Қарт Қаратаудың бөктерінде қоныс тепкен Жаңақорған небір өнер майталмандарын дүниеге әкелген қасиетті мекен. Бүгінде сол өнер жанашырларының ізін жалғастырушылар ананың ақ сүтімен бойға дарыған таланттарын паш етіп, тыңдарман көңілінен шығып келеді. Осы тұрғыда аудан тұрғындарына көңілді кеш сыйлауды мақсат еткен Шалқия кенті мен Жайылма, Келінтөбе ауылдық клуб үйінің өнерпаздары орталық алаңда «Ауданның кешкі самалы» атты ән кешін ұсынды.
Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының тапсырмасы аясында аудан халқының бос уақытын тиімді өткізуде мәдени іс-шара ұйымдастыруды қолға алған ауыл әншілері талғампаз тыңдармандарын қуанышқа бөледі. Ашық аспан астындағы әсем ән думанын кент тұрғындары жақсы қабылдап, сахна төрінде ән салып, би билеген әр өнерпазға қолдауын білдіріп, шабыттандырып отырды.
Рухани маңызы терең бұл мәдени шараны өнер жанашыры, талай байқаулардың жеңімпазы, ауданымыздың мақтанышы, Бидашевтар отбасылық ансамблінің жетекшісі Оразғали Бидашов «Елге сәлем» әнімен ашты.
Күн ұясына батқан кешкі сәтті әдемі әуенге бөлеген Гаухар Бидашева, жайылмалық ақын Нұрлан Жәпековтың төл шәкірті Мұхаммедәли Абдуллаев, Жадыра Қансейіт, Тұрсынай Өткелбаева, Наржан Бижан, Шынар Қожағунова, ең жас өнерпаз Кәусар Бисенбай, Ақнұр Сматова, Еркебұлан Ахметов, Мақсат Нақыпов, Гулжан Шерубаевалар «Ақжайнақ», «Айналайын», «Ауылға сағыныш», «Жақсы адамдарым», «Сенем», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Еламан», «Қызыл көйлек», «Жүрек сыры» және халық әні «Әриайдайды» орындағанда аудан орталығына жиналған көпшілік есте ерекше сақталып қалатын жарқын сәттерге толы жазғы фестивальді көргендей әсерде болды.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылып жатқан ән кеші апта ішінде тұрғындардың сағына күтетін мерекесіне айналды. Таңғажайып табиғат аясындағы осы іс-шара дәстүрге айналса екен деген аудан тұрғындарының тілегі де ауылдан аттерлетіп келген өнер ұжымын қатты қуантты.
– Жаздың самал кешінде табиғат аясында өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Мұндай кештерді жас кезімізде тек қалалық жерден көретінбіз. Енді міне, осындай ән кешінің ауданымыздың көрікті орындарының бірі орталық алаңда әр сенбі сайын өтетіні көңілге қуаныш ұялатуда. Алдағы уақытта жаңақорғандықтар сүйіспеншілікпен асыға күтетін игілікті шараға айналады деп ойлаймын, – деді Оразғали Бидашев.
Осылайша жадыраған жазғы кеште жоғары деңгейде өткен «Ауданның кешкі самалы» атты ән кеші келушілерге табиғат аясында жан-дүниеңді нұрландыратын тамаша әнмен қоса көтеріңкі көңілкүй сыйлады.
Әсем әуенмен әрленген керемет кеш көрерменді табиғаттың тал бесігінде тербеді. Түнгі Жаңақорғанның жұлдызды аспанында әуелеген әсем әуен жұртшылықтың жүрегін жылытты, көрермен көңілінде қасиетті жерге деген сүйіспеншілік сезімін асқақтатты. Сахнадан шашудай шашылған әрбір әуен көңіл көркін кіргізіп, туған жердің ажарын аша түсті. Табиғат аясындағы музыка мерекесінде өнерсүйер қауым қуат болып құйылған әдемі әннен әсерленіп, жігерленіп, көңілі қанаттанып, қуаныштан құлпырып тұрғандай керемет күй кешіп тарқасты. Осылайша аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінің қолдауымен өткен ән кеші тұрғындардың қарбалас тірліктен бір сәтке болсын бой жазып, ашық аспан астында рухани демалуға мүмкіндік сыйлады.
Лаура БИБАСАРОВА