№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Жансаяның жарқын таңдауы

Жансаяның жарқын таңдауы



Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа Жолдауында ең бастысы еңбексүйгіштік кеңінен насихатталады. Осы орайда ер азаматтар жүрексінетін жұмысқа батыл қадам басқан нәзік жандар туралы қалай дәріптесек те жарасады. Нарық заманына тез бейімделіп, отбасы шаруасы мен кәсібін дөңгелетіп отырған аяулы арулар қатарында есімі көпке таныс Жансая Туреманованың іскерлік әлемін сөз еткенді жөн көрдік.


Жан-жақты қарым-қабілеттің иесі Жансая Жәнібекқызы Аналар мерекесі қарсаңында аудан әкімі Руслан Рүс­темовтің «Алғыс хатымен» мара­пат­талды. Ол бірнеше салада өз жолын тапқан тұлға деуге болады. Жасы отыз беске енді жетсе де бағындырған белесі биік. Аудандық құрылыс бөлімінде еңбек жолын бастаған ол бос уақытында өнерін дамытып келеді. Аудандағы тойбизнес саласында биік талғамымен дараланып, нәзік болмысымен ерекшелеген Жансая Туреманованың өнеріне ел риза. Бүгінде аудандағы жалғыз әйел асаба, әрі той ұйымдастырушысы. Көбіне қыз ұзату, бесік той, тұсау кесер мен шағын мерейлі мерекелерді заманауи нақышта жүргізеді. Асабалық өнерде жүргеніне бес жылдан асқан. Көпшіліктің қуанышты шарасына ерекше дайындықпен бара­тынын біз де байқап жүрміз.

– Алғаш ұжымымдағы Наурызбай Битасов ағаның қыз ұзату тойын жүргізіп бердім. Осы шара менің қарым-қабілетімді ұштап, сұраныс көбейе бастады. Аптасына 2-3 тойға тапсырыс алып, мұқият дайындық жасаймын. Барынша той иесімен ақылдасып, көңілде қаларлық сәт сыйлауға тырысамын. Әр шара мен үшін үлкен жауапкершілік пен ізденіс жолы іспетті. Бір мәтінге байланып қалмаймын, әр тойға әр түрлі сөз саптауға асығамын. Сондықтан болар, көпшілік менің шығармашылығымды бағалайды, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарыла.

Осы күнге дейін 300-ден аса қыздың ұядан ұшқан сәтіне куә болып, ұзату кешін ұйымдастырды. Сол қыздардан өрбіген ұрпақтың бірнешеуінің тұсауын кесіп, сүндет тойын атқарып жүр. Бүтін бір әулеттің барлық қызықшылығында басты жауапкершілікті алып жүруге лайықты боларлықтай Жансаяның бой­ында қандай ерекшелік бар?! Көпшілік­тің пікірінше, ол өз ісіне тиянақты әрі қол жетімді бағада қызмет көрсетеді.
Жансая Туреманова одан бөлек бесаспап аспаз. Тәтті бәліштер мен табиғи таза сусындарды жасап, әлеу­меттік парақшасына жүктеуді де ұмытпайды. Үстіне ілген көркем киім­дердің көбін өз қолымен әрлеген. Кос­метикалық талғамы да бір тақы­рыпқа арқау боларлық. Үй жихазын таңдау, қонақ күту, бала бағу, үй жан-жануарларына күтім жасау, қазақша салт-дәстүрлер тақырыбында салынған жазбаларын оқып, көп ақпарат алып, осыншама дүниені жасай алу да екінің бірінің қолынан келмесін сеземіз.

Бес перзентін жетілдіріп, жұмысын дөңгелетіп отырған ананың шапшаңдылығына ілесу де мүмкін еместей. Бойына осыншама қуатты қайдан алады? Бақсақ, оның өнерін қолдап отырған ата-енесі, жолдасы, абысын-келіндері екен. Жолдасы Ағманов Нұрлан ақнекелі жарына сеніммен қарап, өнерін қолдап келеді. Әрине, асабалық қызмет әйел затына ырық берместей ойлайтын еді. Жансаяға елдің жаудырған ақ пейілін көріп, қолдауды құп көріпті. Келінінің көптің алдына түсіп, сөз бастап жүргеніне ақ батасын берген атасы Таңат пен енесі Пернекүлдің үміті ақталғандай.

Өнер жолында жан-жақты қырын дамытуға дем беріп жүрген мәдени­ет майталмандары Күлән Әбілтанова, Ырыскүл Лұқпанова, Шәкизат Қара­бекова, Зүлфия Шалабаева, Талап Тотаев, Уәлибек Ибрагимовтарды айта өту керек. Алдыңғы буын аға-апа­лардың бойындағы адамгершілік қасиетті бойына сіңіріп өскен жанның жұлдызы жарқырай бастағандай. Ау­дандық келіндер сайысын жыл сайын ұйымдастырып, ел ішіндегі елеусіз жүр­ген нәзік жандылардың дара қасие­тін көпшілікке танытып жүргендіктен Жансая Туреманованы көшбасшылық қабілетке ие деуге толық негіз бар.
Қайырымдылық жолында да тола­ғай тіршілігімен танылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мұқтаж тұлға­ларға жариясыз-ақ өз жәрдемін беруде. Мұнысын ол тек Жаратқан жолында ақ пейілін көрсету деп ұғады. Жансаядай арамызда қаншама қыз-келіншектер бар. Етегінен өрбіген бала-шағасын жетілдіру үшін ешкімге алақан жаймай, адал еңбекпен нәпақасын тауып, үлгілі ісімен алға озып, жан-жағына нұрын төгіп, халықтан алғыс алып, өніп-өскен Жансаяның еңбексүйгіш қасиеті көпке ой салса деген ниетіміз бар.

Мақпал МАРҚАБАЙ

10 наурыз 2022 ж. 840 0