Сыр елі Бақтыбайға сый көрсетті
М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде Жерлесіміз, ҚР «Мәдениет қайраткері», Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, қарымды қаламгер, журналист Бақтыбай Айнабековтің 70 жасқа толуына арналған «Өлеңнің мініп пырағын...» атты кеші өтті.
Бақтыбай Айнабеков 1949 жылы Бесарық топырағында дүниеге келген. Еңбек жолын аудандық радио хабарын таратуды ұйымдастырушылықтан бастап, кезіндегі аудандық «Коммунизм жолы» газетінің өркен жаюына ерекше үлес қосты. «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, Қазақстан Компартиясы Жаңақорған аудандық комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарған. Одан кейінгі жылдары Алматы облыстық «Жетісу» газетінің партия тұрмысы және насихат бөлімінің меңгерушісі, республикалық «Қазақстан» теледидарында комментатор, насихат хабарларының бас редакторы, қоғамдық саяси творчестволық бірлестігінің бас редакторы. Әдебиет әлеміне «Арманым менің», «Енші», «Балықшы бала», «Мәңгілік өмір», «Әлмеректің оралуы», «Шүкіршілік» атты жыр жинақтары рухани мұраларымыздың қатарын толықтыра түсті. Өшпес мұрасы өскелең ұрпаққа рухани азық болар Бақтыбай Айнабеков ағамыздың өмір жолы жастарымызға үлгі өнеге.