№24 (8735) 23

23 наурыз 2024 ж.

№23 (8734) 19

19 наурыз 2024 ж.

№22 (8733) 16

16 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » » Мәдениет – ұлттың айнасы

Мәдениет – ұлттың айнасы


Кез келген халықтың өзіндік бітімін даралап, мінезін айқындап, рухани деңгейін өлшейтін құралдың бірі – ұлт мәдениеті. Ал, мәдениетті шыңдауда рухани-мәдени іс-шаралардың орны бар. Сондықтан 2021 жылы ауданда атқарылатын мәдени-рухани іс-шаралар жайында тоқталуды жөн көрдік.


– Мыңжылдықтардан тамыр тартатын ұлттық өнерімізді дәріптеп, өнер саласында өзіндік ізі қалған тұлғаларды насихаттау бағытында жүйелі жоспар құрылды. Оның ішінде, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шаралар да бар. Әрине, біздің мәдениет қызметкерлері жоғары деңгейдегі іс-шаларды қабылдап, онлайн және офлайн түрде жоғары деңгейде өткізудің бай тәжірибесі қалыптасты. Осы ретте, бізді қолдап отырған аудан басшысына алғыс білдіремін, – дейді М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің басшысы Зулфия Шалабаева.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнал­ған «Жыр тұғырым – Тәуелсіздік» атты республикалық жас жазба ақын­дар мүшәйрасы және ақын Құлан Алдабергенұлының 160 жылдығына орай «Сырдариямен сырласқан Құлан ақын» атты республикалық ақындар айтысын ұйымдастыру жоспарлануда.
Кинорежиссер, Қазақстан Кинома­тог­рафистер одағының мүшесі Қалила Омаров атындағы «Kalila-fest» республикалық документалист – режиссерлардың өнер фестивалі және белгілі композитор, дирижер Төлепберген Әбдірашев атындағы камералық оркестрлерінің «Муза» атты республикалық өнер фестивалі көпшілікке жол тартады.
Сондай-ақ композитор, әнші Дүйсен­хан Сыздықовтың 60 жас мерей­тойының аясында «Жаңақорған жаңғырығы» атты вокалды-аспапты ансамбльдерінің аймақтық конкурсы мен ақын Әбілхайыр Сыздықовтың 50 жас мерейтойы аясында «Айтысқа келді жас буын» атты аймақтық жас ақындар айтысы көпшілікті бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз.
Одан бөлек, Жаңақорған топырағында туып, талантымен талайды таңқалдырып жүрген өнер иесі, әнші-сазгер Сауранбек Елеуовтің 65 жас мерейтойына арналған «Жұлдызым» атты облыстық әншілер байқауы мен әнші-жыршы, күйші Құтбай Дүрбаев туғанына 115 жыл толуына орай облыстық жыршы-термешілер байқауы өтеді.
Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор Тәңірберген Қалауовтың туғанына 85 жыл толуына орай облыстық композиторлар конкурсы және Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиевтің 80 жас мерейтойына арналған облыстық оқушылар арасында ақындар айтысы жас таланттардың талабын шыңдайтыны айқын.
Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлділі, жырау, жыршы, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жырымен сусындатқан дүлдүлдер» атты облыстық жас жазба ақындар арасында жыр мүшайрасы таланттардың шығармашылығын шыңдауына ықпалы ететін болады.
Қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен дараланып, өшпес із қалдырған қарымды қаламгердің бірі – Сейсен Мұхтарұлы. Арда азамат арамызда болса, биыл жетпістің белесіне шығар еді. Ақындығымен қатар, өнер зерттеушісі рете танылған талант иесінің 75 жылдығына арналған «Сырлы әлем» атты суретшілер арасындағы облыстық байқау өткізу арқылы дара тұлғаны еске алу жоспарланып отыр.
Өнерлі өрендердің шығармашылығын шыңдап, жаңа есімдердің жарыққа шығуына жол ашатын дәстүрлі «Ақ көгершін» облыстық әншілер конкурсы дәстүрден жаңылмай, ауданның кішкентай өнерпаздары бақ сынайтын болады.
Қазақ ұлтына дарыған бірегей өнердің аспанына шарықтап, мәңгіге қадірі тарамайтын туындыларын туған елге тарту еткен Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл. Аты аңызға айналған біртуар анамыздың мұрасын қастерлеп, есімін аялау мақсатында «Күй анасы – Дина» облыстық күйшілер байқауы өтеді.
Ақын Абай күніне арналған «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасы мен айтыс өнерін дамыту, өркендету бағытында ауданның жасөспірім өнерпаздарын айтыс өнері жанрына баулу, жаңа есімдерді анықтау мақсатында «Айтыс батл» жас ақындар айтысын ұйымдастырылады.
Қысқасы, 2021 жылы өтетін рухани-мәдени шаралардың шеруі өте мазмұнды. Тек коронавирусты ертерек құрықтап, жаңақорғандықтар тәлімдік тағылымы терең рухани-мәдени іс-шараларды офлайн тамашалаудың сәті түссе...

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
29 қаңтар 2021 ж. 967 0