№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мүшайраның мәйегі – Манап ақын

Мүшайраның мәйегі – Манап ақын


Сыр сүлейлерінің жолын жаңғыртушы, Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкеновтің 90 жылдық мерейтойы жас ақындардың мүшайрасымен басталды. Жыр додада жас ақындар Манап ақынның тұлғалық болмыс-бітімін жырға қосып, өлеңдерін жатқа айтып, ақын рухын ұлықтады.
Мүшайраның мәйегін келтіріп, өлеңнің құдіретін ұғындырып, қарасөз оқуда шеберлігін көрсеткен таланттар аз болмады.
Халық ақынының мәдени мұрасын жас буынның жадында жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған шараға ауданның 42 мектебінен жалынды жастар келіпті. Олар М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің кітапханасында бас қосты. Үміт жүгін арқалап, алыс елді-мекеннен келген жастардың қарасы аз болмады. Тырнақ алды өлең жолдарын «Ақынға арнау» өлеңімен бастаған Ділназ Мәдібекова, Бақыт Орынбасар, Аяжан Әбдулахан, Қасиет Ералы, Гүлнұр Бекмахамбет, Ақниет Ержігітқызы болашығынан үміт күттіретін жас екенін аңғартты. «Сыр сүлейі – Манап ақын» өлеңін шараға алып келген Ділназ Мәдібекова: «Манап атам поэзия патшасы, Еске алып тұр ескерткіштер тақтасы. Өзің жайлы жырлай берем жыр ата, «Өлең» дейтін несібемнен қақпашы. Өмір жайлы, өлең жайлы, сіз жайлы, Жерлестерің әлі талай жырлайды. Жыр атамның туған күні тойлансын, Өлген күні болған емес, болмайды!» деген жолдары әділ-қазылар тарапынан жоғары бағаланып, бірінші орынға лайық деп танылды. Ал, аудан өнерпазының бірі Қасиет Ералының арнауы өңдеуді қажет еткенімен, өлеңді оқығанда дыбыстың дұрыс шығаруын жетік меңгергендігін көрсеткені үшін жас ақын екінші орын иеленді. Балғын жырын бәйгеге қосқан Бақыт Орынбасардың да айы оңынан туды. Дүбірлі додада жүрек лебізін жеткізген жас үшінші орынды қанағат тұтты.
Шарада Манап ақынның 60-қа жуық өлеңдері жатқа оқылды. «Күріш алабына», «Еңбек ордендері», «Көктау шахтерлеріне», «Ақындарға», «Қара кетпен» секілді өлеңі көпшіліктің ықыласына бөленді. Поэзия әлеміне аяқбасқан жастардың талпынысы, шабыттана айтқан сөздері көпшіліктің есінде мәңгі сақталды. Әсем дауыстағы әдемі өлең құлақтың құрышын қандырды. Бәйгеде бәсі биік балғындар марапат мінберіне көтерілді. Олардың қатарында Сауранбек Жәмшит бірінші орын, Сүндетхан Әмзеев екінші орын, Ақниет Ержігітқызы үшінші орынды қанжығаға байлады.
Айтыстың ақтаңгері атанған Манап ақынның шығармашылығына арналған шарада ақынның көзін көрген мәдениет қызметкерлері Уалихан Ибрагимов пен Әбсұлтан Өтепбергенов естелік айтып, қызықты сәттерді еске алды. Шара соңында Әбсұлтан Бексұлтанұлы Адырбек Сопыбековтың сөзіне жазылған «Ардақта аға», Қадір Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Досқа сыр» әнін орындады.
Иә, торқалы топырағында тоқсан жылдық мерейтойы тойланып жатқан Манап Көкеновтің мәңгілік мұрасы ел жадында қаттала бермек. Ақынға ұқсап бағып, әр өлеңінен шабыт іздеп, керегін ойға түйіп, рухани қуат жиып, тырнақ алды туындысынан таудай талап аңғартқан жастардың талабын көріп тамсандық.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
06 ақпан 2018 ж. 2 197 0