№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Дәстүрлі әннің жанашыры

Дәстүрлі әннің жанашыры

Жақында «Арман» кенттік мәдениет үйінде «Әлшекей» өнер мектебінің ұстазы Гүлжазира Кембилова мен шәкірті Айша Әлімбетқызы «Қолыма домбыра алып басатым перне» атты жеке шығармашылық кешін өткізді.
Шығармашылық кешті өнер мектебінің тәжірибелі ұстазы, сольфеджио домбыра сыныбының мұғалімі Айгүл Өтегенова жүргізді. Шара шымылдығын түрген «Әлшекей» өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбаев алғы сөзін арнады.
– Халқымызда «Сыр елі-жыр елі» деген аталы сөз бүкіл Сыр өңіріне берілген баға ретінде айтылады. Сұлу Сырдың сағасы ежелден-ақ сал, серінің, әнші-күйші, жыраулардың отаны болған. Өңірде Әлшекей Бектібайұлы, Құлан Алдабергенұлы, Манап ақын сынды тұлғалар өлкенің даңқын асырды. Бүгінгі таңда бұлардың ізбасары ретінде біздің өнер мектебінің ұстазы Гүлжазира Кембилованы айрықша атап өтуге болады. Қаншама жылдан бері шәкірт тәрбиелеп, ұлттық дәстүрді ұлықтап жүр. Шәкірті Айшаның да жетістігі бір төбе, – деді ол.
Расында, сан ғасырлық тарихы бар қазақ елі небір қатал сындардан өтсе де, халық рухының алтын діңгегі саналатын домбыра өнерін жоғалтпай, ұлттық, көркемдік сипатын сақтады. Оны дамытып, өркендетті. Қазір күмбірлеген домбыра үніне елітпейтін пенде жоқ.
Осы тұста, домбыраның құдыретін түсінетін жанның бірі – Гүлжазира Кембилова. Сегіз жасында қолына домбыра ұстаған өнерпаз 35 жылдан бері домбыраны жанына серік етіп келеді.
– Домбыра – дүлдүлдің дүбірін, Ұлы Дала Елінің рухын асқақтатады. Елдікке үндейді. Заманымызға Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Әлшекей және т.б кемеңгер күйшілер арқылы жеткен домбыра өнері, бұл – бүкіл әлемдік қазына, – дейді Гүлжазира Кембилова.
Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап Әлшекей атындағы өнер мектебінде Ғазиза Оразалиевадан дәріс алған Гүлжазира апай Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде күйшілік өнерді, сосын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жоғары білім алған. Шығармашылық кеш барысында Гүлжазира мен шәкірті Айша екеуі Әлшекей Бектібайұлының, Бәден Айсыновтың, Құлахмет Нәлтаевтың күйлерін шертіп, құлақ құрышын қандырды. Кеш иелеріне өнердегі әріптестері де дем беріп, дәстүрлі әннен шашу шашты. Мәдени шара соңында аудандық білім бөлімінен, кәсіподақ комитетінен, аудандық тәрбие орталығынан және «Ақ әжелер» ансамблінің өкілдер келіп, кеш иелеріне алғаусыз алғыстарын білдірді.
Өз кезегінде өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбаев, Айшаның және ұстазы Гүлжазираның керемет жетістіктерін айта келіп, Алғыс хат пен ұжымның домбыра бөлімінің сый-сияпатын табыстады. 
Самат ӘБДІШ

---
29 ақпан 2020 ж. 705 0