№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » ТЕАТР – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ТІРЕГІ

ТЕАТР – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ТІРЕГІ




Театр – тәрбие мектебі, театр – тәлім, рухани азық алар орда», деп ұлы жазушылар айтып кеткендей театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ, идеологиялық құрал. Осы ретте, жаңақорғандық театр тарландары жөнінде тоқталып кетсек...
Таза ашық аспан астында әсем ән мен күй тартқан өнер иелері қазақ халқында бұрыннан-ақ болған. Осындай таланттар қатарында Атақты Сегіз сері, Мәди Бәпиұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Балуан Шолақ, Қажы­мұқан, Әміре Қашаубаев, Нартай Бекежанов, Сара Тастанбекқызы, Май­ра Уәлиқызы секілді өнер май­талмандары болды. Олардың көрермені де, сахнасы да байтақ дала еді.
Кеңестік Үкімет орнағаннан кейінгі алғашқы кезеңде театр міндетін «Қызыл отаулар» атқарды. Ауданда 1943 жылы құрылған тұңғыш Қызыл отаудың меңгерушілігіне ақын Манап Көкенов тағайындалды. Қызыл отаудың ішінде тек әнші, күйші, жыршы ғана емес, оның құрамында дәрігерлер, лекторлар, тілшілер мен пошта қызметкерлері мен көшпелі киноқондырғылар болды. Олар алғашқыда ат арбалармен, кейінірек жүк көліктермен жүрсе ХХ ғасырдың 70-жылдары ғана оларға автоклубтар берілді. 1949 жылы Манап Көкеновтен кейін «Қызыл отаудың» тізгінін Есіркеп Қоңқабаев ұстады.
ХХ ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысынан бастап жер-жерлерде ашыла бастаған театрларда қойылатын спектакльдерді көріп қызықтау қала халқына мүмкін болғанымен, ауылдық жерлерде тұратын қалың қауымға қол жетпес арман еді. Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында Үкімет ауылдық жерлерде халық театрларын ұйымдастыру жөнінде Қаулы да шығарды. Мұндағы мақсат халықтық театрларға кәсіби актерлар емес, қарапайым еңбек адамдарын тарту, олардың дарынын көпке паш ету, тума таланттарды кәсіби театрларға тарту болды. Осы кезеңдерде облыстық мәдениет басқармасы ауданға кәсіби актер-режиссер Мариям Раишеваны жіберді. Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың басы еді.
1959 жылы аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен бұл труппаға алғашқы мүшелер қабылдана бастады. Оның алғашқы мүшелері болып №51 орта мектептің мұғалімі Әнуар Мәженов, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының тігіншісі Әнуар Мүлкайдаров, Мәншүк Мәме­това атындағы Қызылорда педа­гогикалық училищенің студенті Жақсыгүл Бегманова, Қызыл отау меңгерушілері Манап Көкенов пен Есіркеп Қоңқабаев, кітапханашылар Зада Исаева мен Зияш Сейтпанова, автоклуб жүргізушілері Әбдрейім Өтешов, Ағыман Шәметов пен Сергей Абдраймов, Аманкүл Молдабекова, Мырзақасым Төлепбергенов, Әмір Мәжитов, Иннокентий Пак, Әлібек Сүгірбаев, Тынысбек Дүйсебеков, Әбдіқадыр Әбдіхалықов, Халила Спатаев, Орынбасар Байтөреев, Зейнеп Жапарова және т.б таланттар қабылданды.
Екінші буын ретінде Талап Көккөзов, ағайынды Бексұлтан Байкенжеев пен Нұрсұлтан Өтепбергенов, Есенкелді Құламетов, Жәдігер Тұрсынов қатарға қосылды. Ал, ХХ ғасырдың 70-80 жылдары Мәдениет Тотаев, Анарбай Баймұратов, Қалтай Арқабаев, Қазбек Башаров, Уәли Ибрагимов, Рыскүл Ұлықпанова, Күлан Әбілтанова, Гүлнар Байтөреева, Абай Камалов, Жадыра Шертекова, Құралай Мұсахметова, Рахима Әбсаттарова, Дүйсен Сыздықов секілді жас мамандармен толықты.
Олардың бәрі белгілі бір мекемеде жұмыс істейтіндіктен спектакль дайын­дығына жұмыс уақыты біткеннен кейін кірісетін. Бұл театр халықтық атақ алғанға дейін бірнеше спектакльді даярлап көрермендерге ұсынды.
Олардың репертуарында Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» (1961 жылы), «Қаракөз»1961-1962 жылы), «Еңлік-Кебек»(1964 жылы) Әбділда Тәжібаевтың «Жартас» (1963 жылы), Бейімбет Майлиннің «Неке қияр» (1964 жылы), «Шұға»(1960 жылы), Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш Баян сұлу» (1978 жылы), Қалтай Мұхаметжановтың «Құдағи келіпті» (1972 жылы), «Өзіме де сол керек» (1979 жылы), Бердібек Соқпақбаевтың «Боз төбеде бір қыз бар» (1980 жылы) спектаклін айтуға болады.
Театрдың алғашқы әртісі болған өнер майталманы Жақсыгүл Бегманова өздерінің алғашқы өнер туындылары жөнінде былайша еске алады: «Ол кездері халықтық атағымыз да жоқ, енді-енді ғана рөлдерді ойнауды үйреніп жатқан шағымыз. Сол күндердің бірінде жаңа театрымызға режиссер болып Мариям Раишева есімді егде әйел келді. Кейін білдік қой, ол кезінде Алматы мен Талдықорған облыстық театрларында жұмыс істеген екен».
Қазіргі Нартай атындағы театр 1959 жылы Талдықорғаннан бөлініп келіп отау көтерген. Баяғы 1928 жылғы Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегі» қойылған мемлекеттік театр астана Алматыға көшкенде, ол да көшіп кеткен екен. Хрущевтың жылымығы кезінде Партия мен Үкімет қарапайым халықты еңбекке жұмылдырудың басты тетігі көпшілік арасында мәдени ағарту жұмыстарын жандандыру, аудандар мен облыс орталықтарында театрлар ашу, ауылдық жерлерде көркемөнерпаздар үйірмелерін ашуды тапсырған болатын. Осыған сәйкес Талдықорған театрының бір труппасы Қызылордаға көшіріледі. Мариям Раишеваның жалғыз қызы Фатима Айнақұлова да, күйеу баласы Тұрысжан Айнақұлов сол труппа құрамында Қызылордаға қызметке келген екен. Қызылордада Мариямға Жаңақорғанның мәдениет үйі жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне көркемдік жетекші, драма үйірмесіне режиссерлық жасау қоса тапсырылады.
– Мариям мекемелер мен ауылдарды аралап жүріп әртістікке бейімі бар жігіттер мен қыз-келіншектерді іріктей бастайды. Сондай бір күндердің бірінде педучилищенің жатақханасына «Красная Звезда» колхозы комсомол ұйымының хатшысы Рахия Бердікеева қасында қырықтан асыңқырап қалған бір әйелді ертіп келіп маған ауданның атынан жақында болатын байқауда бір биді билеп беруімді өтінді. Ол менің бұрыннан мектепте жүргеннен билейтінімді білетін. Оған мақұл деп келісіп, кейін уәдемді орындадым. Ал Рахияның жанындағы сондағы әйел Мариям Раишева екен, Бұл 1959 жылдың көктемі болатын. Ол мені кейін өз ұжымына қосып алды, – деп еске алады Ж.Бегманова.
Театрдың алғашқы құрылуы мен оны қалыптастыру кезеңінде спектакльмен бірге көркемөнерпаздар да жүретін. Басшылардың екі ұжымды бірге қосып жіберудегі мақсаты халықты спектакль көруге үйрету. Әр ауылда қойылған спектакль соңынан олармен бірге еріп келген әнші-күйші мен жыршы-бишілер өнер көрсететін. Бұл кездерде теледидардың жоқ кезі болғандықтан да ма екен, қазіргідей емес көрермен өте көп болатынын біздің өзіміз де жас күнімізден көріп өстік. Шындығында ол кездері тек кәсіби әртіс емес қарапайым ауыл тұрғындары мен мекемелерден тек жай қызметкелері ғана емес, олардың басшыларының ойнағанын көрдік. Соның ішінде әншілер Халила Сыпатаев ауданның бас дәрігері, Әнуар Мәженов мектеп директоры болса, Әлібек Сүгірбаев аудандық ішкі істер бөлімінде жол қауіпсіздігі инспекторы, Мейрамкүл Бекжанова мен Айзада Әріпханова мектеп оқушылары, күйші Тынысбек Дүйсебеков «Красная звезда» кеншарында есепші, қобызшы Әбдіқадыр Әбдіхалықов Өзгент мектебінде мұғалім, жыршы Әмір Мәжитов аудандық «Казсельхозтехника» өндірістік бірлестігінде есепші, биші Әнуар Мүлкайдаров аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының шебер-тігіншісі, әртіс Орынбасар Бәйтөреев астық қабылдау пунктінде есеп қызметкері, Есенгелді Әлібеков «Бірлік» кеңшарында жүргізуші, спектакльді музыкамен әрлеуші сазгер Иннокентий Пак клуб меңгерушісі болатын. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады, бірақ оның бәрін тізіп шығу мақаланың негізгі мақсаты емес. Сондықтан сол кездері өнер көрсеткен бірақ мақалада аты аталмай қалған өнер ардагерлерінен алдын ала кешірім сұраймын.
Міне, осылайша айтақырға үй тұрғызған Мариям Раишеваның еңбегі өлшеусіз десек, асылық айтқанға жатпайды. Оның шеберлік мектебінен алғаш тәжірибе жинақтаған Жәдігер Тұрсынов, Әмір Мәжитов, Қуат Алдабеков есімдері кейін елге танымал азаматтарға айналды. ХХ ғасырдың 70-жылдардан кейін спектакль, скетчтер қойған Мәдениет Тотаев, Анарбай Баймұратов та осы мектептің жемісі.
Жаңақорған театры бұл кездері жан-жақты ізденіс үстінде болды. Олар халық көретін, олардың ұғымына түсінікті шығармаларды көрермендерге жеткізуге асықты. Театрдың тырнақалды қойылымы Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» болды. Басты рөлдегі Әбдірахман бейнесін Халила Спатаев сомдаса, Көтібар рөлің Әнуар Мәженов, Шұғаны – Зейнеп Жапарова образын көрермен көңіліне қонымды, жүректеріне сенімді жеткізді. Осы халық театры ұжымдарында беріле өнер көрсетіп, оны өзінің екінші өміріндей қастерлеп, соның идеясына көзсіз фанатизммен еңбектенген жандар да болды, Солардың бірі Жақсыгүл Бегманова еді. Оның айқын мысалы ретінде 1963 жылы Төменарық ауылында болған мына бір жағдайды айта кеткен орынды деп білемін, Театр Төменарыққа Шәрбану Құмарованың «Сүр бойдақтың хикаясы» спектаклін алып барады. Спектакльдегі басты рөлді ойнап жүрген Жақсыгүл Бегманова жүкті екен. Айы-күні жетіп отырған. Шын мәнінде спектакль үстінде Жақсыгүл босанып қалады. Ал бұл дегеніңіз, соңғы минутқа дейін сахнадан кетпеу, бұл фанатизмнің апогейі болар. Мүмкін адам өнерді сүйсе солай сүюі керек те шығар. Осы спектаклде ойнаған Ананкүл Қалымбетова ауыл қызы «мыңқидың», Ұлтуар Оспанова қала қызы «қақа тұяқ» рөлін сомдады. Өнер ұжымының 1965 жылғы Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі», 1967 жылы қойған Оразбек Бодықов пен Асқар Тоқмағанбетовпен бірлесе жазған «Арман азабы» спктакльдері тек ауылдық жердің ғана емес облыс, республиканың өнер тарландарының зор құрметіне бөленіп, оның ойындарына жоғары баға беріледі. Осы спектакльде ойнаған Жәдігер Тұрсынов профессор Хамиттің, оның әйелі Дүрбикені – Жақсыгүл Бегманова, оның қызы Надяны – Зада Исаева, күшік күйеу Берікболды – Сергей Абдраймов, кішкене бала рөлін – Берік Абдраймов наным­ды ойнап, телефестивальдың лауреаты атанды.
1967 жылдың қыркүйек айында Жаңақорған театрына Қазақ ССР-і мәдениет жөніндегі Мемлекеттік Комитеті коллегиясының қаулысымен халықтық атағы беріледі. Бұл өнер ұжымына берілген зор атақ. Жаңақорған халық театры Қызылорда облысындағы тұңғыш халық театры атағын алған ұжым. Сол жылы ұжым Республикалық көркемөнерпаздар ұжымы арасынан лауреат атанып, ол теледидарға түсіріледі.
Халықтық атақ алғаннан кейінгі кезеңдерде де олар 1970 жылы Садықбек Адамбековтың «Біздің үйдің жұлдыздары» спектаклін қойып, онда Ізәтілла Нәрзілдаев, Жақсыгүл Бегманова, Сергей Абдраймов, Орынбасар Байтөреев ойнады.
Ұлы жеңістің 40 жылдығына байла­нысты қойылған «Жеңіс көктемінде» Зада Исаева, Сергей Абдраймов, Есенгелді Құламетов, Нұрсұлтан Өтепбергенов ойнаса.1980 жылдары Қуат Алдабековтың режиссерлығымен бірнеше қысқа спек­такльдер қойылып, онда Мәдениет Тотаев, Рыскүл Ұлықпанова, Зағипа Пұшпақова, Дариха Уайдаева, Анарбай Баймұратов өнер көрсетті.
1987 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық театр фестивалінде ре­жис­сер Әмір Мәжитов өзінің «Бір үзім нан» спектаклін қойып лауреат атанды. Бұл байқауда Әмір режиссер әрі актер болып, талантты өнерпаздар Қалтай Архабаев, Гүлнар Байтөреева, Анарбай Баймұратов, Уәли Ибрагимов, Рыскүл Ұлықпанованың ойынына көрермендер дән риза болды. Кейін бұл спектакль1990 жылы Қызылорда облысының Ресейдегі күндеріне орай Орынбор облысына бір ай гастрольге барып, ондағы қандастарымыздың шөлін басып, ән-жыр, би мен күйге құмарларын қандырып қайтты. Бұл делегацияның құрамында 40-тан астам өнерпаз қатысты.
1993 жылы Шиелі ауданында өт­кен облыстық театрлар байқауында Қомшабай Сүйенішовтың «Кемпір шалдың кенжесі» спектаклімен бас жүлдені, сол жылы Шымкентте өткен Республикалық байқауда үшінші орынды иемденіп оралды.
2005 жылы өткен облыстық театрлар байқауында Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклін қойып, онан да бас жүлдені, 2007 жылы ауданда өткен Әмір Мәжитов атындағы театрлар байқауында екінші орынды қанжығасына байлады.
2009 жылы С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншекті», 2011 жылы халықаралық «Қорқыт ұлы дала сазы» фестиваліне, 2015 жылы облыстық «Сатира сәйгүлігі» карикатурасымен суретшілер байқау­ында, 2017 жылы Ә.Мәжитовтың 80 жылдығына орай өткен «Театр тарланы» облыстық фестивалінде үздіктер қата­рынан көрінді.
Бұл күні театрға Роллан Бақтыбаев режиссерлық етсе, Балмұхаииед Әбжап­паров, Тоқтар Әжімұратов, Айдарбек Молдабек есімді жастармен толықты.
Аудан аумағындағы өз өнерлерімен танылып жүрген театр ұжымы «Бірлік» халық театры. Театр халықтық атағын 1977 жылы режиссер Мариям Раишеваның қоюымен Б.Жәкиевтің «Әке тағдыры» пьесасын сахналау арқылы қол жеткізді. Осы қойылымда кеңшардың есепшісі Қаламбай Қаппаров, клуб меңгерушісі Шәкір Бейсенбиев, аға жұмысшы Сайпыназар Исаханов, Жұман Сейітов, фельдшер Әріпбек Асанов, құрылысшы Заманхан Иманмолдаев,ауыл жастары Мейрамкүл Бекжанова, Шолпан Исаханова, Әділхан Нәлібаев, Әбдімәжит Ертаев, Карима Құлымбетова өз өнерлерімен әділқазылар алқасының құрметіне бөленді.
Қазіргі таңда Бірлік халық театрында клуб меңгерушісі Жарқынбек Бейсенбиев, мұғалім Нұрлан Шотарбаев, фельдшер Жеңіс Тасболатов, медбике Гүлжан Ағыбаева, Жадыра Жошиева, балабақша қызметкері Айтқожа Ұлымбетов, суретші Қалдыбек Жүнісов және режиссер Нұрғайша Қыпшақбаева сынды жастармен толықты

ТҮЙІН. Біз жаңақорғандық театр тарландарын осылайша шолып өттік. Әрбір әртістің болмыс-бітімі мен қабілет-қарымы үлкен еңбекке арқау болған­дықтан, жеке-жеке тоқталған жоқпыз. Жаңақорғандықтардың рухани болмысына тірек болатын театр өнері бізде де бар екенін, әрі тарихын өткен ғасырдан алатынын жеткізуді міндет тұттық...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.

09 қазан 2018 ж. 3 202 0