№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Елді ойласаң, екпініңді теже!

Елді ойласаң, екпініңді теже!

Хош. Жолдың жөнделгені орынды. Десе де тақтайдай тегіс жолда жылдамдықты шамадан тыс асырып, көзсіз ерлікке баратындардың көбейгені жайлы тұрғындар жиі шағымданады. Әсіресе түнгі уақытта бір-бірімен жарыса жүйткитін «еркетотайларға» кім тосқауыл қоя алады? Тұрғындардың тәтті ұйқысын төрт бөліп, түн тыныштығын бұзатын тәртіпсіздіктерге қылар қайран жоқ па? Жиындарда ел ағалары жиі көтеретін осы тақырыптың жауабын білмекке жолға шықтық.
Хорасан ата мен Амангелді көшесін бойлап келеміз. Орталық көше бол­ғандықтан жылдамдықты асырмауға арналған жол кедергілері мектеп, базар, балабақша сынды адамдар көп жүретін жерлерге ережедегідей орналасыпты. Осындай белгілердің қажеттігін талап еткендердің қатарында кент тұрғыны Мадина Сансызбаева:
– Былтыр көшемізге асфальт төселіп қуанып қалдық. Басшыларға рахмет. Бірақ жылдамдығын шектен асырып құйындататын көліктер уайымдатып тұр. Сондықтан көшелерге жол кедергісін көптеп қою керек деп ойлаймын, – деді. Ойы орынды. Өйткені жол кедергісі көптеген жол апаттарының алдын алады.
Жасанды жол кедергісін қою қаншалықты дұрыс? Заң аясында шешілетін мәселені аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғани Тұрсекеевтен білдік.

– Жол кедергісін қою туралы мәселені көтеріп жүрген тұрғындарға айтарымыз, бұл мәселе біздің құзырымызда емес. Кент басшылығы мен арнайы жұмысшы топтың шешімімен ғана орнатылады. Мұндағы ең маңыздысы, жүргізушілердің сана сергектігінде жатыр. Былтырғы жылы 31 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, одан 42 адам жарақаттанып, 8 адам көз жұмған. Көлікті мас күйінде басқарып жүрген жүргізушілер жол ережесін сақтамайтыны былай тұрсын, ішіне бала-шағасын салып алып апатқа ұшырауда. Былтыр дәл осындай жағдай Көктөбе-Байкенже трассасында орын алған. Мас күйінде көлігіне бала-шағасын сықап алған жүргізуші жол үстінде апатқа ұшырап, бастауыш сынып оқитын қызы мерт болды.
Көлікті мас күйінде басқару жағдайлары жастарды қойып, дардай ақыл тоқтатқан кісілердің арасында кездесіп отырғаны қынжылтады. Кейбірі тіпті адам тасып, отбасын асырап отырса да, көлікті мас күйінде басқарып, 7 жылға куәлігінен айрылып қалып жатқан жағдайлар бар, – дейді.
Кент әкімінің міндетін атқарушы Серік Сейдуалиевтен осы сауал төңірегінде сұрағанымызда: – Жол кедергісі адамдар көп жүретін жерлерге және балалар қауіпсіздігі үшін білім ордалары мен балабақша тұсына ғана заң аясында қойылатынын ескеру қажет. Мұндай кедергілерді қоюдың заңдық тәртібін бұзуға болмайды. Өйткені, жолаушы тасымалымен айналысатын «хундай», «спринтер» және жаңа көліктердің көшелерге жол кедергісін көптеп қоюдан қалыпты қозғалысына кері әсер етіп, көліктің тез бұзылуына әкеліп соғатын жағдайы да бар. Көлік иелері заң орнына шағымданатын болса, жауап беретін боламыз, – деп егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Сонда қайтпек керек? Желмен жарыса желігіп, «жын қуғандай» жүйткитін көліктерге тосқауыл қоюдың қандай тәсілі бар? Сала басшысы жаяу жүргіншілердің де жолды бей-берекет кесіп өтуі тиылмай тұрғанын тілге тиек етті. Жаяу жүргіншілер ақ жолақты іздеп көше кезіп кетпесі тағы белгілі.
Өзіміз көрген жайт, көшеден өткелі жатқан екі баласын ерткен азаматшаны автокөлік қағып кетуге сәл қалды. Абырой болғанда, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік жүргізушісі тізгінді тартып үлгерді. Қайбір жылы Садықбек Сапарбеков көшесі бойында жүргізушінің жол ережесін сақтамауы себепті мектеп оқушысын көлік қағып кетіп, уыздай балапанды мұрттай ұшырды. Мұсаханов көшесі бойында құйындатып келіп, қағып кете жаздаған көлік қатерінен қорқып қалған балақан кеселді болып ол қалды. Мұндай жағдайлар тізбектей берсең көп. Сайып келгенде, жолдағы бұл мәселенің шешімі әркімнің сақтығына байланысты.
Аудан орталығында 40 мыңнан ас­там халық, 2031 көлік барын ескерсек, әрбір көлік жүргізушісіне сана мәдениеті жетіспейтін сияқты.
Қалай десек те адам тағдырымен астасып жатқан көше мәдениетін сақтап, жүргізуші жылдамдықты асырмай, жүргінші жолды кесіп өткенде сақтық шараларын сақтау арқылы ғана мұндай тәртіпсіздікке тосқауыл қоя аламыз, – деді кент әкімінің міндетін атқарушы Серік Сейдуалиев.
Расымен Б.Момышұлы атамыз айтқандай «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл ортақ ұстанымымыз болу керек. Әрбір азаматтың ішкі мәдениеті өспей, қоғам да дамымайды, қылмыс та азаймайды.
13 наурыз 2021 ж. 533 0