№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Тілеухан ақсақалға ел тілеулес

Тілеухан ақсақалға ел тілеулес


Ертеректе жөн сұрасқан ел жақсылары «Ауылыңның ақсақалы кім? Ізгі-жақсылардан кімдер бар?» дегенді айтып, жөн сұрасады екен. Бұл елдегі қазыналы қарияларға, абыз ақсақалдарға деген құрметтің белгісі болса керек-ті. Бүгінде елдік мәселеде төбе көрсетіп, шешімді сөз саптайтын ардагерлер баршылық. Солардың қатарына Тілеухан Мүслимовті қосуға болады.


Аққұм ауылында тұратын Тілеухан ақсақалды ауыл-аймақ жақсы тани­ды. Әрі құрметтейді. Ауылдың әлеу­меттік мәселелері мен халықтың мұң-мұқтажын атқамінерлерге жеткі­зіп, орынды уәж, ұтымды ұсыныс білдіретін Тілеухан Мүслимұлын білетін ауылдастарын әңгімеге тарттық. 80 түтіні бар елді мекеннің тұрғындары қария туралы толымды ойларын жет­кізді.
– Ол кісінің ауылға еткен еңбегін ел біледі. Шойын жолда қызметін өтеген еңбек ардагері зейнетке шығып, ауылішілік мәселелердің шешілуіне түрткі болып жүр. Қуаты қайтпаса біз Тілеухан қарияның әлі де ауылға қызметі еселенеді деген сенімдеміз, – деген мектеп директоры Жиренбай Жанасбаев оның сөзін жалғаған ұстаз Батырхан Жоланов жалғап:
– «Қарты бар ел қазыналы» деген бекер айтылмаса керек. Ауылдағы жол, мектеп, мешіттің салынуына қолғабыс болып, еңбек еткен жанның бірі – Тілеухан ақсақал. Ол 75 жасқа аяқ басса да ауылдың жоқ-жігін түгендеп жүреді, ел осы ісін жоғары бағалайды, – деді.
1945 жылы Ынтымақ колхозында туылған, төрт жылдық мектепті бітіріп, кейіннен Қосүйеңкі елді-мекенінде жеті жылдық білім ошағын тәмамдаған азамат саналы ғұмырын темір жол саласына арнаған. 1959 жылы мектеп бітіргеннен кейін, шаруашылық жұмыстарына білек сыбана кіріседі.
– Біздің уақытта білім алуға мүмкіндік аз болды. Еңбекке ерте араласып, тауқыметті жылдардың ауыртпалығын көп көрдік. 1964 жылы әскерге аттанып, үш жылдан кейін ауылға оралып, теміржолға «сигналшы» болып жұмысқа орналастым. Содан 41 жыл өмірім осы саланың жүгін көтерумен өтті, – деп әңгімесін бастады қария.
2009 жылы зейнетке шыққаннан кейін ауыл тірлігіне араласып, аудан, облыс әкіміне, облыстық мәсли­хат депутаттарыне хат жазып, атқамінер­лердің ауылға жасаған іс-сапары барысында елдің тілегін жеткізіп отырды. Жалпы ауылда меткеп те жоқ, құлшы­лық үйі, тіпті ауылға қатынайтын жол да болмады.
– Елдің еңсесі тіктеліп, әлеуметтік жағдай түзеле бастаған жылдары ауылға мектеп салуға кірістік. 2001 жылы асар әдісімен ескі мектептің іргетасын қалап, көп ұзамай ауыл балалары жаңа мектептің табал­дырығын аттады. Ауылдағы ағайыннан ақша жинап, құрылыстың басы-қа­сында жүрдім. Бұл менің азаматтық борышым еді. Асармен салынған мектепте қайбір сапа болсын, 2016 жылы осы мәселені облыс әкіміне көтерген едік, – деді кейіпкеріміз.
2016 жылы бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Руслан Рүстемов (ауданның сол кездегі әкімі) Аққұмға арнайы іс-сапармен келеді. Тілеухан ақсақал ең бірінші жол мәселесін, мектеп пен мешіттің жоғын айтып, елдің тілеуін жеткізеді. Бірнеше рет хат жазып, нәтижесінде 2017 жылдың сәуір айында облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ысқақов бастама көтерді. Нәтижесінде мектеп құрылысы мен медпункт басталып, былтыр пайдалануға берілді. 115 бала тәлім алатын мектеп заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылған. Мешіт те ел игілігіне беріліп, ауыл жұртына құлшылыққа жайлы орда бой көтерді. Қазір онда жастардың рухани-мәдени байлығын арттыруға жұмыстар жүргізіледі.
2017 жылдың соңына дейін аудан­да тек бір ауылға ғана кіретін жол салынбаған еді. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолынан Аққұм елді-мекеніне апаратын 10 шақырым жол болатын. Жергілікті жұрт жиын сайын осы мәселені көтеріп, Тілеухан ақсақалды алдына салып отырды. Ақыры ауылға кіре беріске тас жол төселіп, көпшілік көзайымына айналды.
– Міне, осындай іргелі бастамалар­дың арқасында қазір елдегі әлеуметтік мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Ендігі мақсат – тас жолды асфальттау. Аудан әкімі Сұлтан Мақашов бұл келесі жылдың еншісінде екенін айтып қуантып тастады. Талап пен Аққұм арасынан электр желілерін тартып, аяқ су мәселесін шешсе дұрыс болар еді. Осы істерде бастамашыл болып жүрген ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбавқа алғыс айтамыз, – деді ол.
«Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы салынуы тиіс 60 млн. қаржыны құрай­тын электр желілері де келер жылдың еншісінде екен. Егер осы мәселе шешілсе онда ауылға ауыз су келеді. Ал аяқ су мәселесі әзірге белгісіз күйде екен.
Бүгінде жары Шәркүл Әкімова екеуі бес ұл-қызды өсіріп немере сүйіп отырған қария ұлдарын өз жолымен жүруге тәрбиелеген. Яғни үш ұлы да әке жолын жалғап, теміржол саласында қызмет етуде.
Міне, сексенінші жылдардан бергі сергелдең уақыт бар, тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан алғашқы жылдарында шағын ауылдардағы күрмеуі көп мәселелер осылай рет-ретімен шеші­мін табуда. Әрине мемлекеттің қолдауы­ның арқасында ел еңсесі тіктеліп келеді, бірақ әрбір ауылдың бетке ұстар, жол бастаушы ақсақалы болмаса іргелі істер сапалы атқарылар ма еді? Міне, осындай аядай ғана ауылдың көшін бастап жүрген Тілеухан ақсақалға ел тілеулес.

Әли ТЕМІРБЕК
02 қазан 2019 ж. 570 0