ТЕАТРДА ШЫҢДАЛҒАН ТОХТАР
Жастарды қолдау – мемлекеттік мүдде. Қолдап қана қоймай, бағыт бағдар беру – елдік іс. Осы тұста, еңбек жолын облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театрда актерлік қызметтен бастаған Тохтар Әжімұратовтың есімі жаңақорғандық жастарға жақсы таныс. Талабы таудай талантты актердың туған жерге келіп, аудан мәдениетін асқақтатуға үлесін қосып жүргеніне үш айдан асты. Қашанда көпшілік шараларда жүргізушілік және әртістік өнерімен елдің ықыласына бөленген жас актерді «Талантты жастар тұғыры» айдарына кейіпкер етуді жөн көрдік.
Тохтар Тынысбекұлы. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен есімі аттас. 1991 жылы қараша айында Әжімұратовтар әулетінде дүниеге келген перзенттің есімін атасы ырымдап Тохтар деп қойған. Бүгінде ол ғарышты бағындырмаса да, өнер әлемінде өзіндік жолын тапты. Әуелі 2009 жылы Алматы облысындағы «Қаскелең» мәдениет колледжінде домбырашы мамандығына түсіп, ойдағыдай тәмамдады. Соңыра, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының театр және кино актері мамандығына тапсырды. Оқу ордасында Оразхан Кенебаев сынды сахна саңлақтарынан дәріс алып, актерлік шеберлігін шыңдады. 2016 жылы өнер академиясын аяқтап, жолдамамен Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театрға жұмысқа орналасты. Міне, осы сәттен жаңақорғандық жастың сахна төріндегі салмақты рөлдерді сомдауы басталды. Бастапқыда «бісмілләсін» балалар қойылымындағы басты көріністерден табылды. Одан кейін, облыстық драма театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері Хусейн Әмір-Темірдің тәлімін алып, үлкен сахналық спектакльдерге бой түзеді. Бұл жөнінде Тохтардың өзі былай дейді:
– Театр – төрт құбыласы өнер атты әлемнің жыры мен сыры, әні мен сәнінен қаланған киелі шаңырақ. Оның әрбір сахналық қойылымынан өткен мен бүгіннің иісі аңқиды. Жалпы театр – өмірді сүйетіндерге ғана емес, жарық дүниені, өмірді сүйетіндер үшін арналған. Бұл бағытта менің жолым болды. Драма театрдың көркемдік жетекшісі Хусейн Әмір-Темір мен Ұғым Баймаханов ағамыздың мектебінен өттім. «Қорқыт» спектаклінде бала Қорқыттың, «Ғашықтар хикаясы» комедиясында Тұрсынбектің рөлін сомдап, актерлік шеберлігімді шыңдадым, – деді жас актер.
Бүгінде аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жаңаша» әзіл-ысқақ отауына жетекшілік етіп жүрген Тохтар Әжімұратовтың өзін осы өнер жолына баулыған ең алғашқы ұстазы, мәдениет майталманы Талап Тотаевқа алғысы шексіз. Шәкірт шағынан көңілді тапқырлар клубы мен «Хит.Топ.Шоу» концерттік бағдарламасына қатысып, өнер әлеміне ықыласы ауған жас таланттың алар асуы әлі алда. Орайы келгенде айта кету керек, Тохтар жақында ғана облыс орталығынан олжалы оралды. Қазақстанның халық жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған «Қаламы қарымды Қалтай» атты халық театрлары мен драма ұжымдар арасындағы байқауға қатысты. Жаңақорған аудандық халық театры құрамында өнерін көрсетіп, байқаудың «Ең үздік ер бейнесі» номинациясына ие болды. Бұл да болса, жас актердің келешегіне жігер берерлік жүлде.
– Алдағы уақытта әріптестеріммен бірлесе отырып, «Жаңаша» әзіл-ысқақ отауын одан әрі жандандыруға бел буып отырмыз. Нағыз елге қызмет ететін жастамыз. Концерттік бағдарлама мен сахналық қойылымдар арқылы көрерменнің көзайымы болуға жұмыс жасаймыз. Менің ойымша, ұлттың болашағы – ұлт рухында. Рухы мықты халықты ешкім басынбайды. Ал, рухани азықты ұлттық өнерден алатынымыз түсінікті. Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» идеясын санаға сіңіріп, ел арасында насихаттауда мәдениеттің орны ерекше. Сондықтан да өнер иелері үшін елдің құрметі қашанда мәртебе. Көптің қошеметі біздерге жігер сыйлайды, – дейді Тохтар Тынысбекұлы.
И, «жас келсе, іске» демекші, жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жастардың білімі мен білігі, бәсекеге қабілетті болуы – мемлекеттің де тұрақты дамуының кепілі. Олай болса, ұлт мәдениетінің өзегі саналатын аудандық мәдениет ошағы қашанда қабілетті ауыл баласының талантын шыңдауда талмай қызмет ете берері хақ, ал Тохтар Әжімұратов секілді талантты жастар бұқараның халықтың мәдени-рухани шараларының бел ортасынан табылып, бар өнерін паш етуді өзіне борыш санайды. Бұлда болса, елдік мүдденің бойға сіңген көрінісінің белгісі деп білеміз.
Әбдісамат ӘБДІШ.