№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жыр керуені Манаптың жолын жүріп өтті

Жыр керуені Манаптың жолын жүріп өтті


Өз заманында ақындығымен танылып, талайдың жүрегінен орын алған Манап Көкенов ауыл-ауылды аралап, шығармашылық кешін бергені көптің әлі көкейінде. Әсіресе, соғыс жылдарынан кейін ел еңсесін тіктей алмай жүрген қиын-қыстау жылдары халық арасында жүріп, оларға рухани дем берді. Мәселен, 1964 жылы ақ боз атына мініп, ақ шапанымен Қауықтағы шопандарға бір өзі бес сағат ән арнап, жырдан шашу шашқан. Нартай Бекежановпен бірге туған өлкені талай аралап, өнерін халыққа паш етті. 1972 жылы Жаңақорған ауданына Сыр беткейдегі шеткі ауылдар қосылған шақта Байкенжеден басталған сапар Қаратөбеге дейін жалғасып, жергілікті жұртқа мереке сыйлайтын ақынның өнері әлі ел жадында. Есіркеп Қоңқабаевпен егістік басында, шопандардың шаңырағында жүріп те елге рухани азық беріп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Міне, бүгінде сол Манап ақынның жүріп өткен сара жолдарымен ауылдарды аралау дәстүрге айналып келеді. Соңынан ерген Сыр өңіріне танымал жыраулар жуырда Жаңақорғанға келді.
Манап Көкеновтың туғанына биыл тоқсан жыл. Осыған орай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және ақынның төл мерекесі қарсаңында М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Сыр сүлейлері» көшпелі жыр керуенінің өнер фестивалі ұйымдастырылды. Ұрпақ сабақтастығының жалғастығы ретінде бес ауылдың тұрғындарын жырмен сусындатып қайтқан жыр сүйлейлері алдымен Байкенже ауылдық округіндегі Алмалық клуб үйіне аяңдады. Ауыл халқына рухани тұрғыда нәр беріп, өнер тұнған киелі мекенге мереке сыйлады. Кеш шымылдығын ауданның өнер майталманы Уәли Ибрагимов ашып, әке жолын қуған Əбсұлтан ағамыз Бексұлтан Байкенжеевтің әндерімен көрермендерді бір серпілтіп алды. Ауыл әкімі Нұрғали Оспанов алғы сөзін жеткізді.
– Ең алдымен біздің ауылға өнер мерекесін ала келген өнер ұжымына алғыс білдіреміз. Иә, жыр керуені тек өткенімізді өшірмеуге ғана емес, өскелең ұрпаққа ұлы өнерімізді ұлықтауға үлкен сеп болары анық. Сондықтан, қасиетті топыраққа ат басын бұрған жыраулардың бүгінгі ізбасарларына алдағы уақытта өнерлеріне табыс тілей отыра тағы да рахметімізді айтамыз, – деді ауыл басшысы. Ізгі ниеттен кейін сөз тізгінін белгілі ақын Айдос Рахметов алып, жыр додасына түсетін жырауларды таныстырды.
– Ұстаз, әрі өнерлі әкеміз Манап ақынның мерейлі тойына келіп, өнер көрсетіп, жерлестеріне жыр арнап жатқанымызға мақтана аламыз. Қазақ қариясын қадірлей білген халық қой, сондықтан Манап сынды ұлы тұлғаларға тағзым ету біздің асыл парызымыз деп білеміз. Игі бастама жылда жалғасын таба берсін, ең бастысы жыр сүйер жаңақорғандық жастардың саны көбейіп келеді. Біз соған қуаныштымыз, соларға дұрыс бағыт көрсетіп, үлгі болуымыз керек, – деген ізгі ниетінен кейін Айдос ақын қонақтарды ортаға шақырды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, белгілі жырау Шолпан Биімбетова бастаған өнер дүлділдері сахнаға көтерілді. Сырдың бойында төрт мектеп қалыптасса, соның бірі Сәрсенбай жырау, бүгінде оның ізін жалғап, алты жасында қолына домбыра алып, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген Майра Сәрсенбаева, Базар жыраудың шәкірті, ізбасары, талай жыр додаларда оза шапқан Оразалы Әлішбеков және бір ауылдан жүз шайыр шыққан Тұрмағанбет ауылынан арнайылап келген Әділхан Қуаңбаев сахна төріне жайғасты. «Әрі ақын һәм – бақсы, сөйлесе сөзі тым жақсы» деп кешегі Тұрмағанбет жырау айтқандай, киелі домбырамен сөз маржанын терген Сырдың сүлейлері алдымен Манап ақынға арнауларымен бастады.
Ашайын ақ пейілдің ақ парағын,
Жырымды шашу етіп ақтарамын.
Ел үшін еңбек еткен ерлерім бар,
Мен бүгін сол ерлерменен мақтанамын, – деп Манап ақынның ел үшін еткен еңбегін жырға қосқан Әділхан Қуаңбаев кеш шымылдығын түрді. Одан кейін Базарбай, Сәрсенбай жыраулардың туындылары тыңдалды. Шабытына шабыт қосып, жыр додасына түскен жыраулар ауыл халқына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Асылдың сынығы, теңіздің тұнығындай» болған өнерпаздар аналар туралы да толғады. Өз кезегінде Майра жырау 1988 жылы Манап ақынның 60 жылдығында алғаш рет аламанға түсіп:
«Қармақшыдан келдім мен өз жырыммен шашу шаша,
Сәбилік ақ жүрегіммен тілейтінім,
Ең азы кем дегенде жүзді жаса, – деп тілеп едік, өзі жүз жасамағанымен, өнері жүзге жақындады, ал оны мәңгі өлтірмейтін мына біздер мен өскелең ұрпақ. Сондықтан, Манаптай ақыны бар елден айналдым», – деп жыр бастады. Осылай бір сағаттық кеш тәмамдалды. «Бүгінгі кеш әсерлі, әсіресе бабадан қалған ұлық өнердің сара сөздерімен бір сусындап алдық. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз» деген байгенжеліктер рахмет айтып тарқасты. Кеш соңында ауыл тұрғындары атынан қонақтарға «Алғыс хатпен» сый тарту етілді. Киелі өнердің қара шаңырағы саналатын Байкенже ауылынан темір тұлпарға жайғасқан сүлейлер Өзгентке жол тартты.
Халық ықыласына бөленген Сыр сүлейлері одан әрі Қандөз, Қаратөбе ауылын аралап, жергілікті жұртқа жырдан шашу шашып, тұрғындардың ыстық қошеметіне ие болды. Сүлейлер соңында Манаптың ауылына табан тіреді. Шараны қорытындылауға аудан әкімі Ғалым Әміреев қатысып, ілтипатын білдірді.
– Мемлекет басшысының рухани жаңғыру мақаласы аясында ұлт үшін туған ұлы тұлғаларды ұлықтап, жас ұрпақ бойына ізгі қасиеттерін сіңдіруде ауданда көптеген мәдени шаралар өткізілуде. Киелі мекенде туылып, аты елге танылған заңғар тұлғалардың есімін жаңғырту біздің абыройлы міндетіміз. Соның бірі Жаңақорған ауданының төл мерекесімен тұспа-тұс келіп жатқан Манап Көкеновтың 90 жасқа толуына арналған жыр кеші. Өз заманында Сыр өнерін өрге сүйреуге сүбелі үлес қосып, ізінен ерген жастарға өнегелі тәлім берген Манап ақынның өнерін өшірмейтін бүгінгі жырауларға аудан тұрғындары атынан алғыс білдіреміз, – деді аудан басшысы.
Сонымен, халық ақыны Манап Көкеновтың 90 жылдық мерейтойы аясында «Сыр сүлейлері» атты көшпелі жыр керуені өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Шараның жоғары деңгейде өрбуіне ат салысқан аудандық мәдениет үйінің басшылығы мен өнер ұжымы және директоры Зульфия Шалабаеваның еңбегін ерекше айта кеткен жөн. Бұл шара әлі де жалғасын табатын болады. Себебі, Манаптың өнері мәңгі жасай бермек...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
30 тамыз 2018 ж. 1 016 0