№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Елім де, жерім де – Жаңақорған

Елім де, жерім де – Жаңақорған


Бұл өмірдің сәні адамдар арасындағы қымбат сыйластықта. Атаулы күн-алғыс айту күні орталықта тұратын Илялетдиновтердің қара шаңырағына көңіл қалауымен еріксіз бұрылдым. Есіктен енгенім сол, дәлізде тұрған телефонның құлағын бұрап дегбірсізденіп отырған Софья апай «Е, міне, өзі де келді» деп орнынан тұрды. Ауладан жаңа кіріп отырған күйі екен.
– «Алғыс айту күні» бүкіл жаңақорғандықтарға, олардың ішінде менің қатарларым да, әріптестерім де, шәкірттерім де, көршілерім де бар, баршасына рахметімді жеткізгім келген, – деді ол толғана, – Бірақ қарт адамның ойындағысы орындала бере ме. Жүрегімдегі ризашылығымды қайткенде қалың жұртшылықтың құлағына естірте алам деп бір сәт газет арқылы жазу да ойымда болды. Сөйтіп, сені іздеп, біраз жерді шарлап отыр ем, – деді ол. Ұялы телефон ұстамайтын бұрынғының адамына мұның да үлкен қиындыққа түсіп жатқанын байқадым. Бұрылғаным жүдә оңды болған екен. Әлде ынтызар көңілдің шын ықыласын жүрек те сезеді ме?
– Өмір жолыңыздан біраз хабардармыз. Әйтсе де Жаңақорған сізге несімен ыстық? – деп сауал тастадық.
– Менің елім де, жерім де Жаңақорған,– деді ол. Осында 1942 жылы туылыппын. Соғыстың кезі ғой. Анамыз да ер екен, сондай қиын шақта да қаймықпай жетінші баланы дүниеге әкеліпті. Менен кейін Светлана туылды. Мен орта мектептен соң екі жыл аудандық комсомол комитетінде істедім. Комсомолдың І хатшысы Әбибулла Балабиев, ІІ хатшысы Манзура Құлымбетова болатын. 1961 жылы Н.В.Гоголь атындағы пединститутқа оқуға түсіп, химия-биология факультетін бітірдім. Оны бітірген соң облыс орталығында №112 мектепте, ерім Өтеш облыстық ауылшаруашылық басқармасында инженер болып жұмыс атқарды. Одан әрі туған жерге келдік. Комсомол қызметінде жүргенімде Мәскеудегі орталық комсомол мектебінің 9 айлық курсын да бітірдім. Уақытпен санасуды білмейтін комсомол қызметінде шыңдалуыма ерім Өтештің қолдауы көп демеу болды. Ол кісіге менің анам да алғысын жаудырып кетті. Кейін мектепте ұстаз болып еңбек еттім. 1992 жылға дейін, сегіз жыл орталықтағы №169 Н.Илялетдинов атындағы орта мектебінің директоры болдым. Мектеп бұл кезге дейін таза орыс мектебі болса, кейін аралас мектеп болып қалыптасты. Мен басшылық еткен жылдары бірнеше жыл қатарынан «Күміс медаль» иегерлерін тәрбиелеп шығардым. Білім ұясында 1200-дей оқушы, 70-ге тарта мұғалім бар болатын. Зейнеткерлікке 1998 жылы шықтым.
Ұстаз әңгімесін тыңдап отырып, «Асылды тат баспайды» деген нақылдың шынайылығына көз жеткізгендеймін. Жастық шақта Мәскеуде оқып жүргенінде әкесіне апа-қарындас болып келетін туыстарының қолында тұрыпты. Ес жиып, етек жапқан соң бабалар мекені – Татарстанға жол тартып, Қазан қаласында тұрып жатқан жамағайындарды жағалап, ата тегінің тамыр жайған топырағына тәу етіп қайтыпты. Ертектегідей тізіле тұғыр тіктеген тарихи кешендер, Қазан Кремлінің қоңырауының үні қанын қыздырып, көңіліне кетпестей қонақтап қалды. Бірақ көп аялдамай жаймашуақ отаны, аққұмдақ шаңын жалаңаяқ кешіп өскен Жаңақорғаны сағындыра бастайды.
– Жетпіс алты жылдық ғұмырым Жаңақорғандағы осы қасиетті шаңырақта өтіп келеді, – дейді ол. Әкемнің қараорнында, терезесі сыртқа қараған ұядай құтханамда әрбір атқан арайлы таңды шүкіршілікпен қарсы алып, әр күнімді жақсы тілекке жалғап өмір сүріп келемін. Сондықтан маған бұл мекен ыстық. Мен оны ешнәрсеге де айырбастамаймын. Адамдарын да. Бүкіл өміріме куә болып келе жатқан «Советская» (кейін Манап Көкеновтың есімі берілді ғой) көшесінің әрбір тал-терегі, түйір тасы мен майда құмы мен үшін қымбат. Ата-анамның өзі болмаса да көзі, ыстық алақанының табы сіңген қасиетті ұямның шырағын сөндірмеуді балаларыма да аманат етіп отырмын, – дейді ана ағынан жарыла.
– Бұл үшін алдымен тағдырыма ризамын, – дейді ол. Содан кейін қысылтаяңда қол ұстасып келген қорғансыз ата-анамды бауырына басып баласынан кем көрмеген қазақ халқына рахмет! Өнегелі елде өркен жайдық. Өстік, өндік, көгердік. Қазақтың әр баласына Құдырет кең өрісін, нәсіп жемісін берсін.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
03 наурыз 2018 ж. 1 163 0