№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Мал бағу мәдениеті мандытпай тұр

Мал бағу мәдениеті мандытпай тұр


«Мал баққанға бітеді». Расында, осы аталы сөздің парқына мән беріп, қолындағы ірі қараның қам-қарекетіне терең бойлап жатқан ағайындар жоқ секілді. Таң атысымен ірілі-уақты малын қорадан шығарып қоя беретін кержауқаулардың ойсыздығынан көпшілік зәразап күй кешіп жүр.


Кенттің қай көшесіне түссеңіз де көретін көрініс бір. Жасыл желекті жапыра күйсеп тұрған мүйізді ірі қараның адамнан үркер түрі жоқ. Көше көгерсін деп еккен көшеттен тұқыл да қалмайды. Қайран еңбек еш кеткеніне кім болса да ашуға мінері сөзсіз.
–Көшедегі талдарымды отағаны аздай, есігімнің алдындағы көкөнісімді жапырып кетті. Құрғырдың иесі кім екен? Өзінің иманы бар ма? – деп күйінген көрші Бақытгүл апайымыздың ащы даусы айналаны жаңғырып өтті.
Кент әкімшілігіне түсетін шағымдардың да көбі осы тақылеттес. Қайтпек керек? Бұл туралы кент әкімінің орынбасары Серік Сейдуәлиевтен сұрағанымызда ол мал ұстау туралы заңдылықтың жиі бұзылатынын сөз етті.
–Қараусыз жүрген төрт түлікке әкімшілік айыппұл салу қарастырылады. Алайда, сол шарадан айылын жинап жатқан жұрт жоқ. Иесіз жүрген көптеген сиырларда таңбаланған сырғалар жоғы да істі ушықтырады. Мал алмас бұрын, қора-қопсы, жем-шөбін қамдап, әлеуетіне сай бақса дейміз, – деді.
Жол бойы жосып жүрген төрт аяқтының сұрауы бар ма? Мал иелерін тауып, осы сауалды қойғанымызда, жайылымдық жердің жоғын, мал падасы ұйымдастырылмайтынын алға тартады. Ашығын айтқанда, мал падасын ұйымдастыруда кемшін тұстар өте көп. Әр ірі қараға айына мың теңге көлемінде бағып беруге падашы да келісе бермейді. Мұның себебін ұзақ жылдар бойы бақташы болған Жансерік Бақбергенов: «Ірі қара бағу азапты жұмыс. Жазда ыстыққа, қыста суыққа төзуге тура келеді. Ұйыққа, дарияға, орға түсіп кетсе, шығынын кім төлейді? Осынша тауқыметті еңбекке кем дегенде айына 4 мың теңге төленсе де бейнет ақталар ма?», – дейді.
Соңғы жылдары малға берілетін субъсидия мен әлеуметтік көмек көлемінің артуы мал асыраушылардың қатарын арттырды. Кенттің өзінде 968 мүйізді ірі қара ресми тіркелген. Әр үйден жоқ дегенде екі сиыр бар десек, бір көшеде 100-ден аса мал басына жайылым керек. Оның ішінде қолындағы малын ауласынан ұзатпай ебін тауып, ағарғанын айырып отырғандар да бар. Көрші Түркістан облысында мал ұстау мәдениеті адам қызығарлық. «Біреуге пайдаң тимесе тимесін, тек зияның тимесін» деген ұстанымға берік секілді. Бір ғана мысал келтірсем, біреудің баптап отырған егініне ауыз салған малдың иесіне айтарлықтай шара көріледі. Егіншінің бір жылда табатын табысын өндіріп беретін болғандықтан, төрт түлігін көзден таса етпейді. Бұл тұсын бізде үлгі етсек қайтеді?
Қысқасы, біздің ауданда жөн-жосықсыз жүрген жануарларға қандай шара бар? Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев жауап беріп, қараусыз жүрген үй жануарларын қадағалау жұмыстарын күшейту керектігін айтты.
–Малдың қараусыз қалуы мал ұрлығын ұлғайтуға себеп. Сондықтан көше кезген кейбір үй жануарларын уақытша қамауға алу маңызды. Жыл басынан бері бірнеше аймақтан ірі қараларды құрықтап, иелерін тауып, ескерту жұмыстарын жүргіздік. Әрине, бұл көпшіліктің мал бағудағы мәдениетінің аса төмендігін меңзейді. Жергілікті әкімшілікпен бірлесе, ауқымды жұмыс атқаруды жоспарлаудамыз, – деді.
Сонымен, көше кезген үй жануарларына қандай мөлшерде айыппұл салынады? Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша 3-тен 10 АЕК дейін айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айқын көрсетілген. Жалпақ тілмен айтсақ, 8334 теңгеден бастап, 27780 теңге көлемінде айыппұл төлеуіңіз мүмкін.
Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан тақырыпқа байланысты жергілікті маслихат депутаттарының да өз айтары бар. Соның бірі Жәудір Әбдікәрімова тұрғындарды қабылдау кезінде жосықсыз жүрген ірі қараларға шара қолдану жөнінде көпшіліктен түскен өтініштің шешу жолдарын қарастырып, депутаттық сауал жолдауды қолға алыпты. Кенттің көркеюіне басты кедергі болып тұрған жағдайға көп болып ықпалды шара қолдану керек-ақ.
Ауданның бас имамы Әбдіқалық Нәметов мал бағуда шариғи шаралар жөнінде насихат жүргізу қажеттігін меңзеді. Яғни, мал бағушылар малының әрекеті үшін де күнәға батуы ықтимал. Малға тыйым жасау да имандылықтан басталатынын жеткізді. Малдың обал-сауабына қалмау үшін бір уақ шариғатты тыңдап, көптің нағлетіне қалмаудың тура жолын таңдау маңызды. Әлде, мал баққан деген осы екен деп, жүгенсіз жүре береміз бе?

Мақпал МАРҚАБАЙ
08 маусым 2021 ж. 975 0