№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ


Тазалық айлығы аяқталуға жақын. Өңір басшысының өкімімен елді мекендерде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру айлығы көктемнің алғашқы күнінен басталды. Бүгінгі күнге дейін алты рет сенбілік жұмысы жоспарлы жүргізілді. Сенбіліктерден елді мекендер тазарды ма? Оған тұрғындардың белсендігі қандай? Біз осыны білуге тырыстық.
Сенбілік сайын Хорасан ата, Амангелді, М.Көкенов көшесінде мемлекеттік қызметкерлер мен мектептің мұғалімдері сыпырғы ұстап, күрек арқалағанын көресіз. Жалпы, Жаңақорған кентінде 5 193 үй, 121 көше бар. Жауапты мамандардың сөзінше, әр аптада қырыққа жуық көше тазаланады. Мәселен, өткен аптаның сенбілігінде 65 мекемеден 489 адам жұмылдырылып, бордерларды әктеу жұмысы жүргізілді. Төрт техниканың көмегімен әк жеткізіп беру, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жүйелі іске асты.
Аудан бойынша атқарылған жұмыстарға тоқтала кетейік. Өткен аптаға дейін бес сенбілікке 199 мекемеден 6117 қызметкер, 42 техника жұмылдырылған. 79,15 шақырым арықтар мен аяқ су жолдары тазаланып, 557,5 текше метр қоқыс шығарылыпты.
Әрине, тазалық айлығының өтуі қажет-ақ. Алайда, осыған тұрғындар неге бей-жай қарайды? Мемлекеттік қызметкерлер осыны айтып қынжылады. «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі». Бұл ықылымнан ұлттың ұстанған қағидасы. Осы сөздің мән-мазмұнын жастардың бойына сіңіріп, тазалық – мәдениеттіліктің белгісі екенін ұқтырды. Алайда, табыс табуды бірінші кезекке қойған нарықтық қоғамда экологиялық тазалыққа мән беретіндер азайды. Жасыратыны жоқ, қоғамдық жұмысқа тартылған адамдар тазалайтын көшелер болмаса қалған көшелердің жағдайы мәз емес. Біз тұрғындарға кінә артудан аулақпыз, сонда да олардан қолдау болса артықтық етпейді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» десек, сенбілікке барлық тұрғындардың қатысуымен қатар шағын және орта бизнес өкілінің белсенді болуы әрбір жиында көтерілетін жайт. Екіншіден, ірі қараның көше кезіп жүретінін көріп жүрміз. Бұл үй жануарына бақылаудың аздығынан. Қараусыз мүйізді ірі қаралар қоқыс жәшіктерін шашуды жиілетті. Сондықтан, әрбір тұрғын сиырына иесі болғаны абзал.
Енді мына жайтқа назар салсақ, осыдан бір ай бұрын жоғарыда аталған кенттегі маңызды үш көше бойына орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің демеушілік жасауымен 500 түп көшет отырғызылды. Оның ішінде, қаратал, үйеңкі сынды сән ағашының түр-түрі кездеседі. Оған бақылау бар, дейтұрғанымен, әрбір тұрғын есік алдындағы отырғызылған сол ағашқа көз қиығын салып қойса жөн болар еді дейді мамандар. Сөздің астарын түсінген боларсыздар.
Естеріңізде болса, жыл соңында кентке қоқыс тастайтын сары жәшіктер келді. Олардың саны қырыққа жуық. Алайда, кейбір мекемелер оны өз ауласына кіргізіп алыпты. Ол жәшіктер кім үшін қызмет етеді? Тұрғындар тарапынан осы сауал жиіледі. Алдағы уақытта бұл сұраққа тиісті мамандар жауап беретін болар.
– Тазалық өзіміз үшін, өскелең ұрпақ үшін керек. Сондықтан, әрбір тұрғын белсенділік танытса болар еді. Шүкір, қазір бұрынғыдай емес, тәртіпсіздік тиылды. Дегенмен, тәртіпті қатаң ұстау керекпіз, – деді кент тұрғыны Медет Жансанов.
Осы орайда, әлемдік тәжірибеге сүйеніп көрейік. Мәселен, Жапония елінде «Сенiң жерiң – сенiң ұрпағыңның мәңгiлiк мекенi!» деген ұғым қалыптасқан. Соның нәтижесiнде балабақшадағы бүлдiршiн қағазды көшеге тастамауға тырысады. Олар келер ұрпаққа таза, жасыл мекен қалдырамыз деген ұранды ұстанады. Ал, Сингапурде бөтелкені қоқыс жәшігіне тастамағаныңыз үшін құны 500, темекі тұқылын тастағаныңыз үшін 1000 Сингапур доллары болатын айыппұл төлеуге тура келеді. Бұл жағдай қайталанса, айыппұл мөлшері көбейіп, соңы темір торға жетелейді. Алысқа бармай-ақ, көрші өзбек ағайындары әр үй өз есік алдын аптасына екі-үш рет сыпырып, тазалық жұмысын жүргізеді. Біз неге осындай қарапайым дүниелерді жасай алмаймыз деген сұрақ еріксіз мазалайды.
Түйіндей айтқанда, Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласы өткенді өшірмей, тарихты тірілтіп, келешекті жаңарту арқылы сананы ояту ғана емес, оның ішінде тазалық мәдениетін қалыптастыру да бар. Сондықтан, сана жаңармай тазалық мәдениеті қалыптаспайды. Осыны ұмытпаған жөн.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
17 сәуір 2018 ж. 1 932 0