұрайды. Шарасыз әмір жан-жаққа жаушы жіберіп жатыр. Бірер минуттық үзілістен соң бөлмеге Жақып келіп кіреді.
Жақып:
– Ассалаумағалейкум, әміршім! Сізге Алланың нұры жаусын! 
Әмірші:
– Айта бер, қайдан келген ділмарсың? Тіліңнен май тамызғаннан басқа қолыңнан не келеді?! Мені өтірік мадақтап,  өзіңді жер бетіндегі теңдесі жоқ емші қылып көрсеткеннен өзге не қасиетің бар? Сөйлей бер!
Жақып: – Қасиет дейсіз бе? Ол жағын білмеймін, бірақ мен, сәлем бере келген жаудың да жүзіне тура қарай аламын.(Әмірші жалт қарайды.)
Әмірші: – Ал. Ары қарай сөйле. Тағы да не істей аласың?
Жақып: – Көкірек көзі барды көндіре аламын, санасы барды сендіре аламын.
Әмірші: – оныңа таң болмаспын, ол менің де қолымнан келеді. Басқа?
Жақып: – Жақсының сынағын, жаратқанның сынағы деп сүрінбеуге тырысамын. Жаманның сынағын, ібілістің арбауы, – деп  сүрінбеуге тырысамын.
Әмірші: – Жаратқанның, жақыныңның  жанын алғысы келсе не етер едің?
Жақып: – Жасағанға жалбарынып жалынармын. Қайғы жұтып құса боп қамығармын. Өзі берген жанды өзі алар, парықты пенде төзе алар, көнермін иіп  басымды бір күні тиып жасымды. Жазымыштың ісі сол болар.
Әмірші: – Солай де?! Қайғыма ортақтаса келіп пе едің, кімсің өзің?!
Жақып: – Әбулайыс Жақып боламын. Сапар шегіп Самарқаннан келгенмін. Яссыдағы Қожа Ахмет Хазіретке жолдас болып ергенмін. Хазіреті Сұлтан Өзгентке бар деді, ондағылар көмегіңе зар деді. Қайғыңызды өзіңізден естідім, бұрынырақ білмегенмін.
Әмірші: – Қожа Ахметке дос болсаң, тегің де тегін емес қой. Қайғымды айтсам,  ол маған қарақұрттан келіп тұр, қырмызы гүлімді уытымен солдырды.
Жақып: – Балаңызды қарақұрт шағып па еді? Айтпадыңыз ба ертерек?! Уыты меңдемей тұрып қам қылайық. Бала қайда?
Әмірші: – Оның уытын қайтара аласыз ба?
Жақып: – Сұрақ-жауапты кейінге қалдырайық. Балаңызды алдырыңыз.
 Иә, осы бір диалогтан-ақ Жақыптың қажет кезде жауына да жақсылық жасау қолынан келетіндігінкөрсетеді. Яғни драма авторы мен режиссеры «Қылауыз баба» спектакльі арқылы Қылауыз Жақып атаның келесі көріністе білім мен ілімге жастарды тартып олардың ғылымға деген құштарлығын ояту мақсат етілсе, төртінші көріністе қапылыста кездейсоқтықтан жазықсыз жанның зәбір көрмеуі үшін, ақыл мен парасатқа жүгіну шықырады. Алтыншы көріністе Жақып кейбір тар кезеңде ханға да дәйекті ақыл бере алатын көсемсөздіңшебері, пәлсапасы мығым жан. Соңғы көріністе Жақып өзіне сенім артқан халықтан бөлінбей жаумен жаға ұстасуға белін бекем буған, жау қолында қалған ұлының амандығынан халық бірлігін ту еткен қайсар ер екендігін паш етіп, соңғы сәтке дейін ханның қасынан табылып мерт болады. Осы көріністен оның халық мүддесін өз өмірінен жоғары қойғанын көруге болады.
Жақып рөлін сомдаған әртіс Дінмұхаммед Әбжаппаров, әміршінің тұлғасын режиссер-әртіс Роллан Бақтыбаев, Қожа Ахмет Яассауи рөлін әртіс Абай Камалов сомдап, көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар  әміршінің әйелі рөлін әртіс Кенже Әкімбаевасомдады.
Спектакль соңы «Қылауыз ата жәдігері» атты ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Ғалым Сопбековашты.
Баба ұрпағы, қалалық мәслихат депутаты Әнуар Нақыпов Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың конференцияға қатысушыларына жолдаған «Құттықтау хатын» оқып, оны «Қылауыз ата» қоғамдық қорының президенті, Жаңақорған ауданының “құрметті азаматы” Тұтқабай Сабырхановқа табыс етті.  
Одан кейін Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай қазақ даласына діннің келуі, халықтың ислам дінінен нәр алуында Хорасан, Бақсайыс, Қойлақы, Қылауыз Жақып аталардың еңбегіне тоқталды.
Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, мұнай-газ саласының құрметті ардагері Тасболат Бабажанов Қылауыз баба Жақып атаның Өзбекстандағы ұрпақтарының  қазіргі таңдағы тұрмыс-тіршілігі, ол жақтағы дінге деген көзқарасқа тоқтала келіп, осы конференцияның жоғарғы деңгейде өтуін ұйымдастырып жүрген баба ұрпақтары ағайынды Тұрлыбек, Изатулла Үсеновтерге және Мұхтар Бұрханов, Ерсұлтан Әпетовке, баба басында барша жамағатқа ас беріп жатқан Мұхаммед Тоқташұлы мен Әнуар Нақыпов бастаған бастамашыл жігіттерге ризашылығын білдірді.
Келесі кезекте сахна төріне көтерілген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, режиссер-документалист Қалила Омаров өзінің ұзақ жылдардан бері Қазақ даласына діннің келуі мен оны таратушылар туралы бейнетаспа түсіріп, жинақтап, деректі фильм дайындағанын айтты. 
Конференция соңын ала мінбеге көтерілген өлке тарихын зерттеуші, дінтанушы, Қазақстан Журалистер Одағының мүшесі  Шайдарбек қажы Әшімов конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Өзбекстаннан ат арытып келген барша қауым мен баба ұрпақтарына құтты болсын айтып, Қазақ даласына ислам дінін әкелген бабалартуралы өзінің жиған-терген мәліметтерін екі рет кітапқа басқанын мәлімдеді. 
Сөз соңында еліміздің мықты режиссерларының тісі бата бермейтін діни тақырыпта драма жазып, оны сахналаған ДінмұхаммедӘбжаппаровқа  алғыс білдірді. 
Конференция жұмысын қорытқан Ғалымжан Жарқынбекұлы: – Елбасымыз «тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата–баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете алған елдің ғана  болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз», – деп атап өтті.
Иә еліміз егемендік алып, азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін, дін мен ділімізді, тарих пен мәдениетті түгендей бастадық. Бүгінде өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда қайта жаңғырды. Мұның барлығы Тәуелсіз елдің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын бабалардың салған сара жолынан айнымағанның белгісі,– дей келе бүгінгі конференцияның да осы “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өтіп жатқанын айта келіп, – халық жүрегіне имандылық нәрін себер мұндай жиынның өтіп тұруы құптарлық  жәйіт.
Конференция соңынан Қылауыз ата кесенесі басында ас беріліп, аруақтарға Құран бағышталып, ақ тілектер ағытылып, уағыздар айтылды.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК
12 қазан 2019 ж. 1 058 0