№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қаратау күрсінісін күймен шерткен

Қаратау күрсінісін күймен шерткен


Сейсенбі күні Манап Көкенов атындағы Мәдениет үйінде Дәулескер күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында «Әлшекей әлемі» атты аймақтық өнер фестивалі өтті.


Жүзден аса күй жазған, көңілдегі мұң-шерді қоңыр күйдің тілімен күмбірлетіп, қазақ даласын киелі әуеніімен әлдилеген Әлшекейдің соңында көкірегінде сәулесі бар ұрпағы, шалғайына жармасып жүріп сұңғыла өнерінен сусындап үлгерген шәкірттері қалған екен. Солар тұма таланттың төл тумаларын заманалар жадына тұмар қып таға білді. Міне, Тәңірдің осы кеңдігінің шарапатына кенелген көпшілік кемел талант иесінің мұрасын көздің қаарашығындай сақтап, алғы буынға аманаттауды асыл парызымыз деп санауы құба-құп. Соның дәлелі емес пе, атаулы күнге өз аймағымыздың ғана емес, республикалық деңгейде шырай дарытуды ойлаған аудандық мәдениет бөлімінің басшылығының қажырлы бастамасының арқасында Арқа төсінен бастап көрші аймақтардан өнер өкілдері келіп, шабыт кешін өнердің шашуымен шуақтандырды.
Нақтылап айтсақ, Түркістан және Павлодар облыстарынан, Қызылорда қаласы мен Шиелі, Жаңақорған аудандарынан «Әлшекей» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі, «Ақмешіт», «Нартай сазы» халықтық фольклорлық ансамбльдері, «Айсыновтар» халықтық отбасылық ансамблі және 5 жеке орындаушы күйші-өнерпаз қатысты.
Қасиетті ұлы дала үнінен қуат алып, әсем күйлерімен тыңдарман бойына шуақ дарыта білген күйші Әлшекей Бектібайұлының шығармашылығын тереңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында «Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту» қоғамдық қорының президенті Оңғарбай Дәнебеков ағамыздың еңбегі ерен.
Әдемі кешті жаңақорғандық жас өнерпаз Әсем Мажит «Әлшекейге арнауымен» әрледі.
«Әлшекей әлемі» – атты аймақтық өнер фестивалін ашып беру үшін сахна төріне аудан әкімі Руслан Рүстемұлы көтерілді.
– Кез келген ұлттың мінез-құлқын, болмыс-бітімін, дүниетанымын, жалпы тарихын білу үшін оның музыка өнерін зерттеу жеткілікті. Әр ұлттың музыкалық сазында осы қадір-қасиеті тұнып тұрады. Осы реттен алғанда, қазақ халқы әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосқан қабырғалы ұлт. Біз осымен мақтанамыз. Кещегі аңыздарға сүйенсек, ән мен күйдің құдіреті өлемнің түкаір-түкпірінен қалықтай ұшып жеткен кезде қазақтың даласына құс кейпінде еніп, жер бауырлап ұшқан деген аңыз бар. Ал менің өзімнің ойым, сол жер бауырлай ұшқан құс Қаратаудың қойнауында қадамдап жүргенге ұқсайды. Өйткені қазаққа осындай тұлғалы Әлшекейдей күйшіні берді.
Күй атасы – Қорқыт дейтін болсақ, содан бергі заманда Құрманғазының, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің, Қазанғаптың, тағы да басқа күйшілер қатарында Әлшекей Бектібайұлының шоқтығы биік. Күй өнері аспапты музыканың асқар шыңы, қазақ даласының симфониясы. Қос шегінен осыншама сазды әуелеткен домбыраны қалай ұлы демессіз? Екеуін бір тоғыстырып, бір арнада күй шығару адам баласының бойына Тәңір берген құдірет. Талант-Тәңірден. Жеке дара адам оны бойынан өткізіп, халқына қайта ұсынады.
Қазақ мемлекетінің күй өнері ерте ғасырларда түркі, ғұн, қаңлы, үйсін дәуірінде басталған. Күйді түрлі жанрларға бөліп қарастыратын болсақ, тарихи аңыз күйлері, сюжетті күйлер, жалпы күйлер деп бөледі. Әлшекей бабамыз шертпе күй мен төкпе күйдің екеуін де меңгерген.
Қаратаудың өңірінде дүниеге келіп, қасиетін бойға дарытқан қазыналы көкіректен төгілген мұң мен шерге толы күй күмбірін алпысыншы жылдардан бастап көкірегінде саңылауы бар саф өнердің саңлақтары саралап-салмақтап болашақтың жадына жазып қалдыруға шындап бет бұрыпты. Жүзден астам күйі бар күйшінің әлі зерттелмеген дүниелері қаншама.
Асқар Сүлейменовтың «Өмір – тән, өнер – жан. Өмір тұншыққанда, жан шыңғырады» деген сөзі бар. Әлшекей бабамыздың толысып кемелденген тұсы Қазан революциясымен тұспа-тұс келді. Аумалы-төкпелі заман келіп, ұлттың зиялылары басына зауал туып, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» күй кешкен кезеңде қуғынға түсіп, бөтен жерді сағалаған саңлақ тұлғаның туындылары мұң мен шерге толы екеніне көзімізді жеткізіп келеміз.
Бүгінде ұйымдастырылып отырған шара да осы міндеттің заңды жалғасы. Әлшекей мұрасы мәңгі елімен жасай береді», – деп сөзін қорытындылаған аудан басшысы бүгінгі шараға мұрындық болып отырған зиялы қауымға, талант иесінің шөберелеріне алғысын жеткізді.
Өнер фестивалі шымылдығын түрген Әлшекейдің күйі «Терісқақпайды» «Әл­шекей» атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі Құлахмет Нәлтаевтың дирижерлығымен орындап берді. Осы орындауда күйшінің «Отарба» күйі залды кернеді.
Әлшекейдің күйі «Тайшұбардың шабысын» орындау үшін сахнаға көтерілген Әлшекей күйлерін зерттеуші, насихаттаушы 80 жастағы ақсақал Тынысбек Дүйсебеков алдымен естелікке кезек берді. Ол былай деді: Қаратаудың «Бектібай сазында» 1947 жылы дүниеге келген Әлшекей 1929 жылға дейін қаншама күйлерді дүниеге келтірді. Ауғаныстанға бас сауғаламақ болған қайран күйші Тәжікстан жерінде ұсталады. Мен ол кісінің күйін алғаш 1952 жылы үйренгенмін. Таспаға түсірілген 20 күйі бар еді, сүртіле-сүртіле содан 8 күйі қалыпты. Соны «Алтын қорға» тапсырдым. «Қайталанбас дауыстар» деген кітапқа менің, Әбдіқадырдың еңбегі ендіріліпті. Оны шығарған облыс әкімшілігіне, Берік Жүсіпов балама мың да бір рақмет. Әлшекейдің Бөпе деген шәкірті болған. Одан үйренген Өткелбаев Ибадулла деген өнерпаздан ең алғаш мен үйрендім. Арманым жоқ» деп тебіренді сексендегі күйші қария.
Одан әрі лэд экраннан «Аққу кеткен» күйінің тарихы көз алдымызға келді.
Әлшекей Бектібайұлының «Аққу кеткен» күйін Нұрбай Нұрғиса жетек­шілік ететін Қызылорда облыстық филормониясы жанынан құралған «Ақ­мешіт» фольклорлық ансамблі нәшіне келтірді. Осы орындауда Әлшекейдің «Домалатпай» күйі жүректерді бір аунатып түсіргендей. Содан соң «Сағым жылдар» әні Элмира Қалхожаеваның орындауында көрерменнің қызу қоше­метіне бөленді.
«Әлшекейдің күйлерінде таңбалы тарихтың ізі, сары даланы дендей көшкен ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілік мәдениеті, тұтас қоғамдық-әлеуметтік көзқарастар, ескі күндердің есті шежіресі бар. Тап басып табиғатын таныған күні, тілін тапқан сәтте киелі күйдің ағынан жарылып, ақтарылып айтпайтын ақиқаты қалмайды. Ендеше бүгін ақиқаттың алдаспаны жарқылдар күн!» деп саңқылдаған жүргізуші сахнаға Әлшекей Бектібайұлының «Егес» күйін орындап беру үшін 2021 жылы өткен «Ұлы дала әуені» атты аймақтық күйшілер конкурсының Бас жүлдегері атанған Павлодар облысы, Успен ауданынан келген талант Табиғат Қайратұлын шақырды.
Келесі кезекте «Отарба» күйін Түркістан облысынан келген Жансая Шайзында орындады.
«Жер құнарымен, тау бұлағымен, ұлт ұланымен» дейді халық даналығы. Бақыты мен қайғы-мұңын, жан сыры мен шерін, тор бұғауға түскен тағдырын күй сазымен жазып, жан ұйытып, бес күн тіршіліктің бұлыңғыр бұлтын қаққан, сана сарай кілтін өз күйлерінен тапқан Әлшекей бабамыздың әуезді әлемі біздің сахна төрімізді саялай берсін!» деген тілекті арқаланған арқалы өнерпаздар қатарында Шиелі ауданынан келген Рсалды Қалымбетова жетекшілік ететін «Нартай сазы» халықтық фольклорлық ансамблі «Бұқтым-бұқтым» күйімен сахнаға шықты. Осы орындауда Мыр­заның «Мереке» күйі орындалды.
«Әлшекей күйлерінің ерекшелігі әнге ұқсап, әуен сазы өзінше қайталанып жатады. Күйлердің көпшілігінде ортақ қасиет күй құрылысында «бас буын», «орта буын», «кіші саға», «үлкен саға» деп айтылып, ойналып жатады. Ал, Әлшекей күйлерінде тоғыз-он пернеден тартылып, үлкен сағада «ре» нотасында ойналмауы-күй құрылысында ән ұқсастығындағы сазды әуеннің болуының дәлелдемесі» деген жүргізушінің сөзін тірілткен Түркістан облысынан келген Азамат Ергешұлы Әлшекейдің күйі «Терісқақпайды» тер­ме­леді. Ал «Шерлі» күйін Бәден Айсынов жетекшілік ететін «Айсыновтар» халықтық отба­сылық ансамблі орындады. Одан әрі Әлшекейдің «Тоқтағаны» орындалды.
Бүгінгі өнер фестивалінің қорытын­дысында күйші ұрпақтары атынан Зибнадин Шермағамбетұлы, Аманкелді Молжанов және Еркін Мұсаевтар сахнаға көтерілді, ақжарқын лебіздерімен бөлісті.
Дәстүрлі өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін «Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту» қоғамдық қорының шешімімен «Әл­шекей Бектібайұлы» медалімен Дүй­себеков Тынысбек, Айсынов Бәден, Нәлтаев Құлахмет, Нұрбай Нұрғиса, Қалымбетова Рсалды марапатталды.
«Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту» қоғамдық қорының Алғыс хаты мен Жаңақорған ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атынан Тынысбек Дүйсебеков, «Айсыновтар» халықтық отбасылық ансамблі, жетекшісі Бәден Айсынов, «Әлшекей» халықтық ұлт аспаптар оркестрі, дирижеры Құлахмет Нәлтаев, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, жетекшісі Нұрбай Нұрғиса, «Нартай сазы» халықтық фольклорлық ансмблі, жетекшісі Рсалды Қалымбетова, Табиғат Қайратұлы, Жансая Шайзында, Азамат Ергешұлы, Әсем Ерболқызы марапатталды.
«Әлшекей» атындағы өнер мектебі ұжымы атынан ұлт аспаптар оркестрінің негізін қалаушы Бәден Айсынов пен «Әлшекей» шығармашылығының жана­шыры Құлахмет Нәлтаевқа естелік сыйлық табысталды.
«Бақытың шен-шекпенмен өлшенбейді,
Қашанғы қайғы адамды шеңгелдейді.
Күйлері күмбірлетіп Қаратауды,
Жарыққа алып шықты Әлшекейді!» – деп Адырбек ағамыз жырға қосқанындай, бүгінгі өмір кешеге ауысып, кешегі тірлік біртіндеп шежіреге айналып, тарих қойнауына қарай жол тарта беретіні белгілі. Бірақ ізсіз кетпейді. Рухты сазы өлмес мұраға айналған 175 жылдық жалауын көтерген Әлшекей бабамыздың шығармалары руханият әлемін мәңгі күй бесігінде тербете бермек.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
26 ақпан 2022 ж. 537 0