Гүлзарлар – кент келбеті
Қоғамдық орындарға барғанда, көшеде жүргенде журналистік көзбен өзгерістерді бағамдап жүретініміз шындық. Карантиндік режим жеңілдетілгені көшеге шығып, орталықтағы саябақтар мен арнайы орындарға бардық. Сонда байқағанымыз Жаңақорған кенті гүлденіп, ажарланып келеді.
Биыл «жасанды гүл» емес кәдімгі табиғи гүлдердің сан алуан түрі кенттің сәнін кіргізуде. Кенттің басты көшесі Хорасан ата көшесі бойында көз арбаған әсем гүлдердің сансыз түрін кезіктіруге болады. Мейман болып келушілердің де Жаңақорған жайында алғашқы ойы жақсы түйінделетіні сөзсіз. Көше бойлай жасыл желек пен көбелек қуалаған гүлдер кімнің де болсын көңілін сергітетіні рас. Оған қоса, кент орталығындағы ірі мекеме орындары, кәсіпкерлік субъектілердің ғимараттары да, мектептер мен балабақшалар да көркем келбетке кіруде. Орталық саябақ, Көкен батыр аллеясы және Жастар аллеясында гүл көшеттері отырғызылып, айрықша күтімге алынды. Сусебері де шешімін тауып, олардың қажетті мөлшерде су сіңіруіне, минералды тыңайтқышпен қоректенуіне жағдай жасалды. Осы іспетті қоғамдық орындарда көгалдандыру жұмысы жалғасып, Табиғат анаға қамқорлық танытуда. Бұл жөнінде Жаңақорған кент әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Сүлейменов:
– Көгалдандыру мен гүлдендіру күн тәртібінен түспейтін маңызды шара. Кенттің ажарынан-ақ даму деңгейіміз, әдебіміз бен мәдениетіміз көрініс табады. Осы себепті биыл жасанды емес, шынайы гүлдерді өсіріп, баптауды жөн көрдік, – деді.
Биылғы гүл егу ісіне 7,834 млн. теңге қаражат бөлінді. Осы қаражатқа орталық алаңда 8 гүлзар, кент әкімдігі алдында 3 гүлзар жасалып, Көкен батыр ескерткіші маңындағы аллеяға гүл отырғызылды. Орталық алаңдағы гүлзарға 870 түп раушан, 244 түп канн, 4554 түп барқыт гүлі жерсіндірілді. Гүлзарларды жағалай газон төселді. Гүл көшетін сатып алу, егу, баптау жұмысын «Батыржан» ЖШС-нің 10 жұмысшысы жауапты.
Кәсіпкер Олжас Пазылов: «Сәуір айынан бастап жұмысқа кірістік. Қаражат уақытында бөлініп, маусымдық жұмыс өз уақытында жүрді. Туған елге, жерге осындай қызмет ету азаматтық борыш. Кенттің гүлденген қалалар тізіміне енуіне тілекшіміз», – деді.
Кент алдындағы 3 гүлзарда тамаша кескінмен көрік беріп тұр. Осы маңнан өткендер әсем гүлзармен бірге суретке түсіп, селфилетуінен-ақ, көпшілік көңілінен шыққандай. Осы 3 гүлзарда раушан 224 түп, канн 32 түп, Барқыт 4100 түп бар. Әрбір гүлзарға суағарлар жасалып, суғару мәселесі шешілген.
Жеңіс паркінде 550 түп раушан, 32 түп канн, 150 түп барқыт сәнге-сән қосуда. Су құбыры тартылып, су себізгі қойылған. Бұл маңда да адам қарасы көбейіп, тамаша табиғат аясында серуендеуде. Соның ішінде, Азамат Қайыржан: «Біздің кент жыл сайын дамып, өсіп-өркендеуде. Кенттің шеткі аумақтарында жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысынан аңғарасыз. Көрікті жаңа ғимараттар мен әсем сквирлер кентке ажар қосуда. Бұл біз секілді жастарға тамаша тынығуға, серуендеуге мүмкіндік», – дейді.
Кенттегі және аудан төңірегіндегі гүлдер көшеті «7 кz» Сыр табиғаты» ЖШС-нің тұқымбағынан алынуда. Олар бізге қажетті гүл көшеттері, жеміс-жидек, декоративтік ағаш көшеттер ұсына алады. Алыстан арбаламай, өзіміздің кенттен көшет алуға мүмкіндік бар. Тек өз ауламызды көркейтейін деген ізгі ниет болса болғаны.
Көшетті кәсіпке айналдырып, халыққа сапалы өнім ұсынып отырған кәсіпкер Амантай Сарбасов: «Биыл 40000 түп гүл өсіріп, көбін кент орталықтарындағы мекемелерге ұсындым. Одан бөлек Шиелі, Қызылорда және Түркістан қалаларынан сұраныс болды», – дейді.
Мақпал МАРҚАБАЙ