№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тынымбай кейіпкерлері өмір үшін күресетін адам

Тынымбай кейіпкерлері өмір үшін күресетін адам

   Жазушы Тынымбай есімі жалпы қазаққа қаншалықты қымбат, қаншалықты ыстық болса соншалықты жұмбақ. Қымбат та, жақын болатыны – біз бала кезімізден Тынымбай шығармаларын оқып, жадымызға тоқып өстік. Оның жазғандары балаға да, данаға да бірдей әсерлі, өміршең, ұғынықты. Сондықтан ұмытылмайды. Бүкіл болмысы, табиғаты, танымы, тағдыры өзінің кейіпкерлері арқылы әр жүректе ұя салған ұлағат иесінің газет-журналға сұхбат беріп, телеэкранда жарқырап көрініп, ағынан жарыла ақтарылып жатқанын көрген емеспіз. Тіпті туған атамекенге қай кезде келіп, қай кезде қайтып жатқаны сырт көзге елеусіз қарапайым қаламгердің есі-дерті қоғам тынысын аңдау, білген-түйгенін сергек сана, көреген көңілмен жүрек түбіне ұялатып, бүгінгі өмір картинасын замандастарының өзіне шынайы түрде қайта ұсыну. Болды. Өмір бойы осынау дағдысынан аспаған, таспаған, кейіпкерлері тауды, тасты жарған қаһармандар болмаса да оқырман көкейіңде қалып қоятын тазалығымен қымбат, жан-дүниелері аппақ қардай мөлдір ауыл адамдары. Жер бетіндегі адамдардың барлығы осындай болса біз баяғыда ізгілікті қоғам орнатқан болар едік.
  Жазушы Тынымбай өзіміз өскен топырақта туып, табиғатын бойына сіңіріп өскендіктен бе, оның ақ қағаз бетіне мөлдірете төгілдірген ой түйдектері жанымызға тереңдеп енген сайын соншама таныс түйсік, табиғи егіз елестерді түртіп оятып, кейіпкермен бірге туған бауырдай алғы күнге бірге ұмсынып, бір бағыт, бір тілекте мүдде біріктіріп, ол қуанса қоса масайрап, ол қамықса көңіліміз қоса күрсініп, қос жанарды мөлдір жас жуатыны несі?
Тынымбай кейіпкерлері өмір үшін күресетін адам. Оларды қолмен қырнап, жонып, жағымды немесе жағымсыз етемін деу бос әуре. Әрқайсысы өзіндік болмысымен бір-бір қазақтың тұлғасын даралап тұр.
Қазақты әлемге таныту үшін хан тағына отырғызып, қараша елге билік айтқызбай-ақ немесе қолына бес қаруын іліп, сауыт-сайман асындырмай-ақ ауыл үй арасында ақ сөйлеп, адал жүріп-тұратын Адам деп аталатын атқа лайық өмір сүруге ұмтылған туған жер перзентінің ұлы мұратын айқындау арқылы да аспандатуға болады екен. Жалпы адам баласына ортақ жарық өмірдің мәні – тек қызықта, қуанышта ғана емес, небір қайғыны, қасірет атаулыны жеңе білген күресте, ерлік пен жігерде екенін еріксіз мойындатқан Тынымбай шығармаларының шынайылығы да осында.
Жазушының қол созымда мұнарытқан атақонысында балалық шақтың оқиғалары қадау-қадау қағаз бетіне түсіп, қайтара оқып шыққан сайын жан-дүниеңді тербеп, алаңсыз көңілді алыс күннің санадан өшкен сағынышына жүр-жүрлеп шақырғандай болады. Өткен күннің күйініш-күйініші тал бойынан табылатын, ойдан шығарылған емес, жазушының өзімен жан дос болып, бірге ойнап, бірге өскен замандастар тағдыры саған да аса таныс.
Жазушының сомдаған осындай кейіпкерлерінің бірі – Тұяқты алайық. Әкесі соғыста қаза болған. Өзі әжесінің қолында тәрбиеленді. Анасы көрші ауылдың бір кісісіне тұрмысқа шығып кеткелі бері көңілінде қатқан тас шемен бар. Мүмкін, сондықтан қабағы үнемі қатулы. Бірақ солай екен деп оны қатыгез деуге мүлде болмайды. Қабырғасы қатпай жатып қайғының қасіретін арқаласа да жаны жұмсақ, арманы биік. Тіршілікке талпынған жас кеуденің мейірімге сусаған жан аңсарын жалғыз өзі толтырып, көзге сүрткен тұяғының талабы таудай азамат болып өсуіне жанын салған әжесінің ақ тілеуінің арқасы бұл. Темірдей төзім де, терең ақыл да Тұяқтың бойында тұнып тұр. Сәби көкірекке әжесі еккен асыл өнеге оны қандай да бір қиындық кесапаттан есен-сау алып шығып, алғы күнде жанынан бір екі ажырамаған асыл қорғаны болды.
Кейуана тілегін мәңгілік бойтұмар қып жүрек түкпірінде аялаған адал ұл әжесі қайтыс болғаннан кейін де бордай егілмей, бойын жинап, тастүйін бекініп, бұрынғыдан да табанды, әлсізге болысқыш, қайратты бола түсті. Қамкөңіл кеуденің өмірге кеткен қарымтасын осылай қайтаруға бел буғанның өзі алпамсадай азаматтың өз-өзін жұбатуы ғана емес, қараңғыдан, қайғыдан жарыққа, жарқын болашаққа ұмтылуының жалғыз амалы болатын. Бүгінде сәл қиындыққа кезіксе жүйкесі сыр беріп, жасып, жаншылып, жарық өмірден баз кешетін өрімталға жеңімпаз Тұяқтың өмір-күрестегі ерік-жігері, еншілеген жеңісі үлкен сабақ. Тұяқ – намысқой тұлға. Жоғары сыныпта интернатта жатып оқыды. Қысқы каникулда ауылға келгенінде қар көміп, есігі тарс жабулы тұрған қарашаңырақтың тіршілігін маздатып, екеуінің жұбын жазбай сол үйде күнелткен көріністерінен жазушы тамаша картина жасап шығарады. Демалыстың соңғы күндерінде есікті сықыр еткізіп ашып, ішке біреу енді. Бұл үйінен жасырынып, түн жамылып келіп тұрған Тұяқтың анасы еді. Қанша сағынып кеп, еміреніп бауырына басайын десе де Тұяқ мізбақпады. Жалғыз ауыз жауап қатпады. Күрсінген ана түйіншекке түйіп әкелген жүз сомдай ақшаны қалдырып, қайтуға беттеді. Тапжылмай қала берген Тұяқтың қан тамырын қуалаған адам айтқысыз қуанышты айтып жеткізу мүмкін емес. Ол анаға деген ынтызар көңілдің суымайтын ыстық ықыласы еді. Намыс бойын буып, бір жағынан ана алақанын аңсап-зарыққан құштарлық, бір жағынан кеудеде беріш боп қатқан өкпе-нала өзегін от боп күйдіріп, тұла бойынан жан кеткендей жаншылып қала берген. Жаныңда жүрмесе де жарық дүниеде ананың бары қандай жақсы. Қанша қайғыға қамалса да көңілінің бір түкпірінде қамал боп тұратын өзіне тіршілік сыйлаған анасының қарайған көлеңкесіне бұл бәрібір қарыздар екен.
Кітапта досы Тұяқ екеуі көрші ауылға доп-таяқ ойнауға барғаны суреттеледі. Бұлар тойдың үстінен түседі. Алдымен тоя тамақ жейді. Сол көпшілікте Тұяқ анасы Нәзікенді көріп қалады ғой. Ол бұл екеуіне жақындап келіп, бір уыс кәмпит ұсынып еді, Тұяқ алмады. Өкпелі екенін білдіріп теріс бұрылды. Бұған қарап Тұяқты тасбауыр, қатыгез бе деп қаласыз. Бұлар қайтарда екі ауылдың баласы болып қақ ортадан шекара белгілеп, сақаны қай бұрын алып өткені жеңімпаз болатын ұлы жіңгір дода басталып кетті. Сол жолы Тұяқтың тегеурінімен бұл екеуі басым түсіп сол сақаны ауылға алып қайтты. Жүлделі жұп өлеңдетіп қайтатын реті бар. Тұяқ үнсіз, ауыр мұңды арқалап әрең ілбіп келе жатқандай ма.
– Нұрым, ол ауылға неге барғанымды білесің бе, – деп сұрады кенет.
Бұл: «Доп таяқ ойнауға» деді. «Жоқ». «Палау жеуге». «Жоқ». «М-мен Нәзікенді көруге бардым-м». Ары қарай сөйлей алмаған Тұяқ тұншығып, өксіп-өксіп жылады-ай. Қосылып бұл да әбден жылады. Іштей тағдырды, заманды сөкті. Ешкімге де емес, шетсіз-шексіз созылып жатқан құбажон мен қырқаға мұңын шағып, армансыз аңырады-ай. Бұған қарап тағдыр талақ еткен тайқы маңдай түлекті тасбауыр деуге бола ма? Оның сезімталдығы, зерделілігі сонда, көзінің қызылын әжесіне көрсетпей, төр алдына досы екеуіне қалың сабан үстіне қатар салынған төсегіне келіп жатқан соң да көпке дейін көз іле алмады. Таңертең одан бұрын оянған досы пештің жанында қары еріп, әбден мүжіліп, сықпыты кеткен тобықтың асығына көзі түскенде «кеше кешке қан сорпа боп, қырылып олжа қылғандағымыз осы ма» деген ойын оянып кеткен Тұяққа да айтып еді. «Әшейін ғана ит кеміріп тастаған түйірдей сақа болғанымен онда тұтас ауылдың намысы, нартәуекелі жатыр ғой» деген мақтанышын жасырмаған Тұяқ тұңғыш жадырап күлген.
Жас өренді патриотизмге, елді сүюге, туған жер намысы үшін жаратылған биік парасаттылыққа тәрбиелеудің бұдан асқан қандай үлгісі бар?
Жалпы Тынымбай кейіпкерлерінің барлығының жаны кіршіксіз таза, тау суындай мөлдір болып келетіні ғажап. Жазушының «Тұнық суындағы» Елжанды алайық. Әкесі екеуі ауылда біраз күн аунап-қунап жатып, қала баласы бауыр дегеннің ыстық құшағы қандай болатынын титтей жүрегімен сезініп, көңілі тасып оралған. Адуын анасының мұның үстіндегі Гүлжан апасы тігіп берген ине мен жіптен жаңа шыққан ақ көйлекті үстінен шешіп алып, бір бұрышқа атып ұрғаны, ваннаға кіргізіп, үсті-басын езгілеп жуып, толық «залалсыздандырудан» өткізген зәрлі кескіні сәби жүрегіне инедей қадалған. Күндердің күнінде әкесі де бұл үйден біржолата кетті. Осындай қиын сәтте әкесінің туған ауыллы – Мұңсызбайға тартып кетуден басқаны ойламаған бала жүрек автостанцияны тауып барып, ауылдарға апаратын автобустардың біріне отырғаны, одан осы ата-әжесіне апаратын соқпақ-ау деп жорамалдаған тұстан түсіп қалып, жаяу-жалпылап жапан кезгені, сылдырай ағып жатқан бұлақтың суына қолдан жасаған қайығын жүздіріп, «өзімнен бұрын ауылға жетсе» екен деген тілегі, бәрі-бәрі өз қанына, тегіне тартып шарқ ұрған шағала-арманды көз алдымызға әкеледі.
Пәк кеуде қатыбас пейіл, қытымыр қарым-қатынас, оқшау өмірден құшағы жаз, құбыласы түгел, жақсылыққа құштар ата-әженің құтты қонысына құстай ұшып келеді. «Дүниедегі ең тұнық су – Мұңсызбайда» дейді бұлақ сілемдеріне аяқ іліктіріп, шөлін қандыра суын сіміріп отырып. Он жасар баланың аузына автор осыдан артық қандай сөз салуы мүмкін? Осы бір ауыз сөздегі терең, астарлы мағына қандай? «Тұнық суды» қырық жыл бұрын оқыдық. Осыншама жыл Елжан: Мұңсызбайға жете ме екен? деген уайым жиі еске түсетін. Елжанның жаһанданудан жанұшыра қашып, өз түп-қазығын, өз тегін табуға ұмтылған қазақтың дара бейнесі екенін енді ғана түсінгендеймін.
Қоғамдағы қарама-қайшылықтар суреткердің қай кезеңде болмасын басты тақырыбына өзек болып келеді. Мәселен, Тынымбайдың «Мешкей» повесі бүгінгі өмірдің тауқыметі мен күлкілі тұстарын қарапайым бір отбасының тыныс-тіршілігі арқылы тереңнен сын таразысына салады. Дәл қазіргі қазақ қоғамының айықпас бір дерті, қасіретті трагедиясы – ашкөздік, жемқорлық. Бір ғана адам арқылы бір қоғамның бет-бейнесін жасап шығу жазушы шеберлігін танытса керек. Мешкей – Алыпхан – бүгінгі қоғамдағы ашкөздіктің алып бейнесі. Байлыққа ұмтылу жолындағы тойымсыздығы, жей берсем, байыған үстіне баий түссем деген өлермендігі, сол жолда адамдық ар-ұят, намыс, қарапайым халықтың обалын аяққа басып, аярлықтың неше атасына бару, көзін шел басып, санасы тұманданып, жалғандыққа барып, адамгершіліктен жұрдай болу – мешкейге тән мінез-құлықтардың барлығы Алыпханның бойында тұнып тұр. Оған жирене қарайсыз. Автор лейтмотиві де осы. Ес-ақылды жаулаған мешкейліктің, тойымсыздықтың ақыры неге алып барады? Автор осы тұстағы негізгі мотивін төмендегіше шебер түйіндейді: «Мешкей жарылып кетті». «Мешкейлік – ата-бабасында жоқ екен. Өз басында ғана екен. Сондықтан көтере алмады. Жарылып кетті» – дейді дәрігер. Бұған не амал қылуға болады? Мешкей ең соңғы сәтінде аспанға сұқ саусағын кезеп, өзі де сол көкке телмірген күйі бақырайды да қалды. Бұл өмірінің ең соңғы сәтінде көктегі Құдыретті еске алып, алдына барғанда не деп жауап берерінің уайымына көшкен – мешкейдің соңғы жанталасы еді. Бұл көрініс санасы барға сұмдық сабақ болса керек.
Автордың соңғы жазылған шығарма­ларының қатарында «Періштелер өлімі» – қазіргі қазақ қоғамының кульминациясы. Бүгінде күнкөріс кез-келген қазақ отбасының басты мәселесі. Бұрынғыдай «өкімет өлтірмейді» деген ұзын арқау, кең тұсаудың заманы жоқ. Күнкөріс үшін ғана туған ошағын тастап, өзге мемлекетке болсын тамақ табудың қамымен сабыл­ғандар саны артты. Осы кітаптағы «Жыланның уы» деген әңгіменің желісінде күнкөріс үшін қаладан ауылға келген қазақтың бейкүнә, құлық-сұмдықтан ада, аңғал, ақкөкірек жастарының шетелдік қожайынның құрбаны болуы суреттеледі. «Қай ұлт екендігі де белгісіз, түксиген қалың қабақты, ала көзді» қожайынның қолында жұмыс істеген ағайынды жігіттер алғашында екі қабатты зәулім сарайда тұрып екі-үш атты бағып қараған аз-маз еңбектеріне жақсы жалақы төлегеніне шын риза қалыпта жүреді. Ауылға ай сайын ақша салынып тұр. Есік-терезесі құрсаулы алып ғимараттан ешқайда шығуға мүрсат жоқ тіршіліктен жабығып, әрі үйлерін сағынып, ауылға барып қайтуға сұранған ағалы-інілінің қолқасын қабылдамаған қожайынмен ақыры бір күн атқа қонып, қала сыртына шыққан еді. Қайда барары бұларға белгісіз. Ал қожайынның түпкі мақсаты анық. Соның қамымен түні бойы ұйықтамай, бұл екеуін демалдырып, өзі құм көшкен айдалада шұқыр қазып, қазан асып, астына толтыра сексеуіл үйді. Таңертең екеуін оятып, киімін киюге де үлгіртпей ыстық құм үстіне жалаңаяқ қуып шыққанда барып ниеті белгілі болды. Қолында оқтаулы мылтығы бар, ат үстіндегі адамға жалаң қол, жалаң аяқ адам не істей алмақ? Амалсыз айтқанына көніп, алдыға түсті. Әредікте табиғаттың өзі томардан өргендей ирелеңдей сексеуіл өскен ағаш құдық бар екен. Бозым жігіттің беліне арқан байлатып, соған түсуді бұйырды. Ол әмірді орындады.
Құдық ішінен шыққан дауыстың зорын адам басына бермесін. Жіпті қайтара тартып алып шыққанда құдықтан адам емес, құбыжық шықты. Алыптай ісіп кеткен денені жанындағы қышқыл құйылған қазанға салып, былғауышпен былғап тұруды бұйырып, ақырында бір құты жер бетінде таптырмайтын дәріні жыланның уынан жасап, содан белшеден пайдаға батқан сұмның тірлігі құрысын. Бәрінен бұрын осыны жазарда бір деталын қалдырмай көз алдымызға елестетіп қойған сұмдық көрініс көңілімізді паршалап, жүрегіміз ауырсын. Адамды өстіп те қорлауға бола ма? Егеменді ел болдық деп қалпағымызды аспанға лақтырып жүргенімізде ақ жүрек ағайын осындай қаскүнемдерге құрбан болғаны ма? Көңілді аяушылық билеп, автордың өзімен тілдесуге тура келді. Жазушы еңбегінде ойдан шығарылған дүние де болады деген есек дәме.
«Жүрегіміз жаншылып бітті. Ойдан шығардым десеңіз жеңілірек болар еді» деген тілегімізді де жеткіздік. «Қоғамдағы болып жатқан шындықты жұртшылықтың жүрегі ауырады деп жаба-тоқып отырғаннан ізгілік орнап, жақсылық жайылып кетпейді. Жақында жұмыс іздеп шыққан бір автобус өзбек ағайындарымыз өртеніп кетті. Бұл жеңіл өлім бе? Жоқ. Аяп, жүрегіміз қан жылағанмен мұндай жағдайлар болып жатыр ғой» дейді аға аһ ұра күрсініп.
Бұл жерде жазушы көтеріп отырған мәселелер мәңгілік. Автор қазіргі адамдар тағдырын өзек етіп ала отырып, мәңгіліктің бітіспес алапат майданын бейнелейді. Ұлт тағдырын ұлтын жанымен сүйген жазушыдан басқа ешкім таразылап бере алмайды. Таразылап қана қоймай, атар таң, жарық күніне жалау бола білген жазушы қаламына қуат беретін де сол күш, сол құдырет.
Шын талант сол тәуекелден тайқымасы анық.

Баян ҮСЕЙІНОВА
24 тамыз 2019 ж. 1 162 0