ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ҮЗДІК АТАНДЫ
Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығы мерекесіне орай, облыстық мәслихаттар арасындағы волейболдан жарыс кезекті мәрте жалауын көтерді. Облыс орталығында өткен спорттық шараға облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлерінен құралған 9 команда қатысты. Шараның шымылдығын түрген Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, шараны ашып берді. Ал, Жаңақорған аудандық мәслихат хатшысы Ильясов Ерғали құттықтау сөз сөйледі. Тартысты өткен турнирде жаңақорғандық халық қалаулылары жоғары ойын өрнегін көрсетті. Қарсылас командалардың барлығын ұпай санымен ұтқан Жаңақорған аудандық мәслихаты І-орынды қанжығаға байлады. Ал, күміс жүлде Сырдария аудандық мәслихатына, қола жүлде Қазалы аудандық мәслихатына бұйырды. Сондай-ақ жарыс барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен спортшылар марапат төрінен көрінді. Аудандық мәслихат дептута Мажит Балқожаев «Үздік шабуылшы», аудандық мәслихат аппаратының басшысы Алмасбек Жолдасбеков «Үздік ойыншы», ал аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ильясов «Көрермен көзайымы» номинациясына лайықты деп танылды. Осылайша, мерейлі күні аудан абыройын асқақтатқан мәслихат аппараты салауатты өмір салтын серік ететіндіктерін айқын дәлелдеді.