№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Үздік атану – үкілі еңбектің жемісі

Үздік атану – үкілі еңбектің жемісі

Жер жүзін тітіретінкен эпидемиялогиялық ауыр ахуал мәдениет және спорт саласын айналып өтпегені белгілі. Осы орайда аудандық өнер ұжымына арнайы атбасын тіреп өңірдегі шығармашылық интеллигенциясының қазіргі таңдағы мақсат-мүддесі, бағыт-бағдары жөнінде білмек болып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Нұржанқызын әңгімеге тартқан едік.

– Еліміздің айнасы мәдениет пен өнер екені сөзсіз. Әлем халықтарын әбігерге салған індеттің салдарынан шығармашылық жұмыстардың да біраз тоқтап қалғаны белгілі. Дей тұрғанымен, сіз басқаратын ұжымның жұмысын жұртшылық әлеуметтік желі арқылы көріп отыр. Қиыннан қиыстырып, оңтайлы жол тауып отырған ұжымның жұмысы қалай?
– Мына індеттің салдарынан бізге жұмыс жасау қиындау болып отыр. Бұрынғыдай іс-шараларды жарқыратып, дүбірлетіп өткізе алмаймыз, шектеу қойылған. Дегенмен қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Былтырғы жылы 1375 шараны онлайн режимде өткізіп, 205 мыңның көлемінде көрермен қамтылды. Мәдениет саласындағы жұмыс жаңа сапаға ие болып келеді. Өйткені еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Біздің «Жаңақорған мәдениеті және өнері» деп аталатын арнайы парақшамыз бар. Онда күнделікті ақпараттар жаңартылып, тың дүниелер салып отыамыз. Бүгінде тоғыз мыңға жуық оқырманы бар. Демек, біздің күнделікті іс-шарамызды тоғыз мыңға жуық адам тамашалайды деген сөз. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезімімізді шыңдап, таптаурын қағидалардан арылмасақ көш басындағы елдермен тереземіз теңеліп, иық түйістіру мүмкін емес.
– Аудан мәдениет саласындағы серпілістер, мамандардың сапалық құрамы жөнінде не айтасыз?
– Ауданда 2 мәдениет үйі, 27 ауылдық клуб, 3 мәдени демалыс кешені, 9 халықтық өнер ұжымы, 31 кітапхана, 1 аудандық тарихи өлкетану музейі жұмыс жасайды. Қоғам тынысын алға апарып, бәсекелік қабілетін арттыруда зияткерлік ықпалы мол бұл мәдени нысандардың жұмысын замана талабына сай үйлестіруде ізденісті жұмыстар атқарылып келеді. Туған топырағымыздан түлеп ұшып, әдебиет пен мәдениеттің шыңын бағындырған шынарларымыз бүкіл елдің мақтанышы. Осындай тұлғалардың ұлтқа сіңірген еңбегін ұлықтауда атқарылған іс-шаралар көп. Нақтылап тоқталсам, жыл басынан бергі 5 айдың ішінде 344 өткізілсе, 275-і онлайн режимде, қалғаны карантин шараларын сақтай отырып офлайн өткіздік. Оған қоса аудан бойынша 123 үйірме жұмыс жасап тұр, оған 1283 мүше қамтылған. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – тербеткен Мәңгілік ел», «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты айтулы күндер жоғары деңгейде мерекеленді. Бұдан басқа да жер­гілікті ақын жазушыларымыздың шығар­машылығына арналған тақы­рыптық кештер өз көрермендерін тапты.
– Ауылдық округтердегі мәде­ниет үйінің жағдайы қалай? Жұмыстары қаншалықты жүріп жатыр?
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Шалқия ауылында мәдениет үйі салынып жатыр. Биыл халыққа қызмет көрсетеді деп отырмыз. Сонымен қатар, тозығы жеткен Түгіскен клубы мен Жаңарық ауылындағы клуб күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы да екі клубты күрделі жөндеуге қойып отырмыз. Ол Төменарық пен Әбдіғаппар ауылдары. Қолымыздан келгенше жұмыла күш салып жатырмыз. Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың сөзімен айтқанда, өнерін өлтіріп алған халық ел болып оңбайды, елінен айнып қалған жүрек – жүрек боп соғып жарытпайды. Екеуі бөлінбес бір бүтін, тұтас дүние деп есептеймін. Ендеше, жүрегіміз тоқтамасын. Ол үшін мәдениет саласын қолдап, жағдай жасау міндеті тұр. Түсіне білсек, сыншының салмақты ойы мәдениет саласының маңызын айқындап тұрғандай.
Біздің ауданымыздың әкімі Руслан Рүстемұлы мәдениет, өнер адамдарын жақсы түсінеді. Оларды қолдауды, дәріптеудің маңызын біледі. Оның дәлелі, ауылдық округтерді аралаған кезінде мәдениет ошақтарына арнайы соғып, мәдениет қызметкерлерінің жағдайын біліп, үнемі мәселелерін зерделеп отырады. Нәтижесінде клуб үйлерінің материалдық-техникалық базасын күшейтті. Біздің мәдениет үйі бір серпіліп қалды. Сахналық киімдер болсын, безендіру жағы болсын барлығы тегіс жаңартылды. Бұл шығармашылық адамдарына үлкен шабыт береді.
– Әлеуметтік желіден байқаймыз, мәдениет және өнер сайтының парақшасы өте жоғары деңгейде. Алға жылжу, оқырманға өзгеше дүниені көрсетуге басымдық берген. Бұған қатысты не айтасыз?
– Иә, заман ағымына қарай технологияның дамыған тұсында әлеуметтік желінің қарқыны өте жоғары. Көштен қалмай, өз деңгейінде алып жүруіміз керек. Айталық, «Жаңақорған мәдениеті мен өнері» парақшасында МДК меңгерушісі Кенже Әкімбаеваның «Ертегі аңыз әлемі», Мұхтар Дәрібаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында «Жастайынан тұлпарын баптайтұғын» атты айдары, Талап Тотаевтың «Хит.Топ.Шоу», Құралай Мұсахметованың «Өнерлі ұстаз-өнегелі шәкірт» айдары және «Қойын дәптер құпиясы», Кенже Әкімбаева мен Перизат Маденнің «Жаңалыққа жаны құмар» атты мектеп оқушылары арасындағы өнертапқыш балалардың туындыларымен тыныстырып отырады. Мәне, осылай күнделікті көрерменнің көзі тоятындай тың дүниелерді жасап жатыр шығармашылық ұжым.
– Жас жеткіншектердің өнерге қызығушылығы қаншалықты деңгейде? Үйірмелерге қатысып жүргендер көп пе?
– Мәдениет үйінің бүгінгі биігі осында тамшы терін төгіп жүрген қызметкерлерінің арқасы. Ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді. Қазір бізде 8 үйірме жұмыс жасайды. Шыны керек кез келген жас өнерлі келеді. Бірақ, олардың сахнада болсын, кез келген ортада болсын дұрыс сөйлеу алуы аса маңызды. Сондықтан көркем сөз үйірмесіне келушілердің қатары көп. Одан кейін кіші және үлкен топқа арналған драма үйірмесі мен құммен сурет салу үйірмесі бар. Құммен сурет салу үйірмесі аса қажет біз үшін, өйткені бұл үйірмеге келушілердің көбі денсаулығында кінәраты бар балалар. Олар құмға сурет салу арқылы өздерін дамытады. Жалпы біздің жұмыс осы үйірмеден көрінеді.
– Өнер адамдарына басшы болу қаншалықты қиын?
– Шығармашылық адамның жаны нәзік келеді деген рас. Олар еркіндікті қалайды. Дегенмен, жұмыс болғасын тәртіп керек. Оның барлығын бір ізге келтіру оңай болған жоқ. Алғаш жұмысқа орналасқанда маған әжептәуір ауыр болды. Мен әбден темірдей тәртіпке үйреніп қалғанмын. Дей тұрғанымен, бәрі бір ізге келді. Қазір ұжыммен өте жасы қарым-қатынастамыз. Әрбірінің өнерін құрметтеуге мүдделімін. Тәртіпті де бетімен жіберуге болмайды. Бірнеше жыл қатарынан облыста үздік мәдениет ордасы атануымыздың сыры біздің өнерпаздар үнемі ізденіп жүреді. Аудандағы, облыстағы шығармашылық ұжымдармен тәжірибе алмастырып, репертуарымызды байытуға мән береміз.
– 21-мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күні құтты болсын!
– Рахмет, ғасырлар бойы аудан халқымен бірге жасасып келе жатырған баға жетпес байлығымызды көздің қарашығындай сақтап, бүгінгi күнге жеткізген Әлшекей Бектiбайұлы, Құлан Алдабергенов, Манап Көкенов, Әмір Мәжитов, Бексұлтан Байкенжеев, Адырбек Сопыбеков сынды өнер саңлақтарының iзін басқан мәдениет және өнер қызметкерлері өз істерін адал атқарып, көрермендерінің көзайымына айналып келеді.
ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл мерекені 2013 жылы жариялаған болатын. Сегiз жылдық уақытты қамтыған мейрамды мәнді ететін мәдениет мамандарын тағы да төл мерекелерімен құттықтаймын! Өнер көгiнде қанат қағыстарыңыз талмасын! Шексіз, шетсіз шабыттарыңыз шалымды болсын! Ұлт сүйер ұрпақтарыңыз көп болсын! Өнер мен өмір – өзенде бағыттарыңыз айқын болсын! Сол ұстанған бағыттарыңызбен елді елдікке, ұлтты ұлылыққа жетелей берiңiздер дегім келеді!

– Сұхбатыңызға рақмет.

P.S:. Өнер – өміршең өлке. Талантты мен талаптыға ғана бұйырған қасиетті киені абыроймен көтере білу нағыз өнерлінің ғана қолынан келеді. Қорыта айтқанда, ел мәдениетінің асқақтауына сүбелі үлес қосып, елеулі еңбек етіп жүрген мәдениет мамандары қашанда құрмет пен мерейлі мадаққа лайық.

Әсел РЗАЕВА

22 мамыр 2021 ж. 521 0