Әйелдер өмір шуағы
Қай дәуірді алып қарасақ та, ақ жаулықты анасыз бейқам өмірді елестету мүмкін емес. Ана – асыл жар, аяулы жан. Табиғатынан нәзік болмыс иесі болса да, олар игермеген кәсіп, олар алмаған қамал жоқ.Әлемнің бар жылуын бойына жиып, дөңгеленген дүниенің дүрмегіне дем беріп жүрген асыл аналардың қоғамдағы абырой-беделін аудандық әйелдер кеңесінен сезіндік.
Ал, аудан бойынша 4 мыңның үстінде кәсіпкерлік субьектісі тіркелсе, оның 30 процентін бұрымдылардың бизнесі құрайды. Жергілікті әйел кәсіпкерлердің бейім кәсібі, ол – сұлулық салоны, наубайхана, тігін ісі, сауда-саттық, жекеменшік балабақша, стоматология сынды салалар.
Соңғы жылдары жеке балабақша санының артуы әйел кәсіпкерлердің көбейгенін айғақтайды. Дегенмен, ауданда алғаш кәсіпкерлікті қолға алған нәзік жандылар қатарында: «Баян сұлу» тіс емханасының басшысы Баян Божбанбаева, наубайхана ісінің көшбасшысы Ғалия Тұрабаева, «Май зауыты» ЖШС төрайымы Гүлнар Мансурова, «Өтеміс»» ЖШС директоры Сара Хусейнова, «Нұр-әділ» сауда орталығының басшысы Аманкүл Сауранбаева, «Марат» шаруа қожалығының төрайымы Рәйлаш Сәруарова, «Сәдуова» қожалығының басшысы Қалмаш Сәдуова, «Жан» шаруа қожалығының төрайымы Жұмакүл Әжібекова, Бибайша Ділімбетовалардың есімін айрықша атау орынды. Оған қоса, жеке кәсіпкерлер Әлима Әбілқасымова, Айымтай Әжібекова, Сайлаукүл Есенбекованы да осы қатарға қосуға болады. Осындай әпкелерінің ізінен ерген жаңа толқын кәсіпкерлердің қатарында Сүттіқұдық ауылында спорт кешенін пайдалануға берген Гүлжайна Рысбаева, «Арон» кафесінің иесі Айдана Қуатбекова және Бағдат Балғабаева сынды кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жандылар көпке үлгі.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет саласында да өз ісінің білікті мамандары жетерлік.
Шарада облыс байқаулардың жеңімпаздары мен бірқатар ауылдық кеңестер төрайым марапатталды.
Кездесуде аудан әкімі Руслан Рүстемов ардақты аналарға деген ыстық ықыласын білдіріп, жүрекжарды тілегін жеткізді.