№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жаңақорған өңірі өз кезінде үлкен діни ағарту орталығы болған

Жаңақорған өңірі өз кезінде үлкен діни ағарту орталығы болған

Шайдарбек Әшімов ағамыз жалғыз өзі Сыр бойының қаншама киелі жерлерін анықтап, айналымға ұсынды десеңізші! Бұндай жұмыстар алдағы уақытта ғылыми сипат алуы керек қой. Сонда ғана киелі жерлерімізді өзгелерге мойындатып, елге таныта аламыз, оларды абаттандыру, қайта жаңғырту арқылы ауданға туристерді көптеп тарта аламыз.
Аудан аймағында ұлттың мәде­ниеті мен руханиятының ескерт­кіштерінің қатары аса мол. Көне шаһарлар, тұлғалы азаматтардың кесенелері, сақ қорғандары, тас, қола дәуірлерінің ескерткіштері мен жәдігерлері жетіп артылады. Тарихи оқиғалар өткен жерлер де тарихи құндылық ретінде назар аударуды қажет етеді.
Ұлт дамуының діңгегі рухани байлықтардан басталары хақ. Ол мәдени, тарихи құндылықтармен сабақтасады. Қорасан (Әбжәлел баб) кесенесі, Төлек ата кешені сияқты ескерткіштер – тек сәулеттік маңызға ғана ие емес, олардың рухани өнегесі де барынша маңызды.
Демек, осындай сәулет ескерт­кіштерін жаңғырту, қайта қалпына келтірумен бірге оның рухани өнегесін жаңғырту – заман талабы. Осыған байланысты мынадай бір мысал айтуға болады. Қорасан кесенесі аумағында кезінде Қағбаның көшірмесі болған. Ол кейінгі уақытта жаңғыртылды. Осы мәселе әсіре діндарлар тарапынан аса шамшылдықпен қабылданды. Олар «Мекке біреу, Қағба біреу. Оның көшірмесі болмауы керек. Ол Аллаға серік қосу» деген мазмұнда байбалам салды. Олар бұл ғимараттың діни ағарту, оқу жаттығу мақсатында салынып, қажылық сапарға баратындарды, бара алмағандарды қажылық парызын өтеуге дайындауға қызмет еткендігін мойындағысы келмейді. Еліміздің басқа аймақтарында бұндай орталық кездеспейді. Демек, Жаңақорған өңірі өз кезінде үлкен діни ағарту орталығы болғандығы да рухани жаңғыру шараларының қатарында қарастырылуы керек.
Елбасының «жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген тұжырымының аста­рында тарихымыздың тағлымды сабақтарынан өнеге алып, оны құрметтеу, ұлықтау керек деген үлкен ойлар өрбиді.
Жаңақорғанның тарихы Отан тарихының құрамды бір бөлігі. Оны бөле-жара қарастыру мүмкін емес. Ел басына өткізген сындарлы да тағдыршешті оқиғалардан Жаңақорған да сырт қалған жоқ. Алтын Орда, Ақ Орда, Қазақ хандығы кезеңдерінің айбынды тарихи оқиғаларына куә болған Жаңақорған атырабы Қоқанның, Бұхардың, жоңғардың шапқын­шылығын да бастан өткерді. Елдік пен ерліктің өнегесін де көрсетті. Осы кезеңдердің қаһармандары рухани жаңғыру аясында ғылыми, әдеби тұрғыда тұлғалануы керек. Үкіметтің көмегіне қол созып отыра беру – жалқау жанның, немқұрайды пиғылдың көрінісі. Осы жерде Хасен ағаның азаматтығына тоқталып кетсек болады. Сыр бойынан шыққан санаулы ғана Алаш қайраткерлерінің бірі – Серіқұл Алдабергеновтің атын тірілтіп, ешкімге алақан жаймай-ақ жалғыз өзі ескерткіш белгі орната алды. Бұл игі бастама алдағы уақытта ел қамдаған қайраткерлердің есімін ұлықтауға, оларды ғылыми, әдеби және монументалды тұрғыда тұлғаландыруға ұласуы тиіс. Бұл рухани жаңғыруға жеке адамның үлес қосуының жақсы үлгісі. Елде осындай сауапты істерге бастамашы болатын азаматтар аз болмаса керек.
Елбасы айтқандай, ұлттық код дегеніміздің өзі – халықтың тектілігінің түбірі, рухани дүниесінің, санасының түп-тамыры, халықтың бойындағы ешкім алмастыра да, тартып та ала алмайтын мыңжыл­дықтарда қалыптасқан Алланың берген рухани сипаты. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу.
Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген Тұңғыш Президенттің пікірі – өз тарихыңды біл, өз тегіңді ұмытпа, бабалардың елдік пен ерлікті, білім мен имандылықты пір тұтқан игі дәстүрлеріне адал бол дегенге меңзейді. Міне, осы қағиданы басшылыққа алар болсақ, онда рухани жаңғыру барысында туған жер тарихын елеп, екшеп, беймәлім тұстарын айқындап алуымыз керек. Тұлғаларымыздың өнегесін ұлқтауымыз керек. Әрине, тұлғалар көп, қайсы бірін таңдаймыз деген таңдау да алдан шығады. Оның өлшемі біреу ғана – аталған тұлға ел игілігі үшін нендей игіліктер жасай алды деген сауалдың жауабы тұлғаны ұлықтаудың қажет немесе қажет емес екендігін айқындап бере алады.
Мемлекет басшысының елдің елдігін танытатын ел байлығы, жер байлығы, ер байлығы деген сөзі бар. Жаңақорғанның ел байлығын елдің ынтымақ пен береке-бірлікке, имандылыққа үндеген ізгі салт-дәстүрлері құраса, жер байлығы бүгінгі ұрпақ игілігін көріп отырған қазба байлықтары, түгін тартсаң май шығатын құнарлы топырағы болар. Солармен бірге жердің де, елдің де атын шығаратын ер байлығынан - тарихи тұлғалардан Жаңақорған өңірі де кенде емес. Қазірге дейін тұлғаланған әрісі діндар ғұлама Хусамаддин Сығанақиден бастап берісі Орта жүзге пір болған Айқожа ишан, Ақназар ханның қолбасшысы Қожамберді батыр, Абылай ханның замандасы Желкілдек батырдан қоқандықтармен алысып өткен Көкен батырға дейінгі аралықта қаншама тұлғалар атаусыз келеді.
Ел үшін қызмет етіп, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Бегайдар Аралбаев, Садықбек Сапарбеков, Уәш Бабаев, Сүлеймен Қошқаров және т.б. қайраткерлердің өнегесі де рухани жаңғырудың аясында іске асатын тірліктер.
Жаңақорған ауданы өндірісі мен ауылшаруашылығы қатар дамыған, мәдени-рухани әлеуеті мықты өңірлердің бірі. Таяу жылдары дамудың жаңа белесіне көтерілетіні даусыз. Өскен, өнген, өркендеген елге рухани жаңғырудың аясында пәрменді шаралар іске асырылуы керек сияқты. Алдағы уақытта Жаңақорғанның қасіретті де қай­ғылы кезеңінен мағлұмат беретін Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған, ауданнан шыққан айтулы тұлға­лардың аллеясы сияқты ел тарихын монументалды тұрғыда көрсететін ескерткіш кешендер салынатын болар деп сенемін.

Хазретәлі ТҰРСҰН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
26 қыркүйек 2019 ж. 768 0